Спорт • 31 Тамыз, 2020

Шетел асқан спортшылар

1392 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

1976 жылдың жазы. Канаданың Монреаль қаласында ХХІ жазғы Олимпия ойындары дүркіреп тұрып өтіп жатты. 92 мемлекеттен келген алты мыңнан аса саңлақтар мен сайыпқырандар спорттың 21 түрі бойынша сайыс түсіп, жарыс көрігін қыздырып жатты. Сан миллион жанкүйер рекордтық көрсеткіштердің бірінен кейін бірі жаңарып жатқанын көріп, басқа да көптеген керемет көріністің куәсі болды. Дәл сол тұста суға секіруден КСРО құрама командасының мүшесі Сергей Немцановтың жоғалып кеткені жайында жайсыз хабар жер-жаһанды шарлап кетті.

Шетел асқан спортшылар

Бұл спортшы жайында біз бекер әңгімелеп отырған жоқпыз. Ол Ресейге қарасты Сахалин аралының тумасы болғанымен, жалындап тұрған жастық шағын Қазақстанда өткізді. Әжесімен бірге Алматыға қоныс аударған Сергей су спортын серік етіп, танымал бапкер Галина Михееваның қол астында жаттықты. 1973 жылы жергілікті спорт мектептерінің біріне қабылданған жас өрен өзінің дара талантымен бірден оқшауланды. Айналдырған екі жыл ішінде республикамыздың маңдайалды спортшысына айналып, халықаралық додаларда олжа салды. КСРО және Еуропа біріншіліктерінде жеңіс тұғырына кө­терілді. Осы нәтижелерінің арқа­сында 17 жастағы Сергей Немцанов Монреаль Олимпиадасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Үйеңкі жапырақтар елінде Сергей Немцанов сәтсіз өнер көр­сетті. Олимпиадаға бас жүлдеден бас­ты үміткерлердің бірі ретінде аттанған ол небәрі тоғызыншы орынды қанағат тұтты. Әрине, бұл көрсеткішке өзінің де, бапкер­лердің де, басқалардың да көңілі толмады. Олимпия ойындары аяқталған бетте КСРО мен АҚШ құрамалары арасында матчтық кездесу өтуге тиіс еді. Бірақ қатысушылар тізімінен айтулы спортшының аты-жөнін кездестіре алмадық. Сөйтсек, содан бірер күн бұрын ғана белгісіз жаққа шығып кеткен Немцанов Олимпиадалық қалашыққа сол күйі оралмады.

Кеңес Одағы билігі жайсыз оқиғаны жасыруға тырысқанымен, бұл жаңалық жер-жаһанға тез тарады. Шетелдік БАҚ өкілдері «Суға секіруден КСРО құрамасының мүшесі С.Немцанов өз командасы шоғырланған жерден қашып, Канада үкіметінен саяси баспана сұрады» деген хабарды жарыса таратты. Көпшілік аң-таң болды. Талай жанкүйер жағасын ұстады. Расында да, небәрі 17 жасында Олимпия ойындары секілді дүбірлі до­дада күш сынасу бақытына бө­лен­ген асқан дарын иесі неге аяқ асты­нан бүлінді? Көпке дейін осы сауал көпшіліктің көкейінде жүрді.

Сергей Немцановтың неліктен осындай қадамға барғаны жайында түрлі әңгіме айтылды. Солар­дың қайсысы шын, қайсысы өтірік еке­нін анықтау мүмкін болмады. Біріншісі, ол Олимпиада қар­саңында өткен жарыстардың бірін­де суға секіруден АҚШ құрамасы са­пында өнер көрсететін 21 жас­тағы Кэрол Линднер есімді арумен танысады. Ол алпауыт мемлекетте әйгілі дүкендер желісін басқарып отырған шіріген бір дөкейдің қызы екен. Соған ес-түссіз ғашық болған Сергей Кэролдың қасында қалғысы келеді. Яғни бозбала махаббат дертіне шалдығыпты-мыс.

