Тау көтерген Толағай, алып денелі Таусоғар туралы ертегілерді бала күннен оқып өстік қой. Соларға еліктедік те. Табанымызды жерге тіреп тұрып, біздің де ұшар басы бұлттан ары асатын құз-жартасты түп-тамырымен қопарып алғымыз келетін. Есейе келе әлгі Толағайымыз бен Таусоғарымыздың тек ертегідегі кейіпкер екенін түсініп, бала-қиялдан бас тарттық. Бас тартуын тартқанымызбен, қара күш иелеріне деген құрметіміз бір елі кеміген жоқ. Теледидарға телміріп, спорттық жарыстарды бақылаймыз. Тағы сол әдет...
...Тағы да «не бел кетеді, не белбеу кетеді». Әйтеуір, шаршы алаңға шығып бара жатқан ауыр атлетті көрсем, жүзінен үнемі осы ойды аңғарамын. Нартәуекел. Әне, магнезия ұнтағына қолын батырып, бойдағы қобалжуын терең тыныс алып тарқатып тұр. Міне, зілтемірді ырқына көндіргісі келгендей сығымдай ұстап, сәл аялдаған болды. Экранның бергі жағында демімізді ішке тартып, сілтідей тынып біз отырмыз. Ол болса мойын тамыры білеуленіп, бұлшық еті шиыршық атқан қалпы «әуп» деп бір ышқынды да, әлгі зілтемірді төбесінен асырып көтере салды. Сонда дейміз-ау, қарапайым көрермен ретінде біздің өзіміз бұлай қобалжысақ, төккен тері мен еткен еңбегі шәкіртінің бір сілке, болмаса бір жұлқа көтеруімен байланысқан жаттықтырушысы қалай қобалжыды десеңізші. Оны өмір бойы сезінбей өтетін шығармыз. Бір сезінсе оны жаттықтырушысы ғана сезінеді. Бір түсінсе оны Иван Снегуров қана түсінеді.
Кейіпкеріміз өмір жолын бірден жаттықтырушы болып бастаған жоқ. Қарағанды облысына қарасты Шахтинск қаласында кіндігі кесілген азамат Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетін Денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмамдап, 2002 жылдан бастап ауыр атлетикамен айналыса бастады. Көп күттірмей оң нәтижелерге қол жеткізіп, бірнеше мәрте облыстық, республикалық чемпионаттардың жеңімпазы, жүлдегері атанады. Осылайша ауыр атлетикамен шұғылдана бастағанына үш жыл өтер-өтпестен талапты спортшы «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын иеленді.
– Түсімде ылғи да Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп жатушы едім. Алайда Құдай маған өзге жол әзірлепті. Бірде халықаралық жарысқа дайындалып жатып, тіземді ауыр жарақаттап алдым. Соның кесірінен спорттық мансабымнан, армандарым мен мұраттарымнан бас тартуыма тура келді. Мен үшін бұл жарақат аса ауыр соққы болды. Қатты күйзелдім. Тауым шағылды. Оны құр тілмен айтып жеткізу де мүмкін емес. Осылайша алдымдағы бір «есік» жабылғанымен, мен ойламаған екінші «есік» ашылды. Жаттықтырушы болуға, өзім жете алмаған биікке шәкірттерімді жеткізуге бел будым, – дейді И.Снегуров.
Бұл жолға жас саңлақ 2009 жылы түсті. Алғашқы еңбек жолын Қазақстандағы кеншілер астанасы саналатын Қарағанды қаласындағы «Шахтер» стадионының ауыр атлетика залында бастады. Табан ет, маңдай терінің арқасында 5 – халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 10 – Қазақстан Республикасының спорт шеберін, 14 – спорт шеберіне үміткерді баптап шығарды. Шәкірттерінің арасында халықаралық, республикалық сайыстардың, Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, түрлі кубоктардың иегерлері бар. Тәжірибелі маманның осы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Екі жыл бұрын «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын алды.
– Өзімді ауыр атлетикаға кездейсоқ келген адам ретінде санамаймын. Себебі мен шахтер-зілтеміршілердің отбасында өскен адаммын. Атам Николай Снегуров бір кездері тәп-тәуір спортшы да, кейін тәжірибелі жаттықтырушы да бола білген еді. Атам жаттықтырған спортшылардың қатарында Олимпиада чемпионы, әлемнің рекорд орнатушысы Виктор Мазин де бар. Әкем де бүкіләлемдік ойындардың жүлдегерлерін тәрбиелей алды. Спорттық мансабымды тәмамдаған соң жаттықтырушы болам деп шешім қабылдауымның бір сыры – осы. Атам мен әкемнің жолын жалғағым келді. Спортшыны жаттықтырудың өзіндік әдіс-тәсілімді ойлап шығардым. Қытай, Болгария, Түркия елдерінде болып, тәжірибе жинақтадым, – дейді жас жаттықтырушы.
