Аймақтар • 28 Тамыз, 2020

Ұрланған мал иелеріне қайтарылды

286 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Қызылордада мал ұрлығының тіркелуі былтырғы жылмен салыстырғанда 37,4 пайызға азайған. Өткен жылы осындай оқиға 230 рет рет тіркелсе, биыл 144 болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұрланған мал иелеріне қайтарылды

Полицейлер малдары жоғалған тұрғындардың кеш хабар беруі қылмыстың ашылуын кештете түсетінін айтып отыр. Дер кезінде хабарланса, жедел шаралар қабылданып,  ұрылар да аяғын тарта түсер еді.  

Жуырда Жалағаш ауданының тұрғыны Ақсу ауылының сыртында жайылымнан 2 қойының ұрланғандығы жөнінде полицияға шағым түсірді. Ауыл тұрғынына келтірілген шығын көлемі 80 мыңды құрады.

Көп ұзатпай ұры қолға түсті. Полицейлер тексеру барысында күдікті азаматтың жайылымдағы қойларды "Лада" маркалы автокөлігімен ұрлағандығын анықтады.

Қазіргі уақытта  Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Шиелі ауданының кезекші бөліміне Тәжібаев ауылының тұрғынынан 20 тамызға қараған түні "Бурхан" шаруа қожалығының мал ауласынан 4 қой ұрланғаны туралы арыз келіп түсті.

Осыдан кейін полиция дереу іздеу жұмыстарын бастады.  Жергілікті тұрғындардан сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, барлық дәлелдерді жинақтап, күдіктілерді анықтады. Олар сол ауылдың екі тұрғыны болып шықты.

Олар өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ұрланған қой иесіне қайтарылды.