Екіншісі, Олимпия ойындарында сәтсіздікке ұшырағаннан кейін делегация басшылары мен бапкерлер оны балағаттап, намысына тиетін ғайбат сөздер айтқан. Соған шыдамаған жас жігіт сары уайымға салынды. Қайғыға батып жүрген кезінде қапияда канадалық бапкерлермен жолығады. Олар Сергейді алдап-арбап, өздерімен бірге қаланың бір шеткері жеріне ертіп әкетеді. Сол жақта ішімдікке тойдырып, мас қылады. Ертесіне теледидар арқылы жоғарыдағы хабарды таратады. Содан пысықайлар: «Егер КСРО-ға оралсаң, құрисың. Коммунистер сатқындарды кешір­мейді. Канадада қалсаң, тұрмысың жақсарады. Еш алаңсыз даярлану үшін барлық жағдай жасаймыз» деп уәдені үйіп-төкті. Амалы таусылған спортшы өз келі­сімін берген көрінеді. Бірақ халық­аралық талап бойынша саяси бас­пана 18 жастан асқан азаматтарға ғана беріледі. Ал ол кезде Сергей кәмелет жасқа толмаған еді. Сол себепті заң талаптарын орындауға мәжбүр болған Канада үкіметі Немцановты қайта Кеңес Одағына қайтарды.

Монреальдағы келеңсіз оқиға Сергейдің спорттық карьерасына кері әсерін тигізбей қоймады. Елге оралғаннан кейін ол біраз қағажу көрді. Бапкері екеуі шетелде өтетін жарыстардан шеттетілді. Соған қарамастан Немцанов жатпай-тұрмай даярланып, 1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған Олимпия ойындарының жолдамасына иелік етті. Бірақ айтулы жарыста жолы болмаған ол жетінші орында қалып қойды.

1982 жылы Сергей Немцанов Қарулы күштер қатарына шақы­рылды. Отан алдындағы азаматтық борышын ол Семей қаласының маңында өтеді. Екі жылдан кейін Алматыға оралып, спорттық мансабын қайта жалғастыруға талпынды. Бірақ бұрынғы бабына қайта келу мүмкін болмады. Көлеңкеде қалып қойған жас жігіттің жүйкесі жұқарып, ішімдікке салынады. Нәтижесінде өзі азып-тозып, отбасы ойран болады. Ақырында Сергей мәжбүрлі түрде емделу мекемесінен бір-ақ шығады.

Уақыт оза Немцанов жаңа өмірге қайта бейімделе бастады. Ішімдіктен бойын аулақ ұстап, өз тірлігін бастады. Үйленіп, ұлды болды. Алматыда көлік жөндеу шеберханасын ашып, тұрмысы түзелді. Кейіннен өзі армандаған АҚШ-қа қоныс аударды. Кейбір дерек көздеріне сенсек, 61 жастағы Сергей Васильевич бұл күндері Атланта қаласында тұрып жатқан көрінеді. Сол жақта ол өзінің жеке шаруасын жалғастыруда...

Жалпы, кезінде КСРО-ны тас­тап, шетелге қашқандар арасында атақты спортшылар Сергей Нем­цановпен ғана шектеліп қалмайды. 1965 жылы Батуми қаласына қыдырып келген 26 жастағы атақты бессайысшы Владимир Комиссаров Қара теңізге сүңгиді де, Анадолы елі жағалауынан бір-ақ шығады. Сегіз сағатта ол 25 шақырымды жүзіп өтеді. Түркияда төрт-бес айдай тұрақтайды да, әрі қарай Америкаға аттанады.

Владимир әуелде жүзумен айналысқан екен. Кейіннен қазіргі бессайыс үйрмесіне ауысып, бар-жоғы бір жыл ішінде Одаққа танылады. Өзінің айшықты өнері мен елеулі табысының арқасында КСРО құрамасына қабылданып, бірқатар шет мемлекеттерді аралады. Ол жақтағы өмір Комиссаровқа қатты ұнады. Содан танымал спортшы қалай да шекара асып, дамыған елдердің біріне қоныс аударуды көздейді. Өз жоспарын жүзге асыру үшін Комиссаров бақандай бес жылын сарп етеді. Ақыры көздеген мақсатына қол жеткізіп, Америкадан бір-ақ шығады.

