Инфографиканы жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «ЕQ»
ШОБ-ты қолдау бірінші орында
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сол себепті Президент:
– Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек. ...Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырамын. Заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер 2020 жылдан бастап күшіне енуі керек, – деген болатын.
Бүгін еліміздегі шағын және орта бизнестің жалпы саны 1,6 млн-нан асады. Үкімет 2050 жылға қарай экономикадағы ШОБ-тың үлесін 50%-ға дейін арттыру туралы стратегиялық міндетті алға қойып отыр.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сүйенсек, экономикадағы ШОБ-тың үлесі біртіндеп жоғарылап келеді. 2019 жылы ол 29,5 %-ды құрады. 2020 жылға межеленген міндет ІЖӨ-дегі үлесті 30%-ға дейін көтеру. 2025 жылға қарай 35%-ға дейін, ал 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу көзделген. Бұл дамыған елдердің деңгейіне сәйкес келеді.
Бір жыл ішінде кәсіпкерлікті дамыту үшін келесідей шаралар жүзеге асырылды. Біріншіден, бизнес ортаны дамыту мәселелері бойынша 100-ге жуық түзетуді көздейтін заңнамалық бастамалардың 7 топтамасы қабылданды. Соның нәтижесінде биыл Қазақстан әлемнің 190 елінің ішінде бизнес ахуал бойынша ең қолайлы ТОП-25 елдің қатарына қосылды.
Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша микро және шағын бизнес үшін салық төлеуге және оларға тексеру жүргізуге мораторий енгізілді. Жалпы 1,2 млн микро және шағын кәсіпкерлік субъектісі үш жылда салық бойынша 382 млрд теңгені үнемдейді.
Сондай-ақ мораторий нәтижесінде 3 жылдың ішінде 100 мыңға жуық тексеріс өткізілмейді. Бұл әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді және бизнесті жүргізу тұрақтылығына жәрдемдеседі.
Үшіншіден, тағы да Президент тапсырмасы бойынша әділдік презумпциясы қағидатын енгізу бойынша нормалар ұсынылады. Барлық реттелмеген даулы мәселелер бизнестің пайдасына қарай шешіледі.
Бизнес-қауымдастық алдында бақылау-қадағалау органдарының бірыңғай есеп беру күні енгізіледі. Мұндай есеп жыл сайын жүргізіледі.
Үкіметтің болжамы бойынша, жасалған мемлекеттік қолдау шаралары, заңнаманы және реттеушілік ортаны жақсарту алдағы 5 жылда шағын және орта бизнестің өсуіне ықпал етеді.
2025 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер саны 4 млн адамға дейін жетеді. ШОБ-тың өнім шығару көлемі 35 трлн теңгені құрайды, шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 35%-ға дейін артады. Бизнес жүргізу шарттарын жақсарту Қазақстанның Doing Business рейтингінде 20-орынға ие болуын қамтамасыз етеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі наурыз айында енгізілген төтенше жағдайға, сондай-ақ карантин режіміне байланысты кәсіпкерлер мен халықты қолдау аясында несие төлемдерін уақытша тоқтата тұру бойынша шаралар қабылдады. Кәсіпкерлердің несиелері бойынша төлемдерді 90 күнге – 16 наурыздан 15 маусымға дейін кейінге қалдыру тәртібін қабылдады. Осы кезеңде банктік қарыздары бар 12 мың кәсіпкерлік субъектісі жалпы сомасы 164,8 млрд теңгеге несие төлемдерін кейінге қалдырды (барлық қарыз алушылардың 42%-ы).
Карантин шілде айында жалғасуына байланысты кәсіпкерлерді қолдаудың қосымша шаралары қабылданды. Атап айтқанда, қызметі уақытша тоқтатылған кәсіпкерлер үшін төлемдерді кейінге қалдыру өтінімін қарау мен мақұлдаудың неғұрлым жеңілдетілген тәртібі енгізілді. 10 тамыздағы жағдай бойынша банктер 6 236 жуық өтінішті мақұлдады, оның ішінде 1 542-сі қайта қаржыландырылды және 4 694-ке жуық кәсіпкердің төлемдері 1 қазанға дейін кейінге қалдырылды.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының бюджеті 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Аталған бағдарлама аясында жылдық 6% мөлшерлеме бойынша несиелер беріледі. Сонымен қатар кәсіпкерлерге өте ыңғайлы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы жұмыс істейді.
