Саясат • 27 Тамыз, 2020

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмидің басшылығымен конституциялық бақылау органдарының Еуразиялық қауымдастығының отырысы өтті.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады

Оған Армения, Беларусь, Әзер­бай­жан, Қырғызстан, Моңғо­лия, Ресей, Тәжікстан және Өзбек­стан конституциялық әділет орган­дарының өкілдері, қонақ ретінде Конституциялық сот төре­лігі жөнін­дегі дүниежүзілік конферен­цияның Бас хатшысы Шнутс Дюрр мырза қатысты.

Іс-шараны ашқан Еуразиялық қауымдастық төрағасы Қ.Мәми осы отырыс алғаш рет онлайн режімде өтіп отырғанын айтты. Оған әлі де халықаралық сипаттағы үлкен қауіп төндіріп отырған COVID-19 корона­вирустық пандемиясы себеп болуда.

– Қауымдастық шеңберінде біздің конституциялық-құқықтық саясаттың өзекті мәселелері, соның ішінде қазіргі жаһандық сын-қатерге байланысты мәселелер бойынша тәжірибе және тәсілдер алмасуға мүмкіндігіміз бар. Бұл, әсіресе 30 тамызда атап өтіле­тін Қазақстан Республикасы Конс­ти­туциясының 25 жылдық мерейтойы жылында аса маңызды, – деді спикер.

Ұйым мүшелері құқықтық сала­дағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, жарғылық құжаттарды одан әрі жетілдіру мәселелерін, сондай-ақ Қауымдастықтың Конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияның алдағы 5-конгресіне қатысу мәселелерін талқылады. Тараптар Дүниежүзілік конгресс аясында Қауымдастық отырысын өткізу туралы шешім қабылдады.

Азиялық Конституциялық соттар мен ба­ла­ма институттар қауым­­дас­тығы және басқа да қауым­­дас­­тық­тармен ынтымақтастық мәсе­­ле­лері әңгімеге түйткіл болды. Өзара іс-қимылды күшейту үшін Азия­лық қауымдастықпен ынты­мақтас­тық туралы Меморан­думға қол қою ұсынылды.

Сонымен қатар делегация басшылары бір-бірін өз елдерінде болып жатқан іс-шаралар мен одан әрі ынтымақтастық жоспарлары туралы хабардар етті.

Қ.Мәми отырысқа қатысушы­ларға белсенді ұстанымы, ортақ міндет­терді шешуге дайын­дығы үшін ал­ғы­сын білдіріп, 27 тамызға белгі­ленген Қазақстан Республи­касы Конс­титуциясының 25 жыл­ды­­ғына арналған халықаралық бейне­­конференцияға (конгреске) шақырды.