Әлем • 31 Тамыз, 2020

АҚШ тағы дүрлікті

611 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Америка Құрама Штаттарында полиция қатігездігі мен нәсілшілдікке қарсы наразылық акциялары бірнеше күннен бері тоқтар емес. Осыдан бірнеше ай бұрын да АҚШ халқы құқық қорғау қызметкерлерінің озбырлығына қарсы шеруге шыққан-ды.

АҚШ тағы дүрлікті

Бұл жолғы оқиға былай бас­талды. Кеноша қаласының полиция департаментіне белгісіз әйелден шағым түседі. Содан полиция 23 тамызда оқиға орнына барып, түскен шағым не­гі­зінде Джейкоб Блейк деген аза­матты ұстауға талпынады. Әуелі оған «электрошокер» қол­д­анған. Бірақ онысы сәтсіз шы­ғып, Блейк полиция қолынан сы­ты­лып шығып, үш баласы отыр­ған көлігіне ұмтылған. Бле­йк көліктің есігін ашып міне берген кезде полицей артынан жеті рет оқ атқан. Ал куәгер­лер оқиғаны басқаша сипаттап отыр. Олардың айтуынша, Джейкоб көшеде төбелесіп жат­қан екі әйелді ажыратпақ болады. Полиция сол кезде келген. Со­дан кейін Кеноша қаласының по­ли­ция қызметкері Джейкоб Блейк есімді азаматты жеті рет атады.

Бұқаралық ақпарат құрал­дарында тараған мәліметке сү­йенсек, оқтың төртеуі Блейкке тиген. Қазір оның жағдайы ауыр.

Джейкобтың қара нәсілді болғаны жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Оқиғаның қалай өрбігенін сол маңда жүр­ген куәгерлер видеоға түсіріп, әлеу­меттік желіге жария­лап жі­берді. Осыдан кейін полиция­ның әрекетіне наразылар кө­шеге шығып, қаланы қирата бастаған. Көп ұзамай қалада коменданттық сағат жарияланды. Висконсин штатының губернаторы Тони Эверс төтенше жағдай жариялап, ұлттық гвардия жасағын көмекке шақырды.

Кейінірек Блейкті атқан полиция қызметкері Растин Шески екені анықталды. Ол құқық қорғау саласында жеті жыл жұмыс істеген. Көп ұзамай оқиғаға қатысы бар полиция қыз­меткерлері жұмысынан шет­тетілді. Дегенмен бұл амери­калықтарды сабырға шақыруға жеткіліксіз болып тұр.

Қара нәсілді азаматтың тағы да полиция қолынан зәбір көруі­не қарсылық акциясының соңы бейберекет тәртіпсіздікке ұлас­ты. Нәтижесінде кей бас­бұ­зар­­лар дүкендерді тонап, көлік­­терді өртеген. Бірақ бір топ адам қаланы тонаушылардан қор­ғауға шыққан. Олар 26 тамызда шерушілермен қақтығысып, оқиға салдарынан екі адам көз жұмды. Полиция не­гізгі күдікті ретінде 17 жас­тағы бозбаланы тұтқындады.

Полиция қызметкерлерінің әре­кетін АҚШ-тағы танымал тұлға­лар сынға алды. Мәселен, АҚШ президенттігінен үміт­кер Джо Байден полиция қызмет­керлері әрекеті үшін жауап беруі тиіс деп мәлімдеді. АҚШ вице-президенті Майк Пенс алдағы сайлауда Дональд Трамп жеңіске жетсе, нәсілшілдікпен күресуге барын салатынын жеткізді.

Наразылық акциясына спорт­шылар да қосылды. НФЛ мен МЛС лигалары наразылық ретін­­де бірқатар ойынды кейінге ше­­герді. Milwaukee Bucks коман­­дасы­ның баскетболшылары Orlan­do Magic командасына қар­сы ойынға қатысудан бас тартты.

Осыдан үш ай бұрын Мин­неа­полис қаласында Джордж Флойд есімді қара нәсілді аза­матты тұтқындау сәтінде өлтіріп алады. Әлеуметтік желілер­де Флойдты тұтқындау сәті бейнеленген видео тарады. Онда полиция қыз­меткері қара нәсілді азаматты қыл­қындырып, мойнын тізесімен басып отырғаны байқалады. Видеода Флойд бірнеше рет «Дем жетпей барады!» деп айқай­лап, «Мені өлтірмеңдерші» деп жалынғаны естіледі.

Флойдтың өлімінен кейін АҚШ-тың бірқатар қаласында шеру жалғасты. Лос-Анджелес, Чикаго, Денвер, Хьюстон, Луис­вилл, Феникс, Колумбус, Мемфис қалаларында да жаппай шеру болып, құқық қорғау қызметкерлері мен наразылар қақтығысты. Атлантада митингке шыққандар ғимараттарды қиратып, полиция көліктерін өртеді. Миннеаполисте бейбіт ми­тингтің соңы жаппай тонау мен өртеуге ұласты. Тіпті қаладағы полиция учаскесі де отқа оранды.

Сондай-ақ 2014 жылы Эрик Гарнер есімді қара нәсілді азамат та полиция қолынан қаза тапты. Ол кезде де құқық қорғау қызметкерлері қылқындыру әдісін қолданған. Кейіннен Э.Гарнер демікпемен ауырғаны анық­талды. Тамағын орап қыл­қындырғанда оған ауа жетпей тұншыққан. Дәл сол жылы Фергусон қаласында полиция 18 жастағы Майкл Браун есімді қара нәсілді бозбаланы атып өлтірді. Бұл екі оқиға да АҚШ-та қызу талқыланып, қоғам назарын аударған-ды.

Қазір елде жыл сайын поли­цияның қолынан қаза табатындар саны артып келеді. Бүгінде шамамен мыңға жуық тұрғын полицияның қолынан бақиға аттанатын көрінеді. Оның жартысы – ақ нәсілді, 26 пайызы қара нәсілді, 17 пайызы латынамерикалықтар. Бірақ АҚШ-тағы халықтың нәсілдік бөлінісін есепке алсақ, қара нәсілділердің жиі өлетіні анық аңғарылады.