29 Қазан, 2013

«Алтын жүрек» сыйлығы өз иелерін тапты

425 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде жылдан жылға алтын жүректі атымтай жомарт адамдардың қатары көбейіп келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады. Олар өз қалталарынан мыңдаған, миллиондаған қаржы жұмсап, жетім балаларды аялы қамқорлыққа алып, үмітсіз сырқаттарды шетелдік емханаларда емдетіп, мұқтаждарға көмектесіп, мектептер мен мешіттер, балалар үйлерін салуда. Осындай қайтарымсыз қайырымдылық Қазақстан қоғамы дамуындағы жақсы нышандарды танытады, бірте-бірте ізгілікті адами құндылықтардың алғы шепке шығып келе жатқанын көрсетеді. Сайып келгенде, осындай ізгі амалдар, игі істер елімізді өркендетуге, мемлекетімізді нығайтып көркейтуге септігін тигізері анық.

Елімізде жылдан жылға алтын жүректі атымтай жомарт адамдардың қатары көбейіп келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады. Олар өз қалталарынан мыңдаған, миллиондаған қаржы жұмсап, жетім балаларды аялы қамқорлыққа алып, үмітсіз сырқаттарды шетелдік емханаларда емдетіп, мұқтаждарға көмектесіп, мектептер мен мешіттер, балалар үйлерін салуда. Осындай қайтарымсыз қайырымдылық Қазақстан қоғамы дамуындағы жақсы нышандарды танытады, бірте-бірте ізгілікті адами құндылықтардың алғы шепке шығып келе жатқанын көрсетеді. Сайып келгенде, осындай ізгі амалдар, игі істер елімізді өркендетуге, мемлекетімізді нығайтып көркейтуге септігін тигізері анық.

Қайырымды жандар басқаларға жасаған дарқан жақсылықтары үшін алғыс-атақ, құр­мет-марапат дәметпейді. «Бір қолыңмен жасаған жақсылығыңды екінші қолың көрмесін» деген екен Раббымыз. Бірақ жақсының жақсылығын өзі айтпаса да, басқалардың айтқаны, жақсы үлгінің көпке шашылып паш етілгені ғанибет қой. Осы парасатты парызды мойнына жүктеген «Бауыржан» қоғамдық қоры биыл жетінші рет айналасына шарапаты мен шапағаты мол қайырымды жандардың есімдерін атады. Сөйтіп, оларға Абай атындағы акаде­мия­лық опера және балет театрында 11 аталым бойынша жыл сайынғы «Алтын жү­рек» ұлттық қоғамдық сыйлығы табыс етілді.

Міне, жандары сүйініп, мерейлері тасыған мәртебелі марапат иелері бірінен соң бірі сахна төріне, алқалы қауым алдына шақырылып жатыр. «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» номинациясы бойынша Талғар қаласындағы «Нұр» отбасылық балалар үйінің директоры Тұяқ Есқожина «Алтын жүрек» мүсіншесін бірінші болып алды. Биыл көктемде Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Тұяқ Қазкенқызының Елбасы қолынан «Бірлік» алтын медалін алғанын да білеміз. 16 жылдан бері 340 баланың анасы болған осынау абзал жанды алтын марапат тағы да лайығымен таңдап, дәл тапқанына қуанып отырдық.

«Алтын жүректің» бұдан кейінгі лау­реаттары қатарында білімді дамытуға қосқан үлесі үшін Қызылорда қаласынан «Нұрай» ЖШС, мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығына орай жеке кәсіпкер Ғалымбек Құнапияұлы, спортты қолдап дамытқаны үшін Ақмола облысы Зеренді ауданындағы «Алтынтау – Көкшетау» ЖШС, ардагерлерге көрсеткен көмегі үшін «Алматыгазсервис Холдинг» АҚ басқарма төрағасы және «ISKER Company» ЖШС активтерінің басқарушысы Болат Өмірәлиев, денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін «Амазонка» қоғамдық қорының директоры Анжелика Сарьян, Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін халықаралық фармацевтикалық Polpharma компаниялар тобындағы «Гербаполь Люблин» компаниясының президенті Ежи Старак марапатқа ие болды. Сондай-ақ, «АШК» ЖШС бас директоры Есімхан Жаңабаев жыл меценаты, «Астана» телеарнасының «Біз біргеміз» бағдарламасы ақпараттық қолдаушы, «ZHERSU» корпорациясы қадағалаушы кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов жыл қайырымгері, Алматы қаласындағы «Efes Kazakhstan» компаниясы жыл ұйымы атанып, «Алтын жүректің» лауреаттығын қанжығаларына байлады.

Салтанатты марапаттау кешінің жан жадыратар тамаша думан, тағылымды жиын болып өтуіне Жұлдыз Омарбекова бастаған ұйымдастырушылар да барын салыпты. Мерекелік шара ғибратты ақ тілектермен айшықталып, ән-күймен өрнектелді. Арнайы шақырылып, Саррей ағылшын графтығынан келген әлемге танымал жалғызқолды пианист Николас Маккарти өнер көрсетті. Майра Мұхамедқызы, Мәдина Сәдуақасова, Ақжол Мейірбеков сынды Қазақстан өнер жұлдыздары да алтын жүректі абзал жандарды әсем әндерімен аялап бақты. Ұйымдастырушылар алқасы осынау танымал жобаға жылма-жыл тұрақты ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатқан «Егемен Қазақстан» газетіне ілтипатты Алғыс хат арнауды да ұмытпапты.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы.

Суретте: «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаты Тұяқ Есқожина.

Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.

Соңғы жаңалықтар