Спорт • 26 Тамыз, 2020

Ауыр атлеттер онлайн турнирге қатысады

313 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

27-30 тамыз аралығында Өзбекстанның тәуелсіздік алғанына 29 жыл толуына орай ауыр атлетикадан айтулы мемлекеттің бас шаһары – Ташкентте халықаралық онлайн турнир ұйымдастырылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыр атлеттер онлайн турнирге қатысады

Әлемнің бірқатар белді зілтеміршілері қатысатын жарыста Қазақстанның қос өрені бақ сынайды. Олар – Зүлфия Чиншанло мен Ибрагим Берсанов. Бұл спортшылардың екеуінің де есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. 55 кило салмақта өнер көрсететін Чиншанлоның әлемнің үш дүркін чемпионы және Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері деген атағы бар. 2012 жылы ол Лондон Олимпиадасында алтыннан алқа тағынған еді. Алайда допинг дауына байланысты Зүлфия ғаламдық доданың бас жүлдесінен айырылды. Берсанов – ерлердің Азия чемпионаты мен жастар арасындағы әлем біріншілігінің жүлдегері. Ол 109 кило салмақта күш сынасады. 

– Әрине, жарыс жолына шығып, сан мың жанкүйердің көз алдында өнер көрсеткенге не жетсін! Бірақ күллі әлем жұртшылығын әбігерге салған коронавирустің кесірінен әзірге ондай мүмкіндік болмай тұр. Сол себепті де онлайн турнирлерге қатысуға мәжбүрміз. Десек те үнемі бабыңды байқап, өз мүмкіндігіңді шамалап көру үшін бұл да жаман емес. Олай болса, Ташкенттегі турнирде қос жерлесіміз ел сенімін ақтайды деп ойлаймын, – дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Бақыт Ахметов.