Оқиға • 27 Тамыз, 2020

Бір күнде үш ақынның кітабы жарық көрді

589 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елдің рухын көтеріп, мәдени мәртебесін жоғарылатып, бүгінгідей аласапыран уақытта сеніміне серпін беретін бірден-бір күш әдебиет десек, әсіре сілтегендік болмас. Ән мен күй, өлең мен жыр өркениетті халқымыздың өне бойына өгей дүние емес, қарасөзге қанаттанып, табиғи өнер иесін көрсек талаптанып кететініміз содан шығар. Індет іргемізге із сала бастағанда, дәрігерлерге рух беріп, дәрменсіздікке салынбауға шақырған қаншама жыр жазылды, қаншама ән жарыққа шықты. Сайып келгенде, соның барлығы әдебиет арқылы елдің еңсесін көтеріп, үкілі үмітін үзбеуге үндеді.

Бір күнде үш ақынның кітабы жарық көрді

Сөзімізге тұздық болардай, күні кеше осындай игі жа­ңа­­лық­тың шетін естіп қуа­нып қал­ған жайымыз бар. Ол – Пав­лодар облысында үш бір­дей ақынның кітабы жарық көруі еді. Дәлірек айтсақ, Айбек Орал­ханның «Алты аңғар» атты алғашқы жыр жинағы мен Ал­пысбай Әбділұлының «Әріпті сот­тау» атты кітаптары Жазу­шы­­лар одағы Павлодар об­лыс­тық филиалының арнайы жобасы аясында және «Жо­март жүрек» сый­лығының иегері, өнер жанашыры Асылбек Туған­байдың қаржылай қолдау көрсетуімен жарық көрген.

«Бүгінгі жаңалық осы. Айбек пен Алпысбайдың көптен күткен алғашқы кітаптары жа­рыққа шықты. Кітаптарды шы­ға­руға демеушілік көрсеткен Асылбек Туғанбай ағамызға алғы­сымыз зор. Бұйырса, Ертіс-Баян өңі­рінің әдеби өмірінде таяу күн­дері тағы да бірқатар айтулы жаңа­лық болатындығын сүйін­шілей кеткім келеді. Ке­ре­­ку­де көркемсөздің сал­қар кө­­шіне ілескен талантты тұс­тас­та­рымыздың қатары кө­беюде. Бұл көзіқарақты оқыр­манды ерекше қуантады. Олардың ал­ды алғашқы жинақтарын шы­­ғарып та үлгерді. Осы бір үрдіс үздіксіз жалғасса, өңір­дің әдеби өмірі жандана түсері сөз­сіз», дейді ақын, Жазушы­лар одағы Павлодар облыстық филиа­лының директоры Жар­қынбек Амантай.

Ал үшінші кітаптың иесі –  ай­тыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев. Ол кітабына «Жердегі Аспан сөйлесе...» деп ат қойыпты. Ав­тор­­дың айтуынша, кітапқа ай­тыс­­тары мен өлеңдері енген.

1

1

1