Қазақстан • 28 Тамыз, 2020

Ядролық қарусыз әлемге жасалған нық қадам

785 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Сұм қарумен күресте дәл осы күннің даталы күн ретінде таңдалуы бекер емес. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша, еліміз үшін айтулы дата әлемдегі Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып жарияланды.

Ядролық қарусыз әлемге жасалған нық қадам

Семей полигоны 1949 жылы ашылғалы бері онда 500-ден астам ядролық сынақ жасалыпты. Атом бомбасы өңірдің экологиясын аяусыз бүлдірді. Тіпті сынақ салдарынан тұрғындардың денсаулығына, қоршаған орта мен жан-жануарларға тигізген зияны жетіп артылады. Жаппай қырып-жоятын қарудың кесапатын жете тү­сінген қоғам белсенділері 1989 жылы ядро­лық сынаққа қарсы қозғалысқа ұйыт­қы болды.

Атақты ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастамасымен құрылған қозғалыс халықаралық қоғамдастық назарын аударды. Қозғалыс КСРО-ға ғана емес, ядролық қарудың зардабын тартқан Жапонияда, мұхиттың арғы бетіндегі ядролық держава АҚШ-та кеңінен танылды. Осылайша әлемге әйгілі «Невада – Семей» қозғалысының іргетасы қаланды.

Билік тарапынан қолдау тапқан қозғалысқа шерушілермен қатар, 130 мыңдай шахтерлер тартылып, КСРО-да бұрын-соңды болып көрмеген дүмпу туғызды. Әскерилердің қарсылығы қанша мықты болса да халықтың талабы одан да зор шығып, сол жылы жоспарланған 18 жарылыс 7-ге дейін азайтылды. Қозғалыстың қуаты жыл санап арта берді.

Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың көрегендігін айта кеткен жөн. Қазақстанның Тұңғыш Президенті әскери ведомство басшыларының қарсылығына қарамастан, батыл позиция ұстанып, ха­лықтың талабын қолдайтынын анық аң­ғартты. Сөйтіп Қазақстан егемендігін жа­­риялап үлгермесе де, Нұрсұлтан Назар­баев 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядро­лық сынақ полигонын жабу туралы Жар­лыққа қол қойды.

Бұл тарихи құжат қазақ халқының ерік-жігерімен жүзеге асырылған маңызды қадам болды. Оның ядролық күрестегі маңызы да ерекше болғаны белгілі. Семей полигонын жабу арқылы Қазақстан шынайы егемендік пен тәуелсіздікке қарай шешуші қадам жасады. Өйткені Кеңес өкіметі жасаған ядролық сынақтар қырық жылдан астам уақыт бойы елімізді радиациямен улады. Кеңес Одағындағы ядролық сынақтардың үштен екісі елімізде жасалып келді. Полигон жұмысының салдарынан мыңдаған жергілікті тұрғын мен табиғатқа орасан зор нұқсан келді. Бір термоядролық бомба Жапониядағы Хиросимаға тасталған бомбадан 26 есе күшті болған. Радиоактивті қалдықтар 100 мыңдаған шаршы шақырымға таралды. Әлі күнге дейін ядролық сынақтардың зардаптарын сезініп келеміз.

Семей полигонында өткізілген сынақ­тардағы ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе асып түседі екен. Яғни сол атом бомбалары бір мезетте тас­талғанда 350 млн адамның өмірін жалмауға қауқарлы еді. Полигонның жабылғанына 30 жылға жуықтаса да, оның зардабын бүгінгі ұрпақ әлі де тартып келеді. Сарапшылардың пайымдауынша, оның зияны кемі 5-6 ұрпаққа кері әсерін тигізеді деген болжам жасайды.

Сондай-ақ 29 тамыз күллі Орталық Азияға ядролық қарудан азат аймақ мәртебесін берудің басталған күні саналады. 2006 жылғы қыркүйекте Орталық Азия басшылары өңірде «ядросыз аймақ» деп жариялаған Семей келісіміне қол қойды. Ал 2009 жылғы 30 қазанда Қазақстан тарапы БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні деп жариялауды ұсынды. Еліміздің бастамасы қолдау тауып, содан бері 29 тамыз – Ядро­лық сынақтарға қарсы іс-қимылдың ха­лықаралық күні ретінде атап өтіліп келеді.

Бұл ұсыныстың халықаралық қоғам­дас­тық тарапынан қолдау табуы шын мәнін­де еліміздің ядролық қаруды азайту, таратпау мәселесіне қатысты батыл бастамалар көтеруіне толық моральдық құқығы бар екенінің мойындалуын білдіреді әрі біздің әлемдік қауіпсіздікті сақтау бағы­тындағы қадамдарымыздың барша адам­заттың ізгі тілектерімен үндесетінін көрсетеді.

Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде қару-жарақ арсеналы жағынан әлемдегі төртінші ел саналғаны белгілі. Дегенмен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен еліміз ядролық қаруы­нан өз еркімен бас тартып, әлемдік анти­ядролық қозғалыстың жаһандық көшбас­шысына айналдық. КСРО-дан қалған ядролық арсеналдың мол мұрасынан Қазақ­станның өз еркімен бас тартуы халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.

