Қоғам • 26 Тамыз, 2020

Тұтынушылардың құқы қаншалықты қорғалды?

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл жаһанды жайлаған пандемия жағдайында еліміздегі тұтынушы­лардың құқықтары қалай қорғалуда?

Тұтынушылардың құқы қаншалықты қорғалды?

Сауда және интеграция министр­лігінің Тұтынушылардың құ­қын қорғау комитеті мен оның аумақ­тық департаменттеріне алғашқы жартыжылдықта 5682 өтініш түскен екен. Ал былтыр бұл көрсеткіш  6 мыңнан астам болған. Биылғы өтініштердің ішінде жазбаша – 1874, жедел желіге – 2393, Telegram-бот арқылы – 670, министрдің блогына 64 тұтынушы өтініш жазса, аталған комитет төрағасының блогына – 180, ал жеке қабылдауларда 501 өтініш қаралған.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Әлихан Шәкеновтің ай­туын­ша, өтініштердің басым бөлігі бөлшек саудаға байланысты – 1637 өтініш, авиатасымалдар – 1568 шағым, көлік қызметі – 597, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы – 350 өтініш, тұрмыстық қызмет көрсету – 318, туристік қызметтер – 275, электрондық сауда – 156, қаржылық қызметтер – 78, қоғамдық тамақтану – 58, медициналық қызметтер – 48, байланыс қызметі – 45, басқалары – 552.

Азаматтардың өтініш беруінің негізгі себептеріне тоқталар болсақ, сауда орындарының тауар сатып алынған күннен бастап 14 күн ішінде оны айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартуы, тауардың сапасыздығы, қызметтердің/жұмыстардың сапасыз орындалуы (автокөлікті, техниканы жөндеу, жиһаз жасау бойынша сапасыз қызметтер), таңдаудың шектелуі (белгілі бір провайдердің интернетіне қосылуға мәжбүрлеу), алаяқтық.

2020 жылдың бірінші жартыжыл­дығында Тұтынушылардың құқық­тарын қорғау комитетінің аумақтық департаменттері жалпы сомасы  25 229 252 теңгені құрайтын (24 659 802 теңге – шетелде демалу үшін, 569 450 теңге ел ішінде дема­луға) көрсетілмеген туристік тур­лардың қаржысын қайтару бойын­ша келіп түскен 93 өтінішті қарады, оның ішінде 10 966 581 теңге тұтынушыларға қайтарылды. Сондай-ақ кейбір өтініштер бойынша тараптар сапар күнін ауыстыру туралы келісімге келді. Ең көп сұранысқа ие туристік бағыттар: Түркия, Мысыр, Еуроодақ елдері, ішкі туризм бойынша – Алматы және Түркістан облысы.

2020 жылдың 6 айында өткі­зілмеген іс-шараларға байланыс­ты жалпы сомасы 709 620 теңгені құрай­тын 23 шағым келіп түсті, оның ішінде 449 620 теңге қайтарылды. Билеттер Нұр-Сұлтан қаласындағы «Руки вверх» тобының, Л.Успенская­ның концерттеріне, Белгородтағы «Ха­лық шығармашылығы» фестивалі­не, «Астана Опера» театры­ның қойылымдарына және тағы да басқа іс-шараларға ticketon.kz сайты, Яндекс поштасы арқылы және концерт залдарының кассаларында сатылып алынған.

Мейрамханаларда, дәмхана­лар­да және тағы да басқа тамақ­тану орындарында әртүрлі отбасы­лық мерекелердің өткізілмеуіне байланысты 9 304 000 теңгеден астам қаражатты қайтару мәселесі бо­йынша 50 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 7 895 000 теңге қайтарылды, қалған өтініштер бойынша жұмыс жүргізілуде.

Айта кету керек, 2020 жылдың 6 айында әртүрлі сала бойынша тұтыну­шыларға жалпы 85 млн тең­геден астам қаражатты қайтаруға көмек көрсетілді, оның ішінде жаз­баша өтініштер бойынша – 42 820 370 теңге, жеке қабылдаулар қоры­тындысы бойынша – 18 710 994 теңге, жедел желіге түскен өтініштер бойынша 24 427 332 теңге тұтынушыларға қайтарылды.