Нариман Төреғалиев "Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі Шаған өзені ағысындағы су көлемінің азаюына алып келеді. Ал Шаған өзенін бұру облыстың оңтүстік бөлігін сумен қамтамасыз ететін Жайық-Көшім ирригациялық жүйесінің негізгі көзі ретінде үлкен шаруашылық маңызға ие. Сондықтан Жайық өзеніндегі жағдайды өңірлік деңгейде емес, мемлекетаралық деңгейде шешу қажет", деп атап өтті.
Сонымен қатар, сенатор Жайық-Көшім ирригациялық жүйесінің құрамына кіретін Киров су қоймасын жаңғырту қажеттігіне назар аударды. Нариман Төреғалиев алдағы уақытта республикалық бюджеттен қаражат бөлу туралы мәселені көтеретініне сендірді.
Сондай-ақ, депутат 50 балабақшаны, 106 білім беру мекемесін, 22 медициналық ұйымды, 1 200 көп қабатты үйді және қаланың 3,5 мыңнан астам өзге де нысандарын сумен қамтамасыз ететін кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті. Депутатқа қалалық коллекторлардың күрделі жөндеу жұмыстары туралы да айтылды.
Сонымен қатар, сенатор мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы қызмет көрсету орталығында болды. Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысының Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін барлық тиісті жағдайлар жасау туралы айтылғанын еске салды. Орталық басшылығы психоневрологиялық патологиясы бар 18 жастан асқан 493 адамға қызмет көрсететінін хабарлады.