Аймақтар • 26 Тамыз, 2020

Жетісуда жиын-терін науқаны қарқынды жүріп жатыр

383 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Жетісу алабында күн райы құбылмалы болды. Аймақтың жер емген жұрты жаңбырлы күндер мен аптап ыстыққа қарамастан алқаптағы жұмысты тоқтатқан жоқ. Тіпті, еліміздегі карантин шарасы да диқан мен шаруаның ісіне айтарлықтай кедергі болмады. Жанқиярлық еңбектің нәтижесінде қазір қырдағы егін орағы қызып тұр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жетісуда жиын-терін науқаны қарқынды жүріп жатыр

Жалпы, биыл Алматы облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 7 мың гектарға ұлғайып, 968,6 мың гектарды құраған болатын. Мәлім болған дерекке сәйкес, диқандар 263 мың гектарға егілген дәнді-масақты дақылдың 56 пайызын орып үлгерген. Алдын ала есептеу бойынша 438 мың тонна дәнді дақыл жиналып, гектарына шаққандағы орташа өнімділік 16,7 центнерді құрауда. Ал орылған астықты сыйымдылығы 771 мың тонна болатын 265 астық қоймасы қабылдап жатыр екен. Оның екеуі астық сақтау үшін арнайы лицензия алған, бұл қоймаларға 58,6 мың тонна астық сияды.

Сонымен қатар облыстың шаруа қожалықтары картоп дақылын жинауға да кірісті. Биыл орташа өнімділік 176,1 центнерді құрап отыр, бұл өткен жылға қарағанда сәл жоғары. Қазірге дейін картоп егілген 40,3 мың га алқаптың 8,6 мың гектары жиналып, одан 150,8 мың тонна өнім алынған. Мұнан бөлек, егілген қыстық және жаздық дақылдың 42,9 мың тоннасы орылып, қамбаға құйылды, өнімнің көлемі облысқа қажетті мөлшердің 54,1 пайызын құрайды.

Жалпы Жетісудың төл дақылы қант қызылщасы екені аян. Биыл 16,1 мың га алқапқа тәтті түбір тұқымы себілген болатын. Бұйырса, бұдан 500 мың тонна өнім алып, 48 мың тоннадан астам дайын қант шығару жоспарланған. Қазір облыс қызылша жинау науқанына толық дайын. Ақсу және Көксу қант зауыттары өнім қабылдауға кіріспек, ал қант қызылшасын қазу жұмысы қыркүйектің екінші жартысында басталады.

Егін орағының тоқтаусыз жүріп, өнімді дер кезінде жинап алу үшін облыс әкімідігі тарапынан барлық шара жасалуда. Науқан басталғанға дейін барлық техника жөнделіп, астық жинауға 1409 комбайн, 180 механикалық қырман, 260 астық тиегіш, 203 дән атқыш, 160 астық тазалау машиналары мен 249 автотаразы жұмысқа кіріскен екен. Ал өнім жинау науқанын дер кезінде аяқтау үшін Энергетика министрлігі бөлген 19,1 мың тонна дизельдік отын да кезең кезеңімен шаруашылықтарға жеткізілуде. Жиқандар да жеңілдетілген бағада берілетін жанармайға қарап отырмай, өз қаражаттарына қажетті өнімді сатып алуда. Бүгінге дейін 5 мың тонна жанар-жағармай алған екен.

Қырдағы еңбекшіл қауым қыстық мал азығын дайындауға да жанталасып жатыр. Қазірге дейін 2 млн тоннадан астам шөп және 983,7 мың тонна басқа да мал азығы жиналған. Бұл істің басы-қасында Қаратал ауданының шаруалары да жүр. Ауданда бүгінде 97 мың тонна жоңышқа жиналған. Жалпы мазығына қажет 109,5 мың тонна шөп жинау жоспарланған. Сондай-ақ, 42,3 мың тонна пішендеме, 29,5 мың тонна сабан, 13,5 мың тонна жемдік азық әзірленген.

– Бес гектар жерге өскен шөпті шауып, тайлап жатырмыз. Биыл қырда қуаңшылық болды. Жауын-шашын да аз түсті. Әзірге 1000 рулон шөп жинадық. Шабындықта әлі бас жүзге жуық рулон шығатын шөп жатыр. Өзімнің азын-аулақ малым бар. Ауылда 5-6 бас жылқы, 2-3 бас сиыр, 30 басқа жуық қой­ешкі ұстаймын. Артылған шөпті кеткен шығынды жабу үшін сатамын, - дейді Қаратал ауданыныдағы «К. Дүйсенбаева» шаруа қожалығының басқарушысы Жандос Гисанов.