Ведомствоаралық комиссия елдегі оң жағдайды ескере келе, 31 тамыздан бастап бірқатар нысандардың қызметін қайта бастауға рұқсат берді. Атап айтқанда, діни объектілер, бассейндер, жаттығу залдары, спорт кешендері, мәдениет нысандары, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, қорықтар, резерваттар, сондай-ақ қала маңындағы жолаушылар пойыздары, электр пойыздары, қалааралық, облысішілік автобустар, шағын автобустардың қозғалысына рұқсат беріледі.
"Барлық нысандарға тиісті дайындық актілерін алғаннан кейін ғана жұмысқа кірісуге рұқсат беріледі. Өңірлердің әкімдіктері Денсаулық сақтау министрлігі, "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, қоғам белсенділерін тарта отырып, енгізілетін нысандардың барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтауын қамтамасыз етуі қажет", деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Ведомствоаралық комиссия шешіміне сәйкес 31 тамыздан бастап ҚМДБ-ға қарасты еліміздегі бірқатар мешіттер жекелеген намаз бен құлшылықтар үшін, санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылады. Айта кетейік, екі апта бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселеге байланысты құзыретті мекемелерге карантин талаптарын сақтай отырып, мешіттерді қайта ашу туралы ұсыныс берген болатын.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.