Әйгілі киножұлдыз Сильвестр Сталлоне Ресейдің Санкт-Петербург қаласына келіп, өзінің жеке суреттерін халық назарына ұсынды. Бұл туралы Lifenews.ru хабарлады.
Көрмеге актердің 30 шақты туындылары қойылды. Сыншылардың айтуынша, оның суреттері импрессионизм мен абстрактілі экспрессионизм бағытында салынған. «Өмірдің қиындықтары мен сынақтары бізді бұрынғыдан да қатайта түсетініне сенімдімін. Мен жан-дүниемді ақтару үшін, өзімді жаңа қырымнан тану үшін сурет сала бастадым», – деді Сильвестр Сталлоне көрменің ашылу салтанатында.
Кино арқылы үлкен танымалдыққа ие болған Сильвестр Сталлоне көркемсуретпен айналысуды көп жыл бұрын қолға алған көрінеді. Мысалы, көпшілікке танымал Рокки фильміндегі боксшының бейнесін актер алдымен майлы бояумен қағаз бетіне түсіріп, содан кейін ғана оны кино экранында сомдап шыққан екен.
Айдар Өрісбаев.