Аймақтар • 28 Тамыз, 2020

Оралда ұшақ құлады

2158 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін, яғни 2020 жылғы 28 тамыз күні сағат 08.30-да Орал қаласы маңындағы "Казинско" бау-бақша бірлестігі аумағында қолдан жасалған бір адамдық ұшу аппараты құлап түсті, деп хабарлайды Egemen.kz

Оралда ұшақ құлады

Оқиға орнына Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы және полиция қызметкерлері жеткен. Бірақ, өкінішке қарай ұшқыш, яғни ұшақ иесі Павел Ерошенко жедел жәрдем жеткенге дейін қаза тапқаны белгілі болды.

- Апат болған жерге төтеншеліктердің 4 көлігі, 18 қызметкер барды. Ұшқыш сол жерде қаза тапқан. Басқа зардап шеккендер жоқ, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.

Марқұм Павел Ерошенко 1951 жылы туған, ол үш мың сағаттық ұшу өтілі бар тәжірибелі ұшқыш болған. Жақын туыстарының айтуынша, «Мечта» деп ат қойған осы ұшағын он жылдан бері өзі құрастырған екен. Өткен сенбі, 22 тамыз күні ұшағын әуеге тұңғыш рет көтеріп, алаңқайды айналып, аман-есен қонған көрінеді.

Павел Алексеевичті білетіндер сан қырлы, романтик адам еді деп еске алып жатыр. Ол өлең жазып, ән шығарған, жергілікті көркемөнерпаздар концерттеріне қатысып, өнер көрсетіп жүрген. Әлеуметтік желілерде Павел Ерошенконың өлеңдері, естелік жазбалары, ән айтқан видеожазбалары сақталған.