Сынақ полигонының «Балапан» алаңындағы 200 метр тереңдікке салынған жарылғыш зат тонналық тастардың өзін сегіз шақырымға дейін ұшырған. Көкке көтерілген шаң-тозаң бірнеше күнге дейін сейілмеген. Семейдің зеңгір көгін қараңғылық басқан. Түнгі аспан да радиацияның әсерінен қып-қызыл болып тұрған екен.
Халықтың басына қара бұлт төнген уақытта Кеңес өкіметі №7 «Халық шаруашылығы үшін ядролық жарылыстар» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанның шөлейт даласында жасанды көл жасадық» деп төрткүл дүниеге мақтанып жатқан-тұғын. Ал қарапайым халыққа ядролық жарылысты шаруашылық мақсатта жүргізіледі деп түсіндірген.
Ядролық жарылыс 1965 жылы 15 қаңтарда Семей полигонының негізгі су күретамыры – Шаған және Ащысу өзендерінің құйылысы орнында жүргізілді. Жарылыс орнында диаметрі 500 метр, тереңдігі 80-100 метр қазаншұңқыр пайда болған. Жоғары температураның әсерінен шұңқырдың түбіндегі гранит тастар еріп, шыныдай жылтырап жатқан. Арнаны құру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілген соң екі үлкен су қоймасы, атап айтқанда ішкі қазаншұңқырда және сыртқы Шаған, Ащысу өзендері алқаптарының суымен толтыру есебінен пайда болды. Сөйтіп, бұл халық арасында «Атомкөл» аталып кетті.
Жұмысшылар үшін Шағаннан шұңқырға дейін арна қазу оңайға соқпаған көрінеді. Құрылысшылар үшін қиыны қара жұмыс емес, сондағы радиация сәулесі болатын. Радиацияға қарап тұрған өкімет бар ма?! Олардың ойы – шұңқырды суға толтыру. «Ұрыста тұрыс жоқ» деп құрылысшылар іске кіріскен. Техникалардың кабинасы қорғасын пластиналармен қапталғанымен, жұмысшыларды зиянды сәулелерден қорғай алмайтын. Зиянның әсері сол, құрылысшылардың көбі қайтыс болды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» емес пе, аман қалғандар да жоқ емес. Көл төңірегінде жұмыс істегендердің бірі – Владимир Жиров.
– Радиация алаңында жұмыс істегенде жиырма үш-ақ жаста едім. Қақаған қыста комсомолдық тапсырманы орындау үшін жіберді. Темір «будкаларда» тұрдық. Суықтан шығар деп ойладым, мұрнымнан қан ағып, тамағым қарлығып, қатты ауырдым. Сөйтсем, радиацияның әсері екен ғой. Қарап отырсам, үш жүз жігіттің отыз шақтысы ғана тірі қалыппыз, – дейді В.Жиров.
Тарихи деректерге көз жүгіртсек, сол уақытта партия басшылығына тапсырманың сәтті орындалғаны туралы баяндамалар жолданып жатты. 1966 жылы «Известия» газетінде «жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары қолдан жасалған көлде шомылуда» деп жалған ақпарат та тарапты.
Түптеп келгенде кеңестік ғалымдар Қазақстан жерінде мұндай қырыққа жуық шұңқыр жасауды көздеген. Сондағы оқымыстылардың ойлары: «Азияның қуаңшылық аймағында осындай су резервуарларын көптеп салып, қар суын жинақтау. Шұңқыр түбіндегі еріген тастар жиналған судың сіңіп кетуіне жол бермейді. Сөйтіп, көлге мал сурауға болады» деген екен.
Жоба сәтсіз болғанымен кеңес ғалымдары жұмыстарын жалғастыра берді. Көлге жылдар бойы әртүрлі балықтар, жәндіктер жіберілді. Түбіне су өсімдіктері мен балдырлардың тұқымы шашылды. Өкінішке қарай олардың 90 пайызы ортаның қолайсыз жағдайына байланысты қырылып қалған. Тірі қалғандары мутацияға ұшырап кеткен. Сазандардың ұзындығы екі метрден асып, жыртқыш балыққа айналған. Шаяндар да өзгеріске ұшыраған.
Кейінгі жылдары жария болған құпия құжаттарға сенсек, «Шаған» жерасты сынағынан кейін 11 елді мекеннің аумағы радиоактивті ластануға ұшыраған. Ал халықаралық экологиялық тазалықты бақылаушы «Гринпис» ұйымы бұл жарылысты адамзатқа қарсы жасалған ең сорақы қылмыс деп бағалаған.
Сөйтіп, 1991 жылдың 29 тамызында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды.
«Семей ядролық полигонында термоядролық жарылыстың салдарынан пайда болған «атом көлі» жағасында тұрғаным есіме түседі. Қап-қара су айдыны мен төңкеріліп түскен жердің жансыз шомбал кесектері қиял-ғажайып көріністен аумайды. Сол арада мен дүниеміздің қаншалықты осал екенін мейлінше анық сезіндім. ХХ ғасырда бүкіл әлем осындай «төңкерілген» қазаншұңқырға айналуы мүмкін еді... Біздің халқымыз ядролық жанталаса қаруланудың барлық салдарын өз басынан өткерді. Сондықтан біздің дүниені ядролық өзін-өзі жою қаупінен құтқару жолында тынбастан əрекет етуге бүкіл адамзатты шақыратындай моральдық қақымыз бар», деп жазады Елбасы өзінің «G-global: ХХІ ғасыр әлемі» атты кітабында.
Қазіргі уақытта көл жағасында орналасқан елді мекендер жоқ. Айдынына үйрек-қаздар мүлдем қонбайды. Тек туристер ғана өтіп бара жатып тоқтайды, балығын аулап көрмек болады. Жалпы бүгінде көлде зиянды радиация бар ма? Адамдар үшін қауіпті ме? Бұл туралы мамандардан сұрап көрген едік.
– Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының мамандары жүргізген зерттеулердің деректері бойынша қазаншұңқырдың радиоактивті ластанған ернеуі адамдар мен жануарлар үшін қауіпті болып табылады. Мұнда ұзақ уақыт болу қайта сәулеленуге ұшыратуы мүмкін. Сондықтан қоршаулар мен арнайы көрсеткіштер орнату туралы мәселені қарастыру қажет. Ал судағы радионуклидтердің мөлшері нормативтік деңгейден аспайды, – дейді Ұлттық ядролық орталығы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Асан Айдарханов.
Иә, адамзатқа зауал төндірген аждаһа ныспылы жойқын қарудан арылу туралы бастама көтерген Қазақстанның жер-жаһанға ізгілік елшісі болып танылуы бекер емес. Халқымызға мұндай қасіреттер енді жуымасын.
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы