Парламент • 28 Тамыз, 2020

Жаңадан сайланған сенаторларға куәліктер мен төсбелгілер табысталды

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін 2020 жылғы 12 тамыздағы сайлауда сайланған ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын тіркеу мәселесі бойынша ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңадан сайланған сенаторларға куәліктер мен төсбелгілер табысталды

Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Парламент Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі науқанның соңғы отырысы Конституцияның 25 жылдығы – Тәуелсіз Қазақстанның Негізгі Заңы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.

Ортсайлауком мүшесі Серік Сыдықов «2020 жылғы 12 тамыздағы сайлауда сайланған ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын тіркеу туралы» баяндама жасады.

Ол "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен Парламенттің сайланған депутаттарын тіркеуді жүргізетінін хабарлады.

Осы орайда Ортсайлауком әрбір депутатқа белгіленген үлгідегі куәлік пен омырауға тағатын белгіні тапсырады. Осыған байланысты "2020 жылғы 12 тамыздағы сайлауда сайланған ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын тіркеу туралы" қаулы қабылданды.

Қаулы қабылданғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев тіркелген депутаттарға куәліктер мен төсбелгілерді табыс етті.

"Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 24-бабының 1-тармағына сәйкес, Парламент депутатының өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутаты ретінде тіркеген кезден басталады. Отырысқа Парламент Сенатының сайланған депутаттары, сенаторлар Кеңесінің мүшесі Қуаныш Айтаханов, сондай-ақ бейне конференция байланыс режимінде облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режимде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлаудың қорытындысы жарияланды.