Өнеркәсіп өндірісінде өрлеу бар
2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан біршама ілгерілеуге қол жеткізді. Қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ІЖӨ-нің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға жеткізуге, тіпті одан әрі жоғарылатуға болады деген болжам жасалды. Осы межені бағындыру үшін Мемлекет басшысы шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру туралы тапсырма жүктеді.
Президент тапсырмасына орай өңдеу өнеркәсібіне басымдық беру, еңбек өнімділігін арттыру Үкіметтің басым міндеттері ретінде белгіленген болатын. Биылғы қаңтар-шілде айларындағы деректерге көз жүгіртер болсақ, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,3 пайызға өсті. Әрине, бұл былтыр межеленген көрсеткіштен төмен екені түсінікті. Алайда әлемдік сипат алған экономикалық кері ахуалдар, атап айтқанда коронавирус пандемиясы Үкіметтің бірқатар жоспарына өзгерту енгізді деуге болады.
Пандемияға қарамастан, 12 өңірде өсімнің оң динамикасы сақталды. Өңдеу өнеркәсібіндегі түсті металлургия, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия және басқа да салалар есебінен 3,8 пайызға жетті. Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 3,6 пайызға артты. Машина жасау саласы жақсы нәтижеге қол жеткізіп, өндіріс көлемі 13,9 пайызға ұлғайды. Автокөлік құралдары, трейлер, жартылай тіркеме, электр жабдықтарын жасау алға басты. Фармацевтикада өндіріс 23,2 пайызға артты. Атап айтқанда, дәрілік заттар, қорғаныс жиынтықтары, медициналық қолғап, медициналық бетперде сынды уақыт талабына сай сұраныс артқан тауарларды өндіру біршама жолға қойылды.
Жеңіл өнеркәсіптегі өсім көлемі – 7,3 пайыз. Бұл негізінен тоқыма бұйымдар мен былғары өнімдердің үлесінен қол жеткізілген көрсеткіш. Көлік, транзиттік тасымал, құрылыс саласында да оң көрсеткіштер тіркелді.
«Ашық аспан» режімі іске қосылды
Жолдауда Қ.Тоқаев: «Елімізде азық-түлік пен киім-кешектен бастап, түрлі қызметтерге дейін бағаның жоғары екені жасырын емес. Мысалы, сұранысы жоғары бағдарлар бойынша негізгі әуе тасымалдаушы белгілейтін билеттердің құны неге сонша қымбат?! Оның бағасы Еуропаға қарағанда 30 пайызға артық. Біздің әуежайда көрсетілетін қызметтер құнының салыстырмалы түрде жоғары болуын қалай түсіндіруге болады?» дей келіп, соның салдарынан Қазақстан авиациясы халықаралық бәсекеге қабілеттілігінен айрылып, транзиттік әлеуеті төмендеп кеткенін тілге тиек еткен-ді.
Былтыр күздің басында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі билет бағасын арзандату шаралары қабылданатыны туралы хабарлады, ал 1 қарашадан бастап еліміздегі ең ірі деген 11 әуежайда «ашық аспан» режімі іске қосылды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында рейстердің санын шектеу алынып тасталды.
Қазақстандық тасымалдаушылар ұшпайтын бағыттар бойынша шетелдік компанияларға V дәрежелі «аспан еркіндігін» ұсыну қарастырылған «ашық аспан» режімі енгізілді. Шетелдік әуе компанияларының Қазақстандағы ірі қалаларға жасайтын маршруттарын кеңейте түсетін режім 3 жыл мерзімді қамтиды. Одан кейін де ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Соның нәтижесінде ұшу бағыттары мен оны жүзеге асыратын компаниялардың қатары көбейіп, отандық әуе тасымалы нарығында бәсекелестік күшейіп, билет бағасы да арзандауға тиіс.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің деректері бойынша Оманның авиациялық билігімен келіссөздер жүргізуінің нәтижесінде Salam Air авиакомпаниясы Маскаттан Алматыға дейін әуе дәлізін ашуды жоспарлауда. Қазақстандық Air Astana болса, биылдан бастап Жиддаға аптасына 3 рет қатынай бастамақ. SCAT авиакомпаниясы 30 қарашадан бастап Жидда мен Мәдинаға аптасына екі рейс орындайды.