Оның айтуынша, атасы Николайдың тәсілін әу бастан өзінің жаттықтыру әдісінің өзегі етіп алыпты. Байқаса қателеспеген секілді. Бірте-бірте шәкірттері де нәтиже көрсете бастайды. Қолынан іс келетінін анық сезінген соң, Иван да қарап қалмайды. Бір емес, екі Олимпиада чемпионын тәрбиелеп, атасының бағындырған биігін асып түскісі келеді. Бірақ шәкірт тәрбиелеу дегеніңіз қайдан оңай болсын.
– Егер спортшы алдыма бала жастан келетін болса, тиісінше онымен барынша көп уақыт өткізуге тырысамын. Себебі талапты жастарға үнемі көңіл бөлу қажет. Спортқа, саламатты өмір салтын ұстануға баулимын. Оларды назардан тыс қалдыруға болмайды. Зілтемір көтеруден бұрын, адамгершілік қасиеттерге, мейірімділік пен сүйіспеншілікке тәрбиелеймін. Нағыз достықтың не екенін құлағына құюға тырысамын. Өйткені болашақ чемпиондар қара күштің де қадірін білуге тиіс. Оны оңды-солды жұмсай беруге болмайды. Әсіресе жаттығу алаңынан тыс жерде күш көрсетулерін қаламаймын. Өзіңе қалай жауап беретін болсаң, бойдағы қуат-күшіңе де солай сақтықпен қарау қажет. Жауапкершіліктің жүгі деген болады. Шәкірттерім соны ұғынса талай асуды бағындыратынына сенімдімін, – дейді қарағандылық азамат.
Бүгінде бір аймақтың алдыңғы қатарлы ауыр атлеттерін тәрбиелеп жүрген жоғары дәрежелі жаттықтырушы Қарағандыдағы облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде аға жаттықтырушы болып еңбек етеді. Қос бүлдіршіннің әкесі. Әйелі Нина – орыс, өзі неміс ұлтының өкілі. Алға қойған айқын мақсаты, тау қопарар талабы бар азаматтың қасында жеміс пен жеңіс үнемі қатар жүреді екен. Оған өткен жылы көз жеткіздік. Былтыр И.Снегуров республикалық «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды. Ол да күтпеген оқиға болыпты.
– Жобаға құжаттарымды облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Индира Рысбекова жіберді. Алғашында жеңімпаз атанамын деп ойлаған да жоқпын. Тіпті ұмытып та кетіппін. Бір күні ұялы телефоныма қоңырау шалып, ұйымдастырушылар тарапы менің жеңімпаз ретінде танылғанымды хабарлады. Қатты қуандым. Еңбегің еленіп жатса қалай қуанбайсың? Бірден Индира Рысбековаға хабарласып, алғысымды білдірдім. Себебі бұл жобаның берері мол екеніне сенімдімін. Әдетте жұрт жеңіске жеткен спортшыны ғана танып, оған тәлім-тәрбие берген жаттықтырушысын танымай жатады ғой. Оған қынжылып тұрған жоқпын. Айтайын дегенім, осы жоба арқылы жастар спортқа ұмтылып, жаттығу алаңына көптеп келсе екен, – дейді жоба жеңімпазы.
...Үміт – үзілмейді, күдік – сейілмейді. Жалпақ қара қайыс белдікпен белін буып, жарыс жолына шыққан қай спортшы болсын қобалжиды ғой. Қол дірілдейді, жүрек соғысынан жаңылады. Белі кете ме, жоқ әлгі жалпақ қара белбеуі кете ме деген алаңдаушылық осындай болса керек-ті. Тек тақым қысып тұрған тәжірибелі жаттықтырушы ғана белдің де, белбеудің де кетуіне жол бермейді. Шәкіртінің бар мүмкіндігін бес саусақтай біледі ол. Сенбесеңіз жүздеген жаттықтырушымен жүздесіп көріңіз. Болмаса, бір ғана Иван Снегуровпен тілдесіп көріңіз...