Айта кетерлігі, әлемдегі ең қуатты са­нал­ған Семей ядролық полигонын жабу елі­мізге оңайға соққан жоқ. КСРО-ның же­ке­леген әскери лауазымды тұлғалары мен саяси элиталарының қарсылығына қара­мас­тан, Елбасының қазақ жеріндегі по­ли­гон­ды жабуы – нағыз ерлік. Кейбір елд­ер­дің жауап­сыз басшылары біздің Тұң­ғыш Президентімізді ядролық арсенал­ды сақ­тап қа­луға иландыруға тырысты. Деген­мен Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев мұн­дай қару­ды ие­лену түбегейлі қауіпсіз­дік­­тің кепілі емесін дер кезінде сезіне білді.

Жалпы, Қазақстанның ядролық қару қаупін азайту, оны қысқарту бағытындағы тəжірибесі Семей полигонының жабы­луымен тікелей байланысты. Мұны бі­ре­гей қадам, әлем тарихындағы ерекше оқиға десек қателеспейміз. Өйткені елі­міз­дің өзінің қо­лындағы өте қуатты ядро­лық қаруды ұс­тап тұруға мүмкіндігі, экономикалық әлеуеті жететініне қа­ра­мастан одан саналы түрде бас тартуы адамзат үшін айтулы оқиға еді.

Елбасы 2016 жылғы тамызда Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде: «КСРО күйрегеннен кейін, біз қуаты жөнінен əлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналға иелік етіп қалдық. Біздің территориямызда 104 құрлықаралық баллистикалық СС-18 («Сатана») зымырандары орналас­ты. Оларға 1400 ядролық оқтұмсық орна­тыл­ған болатын. Біздің аэродромдары­мызда 370 қанатты ядролық зы­мырандары бар 40 стратегиялық бомба­лаушы ТУ-95 МС ұшақтары болды. Бұл Франция­ның, Ұлыбританияның жəне Қытайдың ядролық күштерін қоса алғандағы əле­уеттен артық болатын. Семей полигонын­да ядролық қаруды өндіруге жəне жетіл­діруге дайын тұрған қуатты ғылыми-зерт­теу инфрақұрылымы қалды.

Бұған қоса, Қазақстан табиғи уран­ның əлемдік қорының төрттен бірін иелене отырып, оны байытудың толық цик­лы­на, ядролық отын, реакторлар мен қон­дырғылар өндірісіне иелік етті», деген болатын. Міне, жоғарыдағы деректерден сол кездерде Қазақстанның ядролық мемлекет мәртебесін сақтап қа­лу мүмкіндігінің мол болғанын көреміз. Бірақ біз ядролық қаруға ие ел болуды жөн көрмей, жасампаздық жолын таңдадық. Мұны ядролық қарудан бас тартудың қазақстандық тәжірибесі, үлгісі деп толық айта аламыз.

Осы орайда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін айта кеткен жөн. Елбасы АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит шеңберінде өз үндеуін жариялаған еді.

Бұл манифест Қазақстан басшысының Карнеги қорының штаб-пәтерінде АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлерімен өткен кездесуі кезінде жан-жақты тал­қыланған еді. Бүгінде манифесті ха­лық­аралық қоғамдастық, сондай-ақ, өз елі­міздің жұртшылығы да зор серпіліспен құп алып отыр.

Жауласқанды жарастыруды, керіскенді келістіруді, тірескенді татуластыруды темірқазық тұтқан манифест бірден жа­һан жұртының назарына ілініп, бейбітші­лік­ке бастайтын бағдар деп қабылдан­ды. Осының ізінше манифест БҰҰ Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік Ке­ңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болып, БҰҰ хатшылығының электронды жүйесіне орналастырылды. Құжатқа БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші сессиясы мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты ретінде А/70/818  және S/2016/317 тіркеу нөмірлері берілді. Сонымен қатар ол БҰҰ Бас Ассамблеясының бірінші комитетінің және БҰҰ Қарусыздану жө­ніндегі комиссиясының Quick First жүйесіне ресми құжат ретінде енді.

Айта кетерлігі, Қазақстан Парламенті де ядролық қаруды таратпау ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Мәселен, былтыр Сенаттың жалпы отырысында «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы» заңы қабылданды.

Бұл шарт бұрын тыйым салынбаған жаппай қырып-жою қаруларының соңғы түрі – ядролық қаруға заңды тұрғыда тыйым салатын тарихтағы алғашқы ха­лықаралық құжат. Ядролық қаруға заңды тұрғыда тыйым салу оны толық жоюдың алғашқы қадамы екені түсінікті.

Аталған құжат 2017 жылғы 20 қыр­күйектен бастап Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясында ұсы­нылған. Шартты БҰҰ-ға мүше 50 мемлекет ратификациялағаннан кейін күшіне енеді. Қазіргі таңда оған 70 ел қол қойды, 23 мемлекет ратификациялады. Шартты ратификациялау Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы бастамаларымен толықтай сәйкес келеді.

 

Нұржан НҰРСИПАТОВ,

Сенат депутаты