1976 жылы өткен турнирге қа­тысу үшін Амстердамға аттанған КСРО-ның төрт және Еуропаның бес дүркін чемпионы, шахматшылар Олимпиадасының алты мәрте жеңімпазы, әлем чемпионы атағынан үміткер Виктор Корчной елге оралудан бас тартып, аталған мемлекеттен саяси баспана сұрайды. Голландия билігі оның бұл өтінішін орындай алмады. Есе­сіне құнды кадрларды бағалай біле­тін Швейцария жұртшылығы Корч­нойды құшақ жая қарсы алды.

Әйгілі шахматышының бұл әрекетін сынға алған өткір мақа­ла­лар газет беттерінде жариялана бастады. Журналистер оны КСРО-ның құндылықтарын бағалай алмаған азғын ретінде көрсетуге ты­рысты. Күллі кеңес қоғамы Виктор Корчнойдан теріс айналды. Айтулы азаматтың әйелі мен баласы да азапты молынан тартты. Олардың шет мемлекеттерге шығуына шектеу қойылды.

Тағы бір айта кетерлік жайт, 1972 жылы Виктор Корчной «Лен­­фильм» киностудиясында түсіріл­ген «Гроссмейстер» көркем фильмінде басты кейіпкер – шахматшы Сергей Хлебниковтің жеке бапке­рінің бейнесін сомдайды. Бұл туын­ды сәтті шығып, бірқатар фести­вальдар мен конкурста ол түрлі сый­лықтарға ие болды. Ал Корч­ной шетелге кеткеннен кейін бұл фильм прокаттан алынып тастал­ды.

Кезінде өз сұхбаттарының бірін­де Виктор Львович: «Мил­лион­даған адамдар мені үнемі КСРО-ның келмеске кеткенін қа­лап жүрген диссидент деп есеп­тейді. Бірақ еш олай емес. Барлығы тек шахматқа байланысты. Спорт­тық карьерама қауіп төнгеннен кейін Кеңес Одағынан кетуге мәж­бүр болдым. Себебі ол жақтағы шенеуніктер менің шахмат өнері­нің ұшар шыңына шығуыма кедергі келтірді», деп тіл қатты.

1979 жылы мәнерлеп сырға­­наудың хас шеберлері – Люд­ми­ла Белоусова мен Олег Прото­по­­пов Швейцарияда қалып қой­ды. Айтулы жұптың Олимпия ойын­­дарының екі және әлем чем­пио­нат­­тарының төрт дүркін жеңім­пазы деген атақтары бар. Ком­му­нис­­тік партияның басшылары «Қай­тыңдар» деп қанша үгіт­те­генімен, олар райынан қайт­пады. Ұзақ уа­қыт бойы атақты спорт­шылар үрейде өмір сүрді. «Қорық­қан­ға қос көрінеді» демекші, Кеңес Одағы тарағаннан кейін де Люд­мила мен Олег біраз уақыт Мәскеуге баруға жүрек­сінді. Тек 2003 жылы сол кездері Ресей спор­тын басқарған Вячес­лав Фети­совтан арнайы шақыр­ту алған­нан кейін ғана олардың туған жер­леріне табандары тиді. Жұлдызды жұп Альпі тауы ете­гінде ұзақ әрі бақытты ғұмыр кешті. Л.Белоусова осыдан үш жыл бұрын 82 жасқа қараған ша­ғында қайтыс болса, 88 жастағы О.Протопопов қазір Гриндель­вальд қаласында тұрып жатыр.

