Қоғам • 28 Тамыз, 2020

Елордалық педиатр балаларды ЖРВИ мен пневмониядан қорғаудың жолын айтты

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қолды жиі жуу, бөлмелерді желдету және айналадағы заттарды дезинфекциялық құралдармен өңдеу инфекцияның алдын алуға көмектеседі, - деп хабарлайды Egemen.kz әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордалық педиатр балаларды ЖРВИ мен пневмониядан қорғаудың жолын айтты

Күзгі маусым қарсаңында № 1 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары, педиатр Динат Қожекенов Нұр-Сұлтан әкімдігінің Instagram парақшасында өткен тікелей эфирде ата-аналарға ұсыныстар айтты.

Ең алдымен, оның айтуынша, жеке гигиенаны сақтау керек.

"ЖРВИ маусымы кезінде ұстануға тиісті негізгі қағидалар бар. Ең алдымен, қолыңызды жиі жуып, бөлмелерді жиі желдету керек. Сондай-ақ, сіз тұрған, жұмыс істейтін немесе қол тигізген заттар жиі ерітінділермен өңделуі керек. Бөлмеде адамдар неғұрлым көп болса, соғұрлым жиі желдету керек", - деді Динат Қожекенов.

Иммунитетті сақтау үшін балалар мен ересектер жақсы тамақтанып, жаттығу жасап, денені шынықтыруы керек.

Егер балада ЖРВИ белгілері болса, онда оны өз бетінше емдемей, учаскелік дәрігердің кеңесімен ем жасау қажет. Балаларда иммунитет енді қалыптасып жатқандықтан, ауру қауіпті болуы мүмкін.

"Дәрігер ретінде ата-аналарға өз бетінше емдеуге кеңес бермеймін. Пневмонияны және ЖРВИ – ді емдеуде негізгі процедуралар бар, оларды үйде жасауға болады. Бұл бөлмені жиі желдету. Егер температура көтерілсе, температураны сумен сүртіп түсіріңіз. Баланы спиртпен сүрту қажет емес, өйткені жанама әсерлері болуы мүмкін. Сондықтан жай ғана қарапайым сумен сүртуге болады. Тері ылғалды болған кезде жылу алмасу жақсарады, яғни су буланып, бумен бірге дене қызуы да түседі. Әрине, сұйықтық көп ішу керек: морс, сорпа, су", - деп кеңес берді педиатр.

ЖРВИ - аурудың жалпыланған атауы. Оны әртүрлі вирустар тудыруы мүмкін. Жедел респираторлы вирустық инфекциялар ұзақ уақыт бойы заттарда немесе ауада сақталуы мүмкін, деді ол.

Пневмонияның қоздырғышы да әртүрлі болуы мүмкін. Оны вирустар, бактериялар және жасушаішілік микроорганизмдер қоздыруы мүмкін. Негізінен ауа тамшылары арқылы берілетін микроорганизмдер өкпенің қабынуына әкеледі. Көбінесе пневмония вирустық болып басталады, содан кейін бактериялыққа ұласуы мүмкін.