Әлем • 31 Тамыз, 2020

Еуропалық одақ Беларусь шенділеріне қарсы санкция әзірлеуде

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуропа одағы сайлау нәтижесінің фалсификациясы мен наразылық­тарды күшпен тоқтатуға атсалысқаны үшін 20 бела­рустық шендіге қарсы санкция жариялау шешімін мақұлдады.

Тізімді Александр Лукашенко бастап тұр. «Біз тізімде кім болады, оның санына қатысты жалпы келісім дайындадық», деді Чехия Сыртқы істер министрі Томас Петричек Берлиндегі Еуроодақ сыртқы істер министрлерінің кездесуінде. Алайда техникалық себептермен тізім ең жылдам дегенде келесі аптада дайын болмақ.

Еуропалық одақ Беларусь шенділеріне қарсы санкция әзірлеуде

 

Журналистердің «Беларусь президенті де Еуро­паға келуіне тыйым салынатындардың қатарында бола ма?» деген сұрағына Т.Петричек «Лука­шенко да тізімде болуы керек», деп жауап берді.

Литва Сыртқы істер министрі Линас Линкеви­чиус те А.Лукашенко санкция тізімінде болуы керек деген пікірмен келісіп отыр. Алайда Беларусь президенті белгілі себептермен тізімге қосылмауы мүмкін деген де болжамын жасырмады.

Грекия мен Кипр елдері де Түркияға Жерорта теңізінің шығысында заңсыз энергия тасымалдағаны үшін санкция жариялау керек деген ойда. Нақты айтқанда, екі мемлекет Беларуске қарсы іс-қимылға қосылуға келісімін беруі үшін алдымен Еуро­одақ­тан Түркияға санкция салу мәселесін қарастыруды талап етіп отыр.

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин бейсенбіде Беларустегі жағдай шиеленісе түссе, көтерілісте күш қолданылса, полиция жіберуге дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен қазір ондай қажеттілік көріп тұрмағанын айтты. Ал Линас Линкевичиус болса бұл заңсыз болатынын, Ресейге де бұл мәселеге қатысты ескерту жасалуы керегін хабарлады.

Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба дипломатиялық әріптестікті біржола үзуге себеп көрмейтінін, алайда Еуропа одағының шеші­мінен кейін санкция жөнінде кеңесіп, шешім қабыл­дайтынын хабарлады. «Беларустегі жағдай тұрақталғанша серіктестік пен байланысты тоқтата тұру абзал» деген мәлімдеме жасады.