Азаматтық авиация комитеті Азиядағы ірі лоукостер саналатын Малайзияның Air Asia компаниясымен, дүние жүзіндегі ең ірі әуе компанияларының бірі, сингапурлық Singapore Airlines-пен, Ресейдің «Уральские Авиалинии» компаниясымен келіссөздер жүргізді. Польшаның LOT компаниясымен келісім жасалып, ол биылдан бастап Варшавадан Нұр-Сұлтанға жасалатын рейс санын аптасына 7 мәртеге дейін арттыратын болды. Оған қоса LOT 2021 жылдан бастап Алматы бағытында рейс ашады. Қазақстандық бюджеттік тасымалдаушы Fly Arystan елордадан Мәскеуге күн сайын рейс орындайтынын да айта кету керек. Әрине, коронавирус пандемиясына байланысты ерте көктемнен бері халықаралық әуе рейстеріне түгелге жуық шектеулер қойылды. Шектеулер алынып тасталғаннан кейін бұл әуе қатынастарының барлығы қайта жанданады деп күтілуде.
«Ашық аспан» режімі еліміздің әуе тасымалы нарығына жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, сөйтіп бұл нарықта бәсекелестік орнатуға ықпал етуге тиіс. Жаңа халықаралық маршруттар ашылып, авиабилеттердің құны төмендеп, әуе көлігінің халыққа қолжетімділігін арттырады, сонымен қатар туризмнің дамуына оң ықпал етеді. Шетелдік компаниялардың Қазақстан әуежайлары арқылы басқа елдерге ұшуы еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтады деп күтілуде.
АӨК әлеуеті артты
Президент Жолдауында айтылғандай, «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 млн гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді».
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында суармалы жерлердің көлемін ұлғайту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда суармалы жерлердің көлемі 1 млн 546 мың гектарды құрайды, оның ішінде 210,4 мың гектар жер жаңбырлатып және тамшылатып суару сияқты ылғал үнемдегіш технологиялармен қамтылған, бұл өнімділікті бірнеше есе арттырады.
Заманауи суару жүйелерін енгізуді ынталандыру үшін ауыл шаруашылығы өндірушілеріне инфрақұрылым жүргізу мен суару жүйелерін сатып алуға жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі. Бұдан басқа, сыйақы мөлшерлемесі 10%-ға төмендетіледі.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы маңызды міндеттің бірі – ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу үлесін арттыру және қосылған құны барынша жоғары өнім өндіру, бұл туралы Президенттің өңделген өнім экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе ұлғайту жөніндегі тапсырмасы бар.
ҚазАгро холдингі былтыр жалпы сомасы 230,8 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жылыжай, көкөніс және астық сақтау орындарын салу, қарқынды бақтар отырғызу секілді бағыттар бойынша жаңа өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу жобаларын қаржыландырды. Мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру шеңберінде өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидиялар Субсидиялаудың бірыңғай қағидаларына біріктірілді. Өсімдік қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енгізілген басты жаңалықтардың бірі – субсидияларды күнтізбелік жыл шеңберінде емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицид сатып алған күннен бастап 12 ай ішінде алуға болатындығы.
Коронавирус пандемиясына байланысты қазіргі жағдай азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту басты мәселелердің бірі болғанын көрсетті. Қазір көптеген ел ішкі нарықты толықтыру мен импортты алмастыруға баса назар аудара отырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту стратегиясын қайта қарастыруда. Сұраныстың артқанын ескере отырып, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары алаңы 237,7 мың гектарға ұлғайтылып, 22,5 млн гектарға жетті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, тұқымдарды, пестицидтер мен тыңайтқыштарды субсидиялауға 11,4 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінді. Импорт алмастыру шеңберінде бақ отырғызу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ жабық топырақ алаңдарын кеңейту жалғастырылады.
Суармалы жерлердің көлемі 60 мың гектарға ұлғаймақ. Бұған қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға арналған инвестициялық субсидиялау нормативтерін 1 гектарға 500 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін ұлғайту шаралары ықпал епек.
Биыл мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі: тірідей салмақтағы ет бойынша 1,9 млн тоннадан 2,1 млн тоннаға дейін (7%); сүт бойынша 5,8 млн тоннадан 5,9 млн тоннаға дейін (2%); жұмыртқа бойынша 5,5 млрд данадан 5,6 млрд данаға дейін (1,6%) ұлғаятын болады. Жыл соңына дейін 88 мың тонна құс етін өндіретін 8 құс фабрикасы іске қосылады, бұл импорт үлесін 44%-дан 39%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
114 мың тонна шикі сүт өндіретін 25 өнеркәсіптік және 30 отбасылық тауарлық сүт фермасын салу жоспарланған. Ірі қара мал және ұсақ мал сатып алуға шағын фермерлік қожалықтар құру мен дамытуды қаржыландыру басталып кетті, яғни ет кластері үшін шикізат базасы дамытылады.
Биыл өсімдік шаруашылығындағы міндетті заңнамалық сақтандырудың күші жойылып, орнына агроөнеркәсіптік кешендегі ерікті сақтандыру жүйесі іске қосылғанын айта кетейік. Маусымда тиісті министрлік ерікті сақтандыру бойынша барлық заңға тәуелді актілерді қабылдады. Оператор ретінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры сақтандыру өнімдерін іске қосты, сол арқылы сақтандыру сыйақысының 50%-ын субсидиялау көзделген.
Сарапшы сөзі
Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
мемлекет қайраткері:
– Соңғы бір жыл ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған мәселелерді жүзеге асыру мақсатында елімізде қоғамдық бақылау мен азаматтық еркіндікті күшейтуге, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында биліктің есептілігін қамтамасыз етуге, қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге, Парламентте оппозицияның міндетті түрде болуын заңдастыруға бағытталған көптеген жұмыс атқарылды. Бұл Қазақстан қоғамын одан әрі демократияландыруға бағдар алғанымыздың жарқын көрінісі. Осылайша, былтырғы Жолдауда айтылған қоғамдық жаңғыруға қатысты тармақтардың барлығы толық іске асты.
Әлеуметтік-экономикалық саладағы атқарылған істер аз емес. Коронавирус пандемиясы Президент Жолдауында айтылған экономикалық бастамаларды жүзеге асыру барысына біршама түзетулер енгізді. Соның нәтижесінде елдің экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар бұрын-соңды болып көрмеген ауқымды сипатқа ие болды. Айталық, халықты қолдауға және бизнесті қорғауға бағытталған шаралар пакеті биыл 6 трлн теңгеден асып, ІЖӨ-нің 8,7 пайызын құрады. Ол, біріншіден, денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын нығайтуға, пандемияның таралуына қарсы жұмыстарға тікелей араласқан медицина қызметкерлерін материалдық ынталандыруға жұмсалды. Екіншіден, бизнес субъектілерінің, әсіресе шағын және орта бизнес нысандарының экономикалық белсенділігін қалпына келтіруге, жұмыссыздар қатарының көбейіп кетуіне жол бермеуге, сонымен қатар табыс көзінен айрылған азаматтарды әлеуметтік қолдауға бағытталды. 11,5 мың шағын және орта бизнес нысанына және 1,6 млн адамға кредиттік «демалыс» берілді. Бизнестің салық төлемдерін төлеу мерзімі шегерілді, 8 пайыздық жылдық мөлшерлемемен несие алуға жағдай жасалды. 4 жарым млн-ға тарта адамға екі ай көлемінде әлеуметтік төлемақы берілді, 1 млн 600 мыңға жуық адамның коммуналдық шығындары өтелді.
Тағы бір айта кетерлігі, шетелдік және отандық жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын теңелту үшін жүйелі жұмыстар қолға алынды. Шетелдік жұмыс күшін тарту процесін бақылау күшейтілді, жергілікті және шетелдік жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік қорғалуына қатысты айырмашылықтарды жоюға көңіл бөлінді. 2020 жылы шетелдік жұмыс күшіне квота 40 пайызға, яғни 49 мың адамнан 29 мыңға азайды. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде әр саладағы отандық еңбеккерлердің табысы көтерілді, еңбекақы төлеу мен әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты дискриминация бар ұжымдардағы шиеленіс деңгейі төмендеді.
Жалпы алғанда Президенттің экономикалық және әлеуметтік бағыттағы тапсырмалары жүзеге асты деуге негіз бар.