Өзінің бір сұхбатында күдік пен үміт арпалысқан сол бір кезді Людимила Белоусова былай деп сипаттаған еді: «КСРО-ға орал­майтынымызды жария еткені­мізде, жергілікті полицейлер төл­құжатымызды алып, бізді әрлі-берлі сенделтті. Біресе ана қонақ үй, біресе басқа отель. Тек сая­си баспана берілгеннен кейін ғана жағдайымыз тұрақталды. Сол мезеттен бастап, көптеген ұсы­ныстар түсе бастады. Бізді баспа­на­мен де, еш алаңсыз жаттығу жа­сауымызға қажетті мұз айды­ны­мен де қамтамасыз етті. Күн­­делікті түрлі ұйым мен аза­мат­­тар­дан «Жарайсыңдар! Дұ­рыс істе­­діңіздер!» деген сипатта жа­зыл­ған құт­тықтау хаттар толассыз келіп жатты». 

Кеңес Одағының уығы шайқала бастаған тұста қашқындар қатары күрт көбейді. 1989 жылы ел-жұрт­ты дүрліктірген екі бірдей оқиға есімізде. Біріншісі, 15 жаста­ғы аса дарынды шахматшы, жас­өспірімдер арасындағы КСРО чемпионы Гатаулла Сабировтің әкесі Рустеммен бірге Нью-Йорк­тегі турнирге барып, сол жақта қа­лып қойғаны. Кейіннен ол аты-жөнін Гата Камский (суретте) деп өзгертті. Өзінің спорттық өмір­баянында айтулы азамат АҚШ-тың бірнеше дүркін чемпионы, әлемнің вице-чемпионы, әлем кубогының иегері атанды. Екіншісі, Одақтың белді хоккейшісі Александр Могильныйдың елге оралмауы.

А.Могильныйдың бақ жұл­дызы ерте жанды. 20 жасқа тол­ған­ға дейін ол Мәскеудің ЦСКА клубы мен КСРО құрамасының сұрмерген шабуылшысына айналып үлгерді. 1988 жылы Калгари Олимпиадасында және 1989 жы­лы әлем чемпионатында алтын тұғырға көтерілді. Бір сөзбен айт­сақ, сол дәуірде жас жігіттің тасы өрге домалап тұрды. Бірақ ол Американы таңдады. Бұл жаңалық шартарапқа тез тарады. Өйткені Могильный Қарулы Күштердің қатарында болды. Кіші лейтенант деген шені бар. Ал әскери адам осындай қадамға барса, өзгелерден не қайыр? Осыны қаперге алған КГБ осы іспен мұқият айналысты.

Арада жылдар өткеннен кейін атақты хоккейші осындай қадамға баруға не итермелегенін бүкпесіз айтты. Бірде БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Александр: «Олимпиада және әлем чемпионы, Одақ біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы деген дардай атақтарым бола тұра, маған сан миллион адам шоғырланған Мәскеу қаласында қуықтай бір бөлме де бұйырмады. Соған күйін­дім, санамды сансыз ойлар шарлады. Өз меншігімде мақтау қағаздар мен кубоктар ғана бар. Ал ондай өмірді кім керек қылсын?! Бір сөзбен айтсам, мен КСРО-да қайыршылық күй кешіп, кәдімгі БОМЖ болдым» деп ағынан жарылды.

Америкада Могильный көпте­ген табысқа қол жеткізді. Ұлт­тық хоккей лигасында «Буффало Сейбрз», «Ванкувер Кэнакс», «Нью-­Джерси Дейвлз», «Торонто Мэйпл Лифс», «Нью-Йорк Девилз» секілді белді командалар са­пында айшықты өнерімен жан­күйерлер жүрегін жаулады.

1990 жылы Сиэтлде өткен Ізгі ниет ойындары барысында КСРО-ның тағы бір белді хоккей­шісі Сергей Федоров АҚШ-та қалып қоюды ұйғарды. Ол да 20 жаста еді. Аса дарынды жігіт­ті аме­рикалықтар құшақ жая қарсы алды. Соған дейін Мәскеу­дің «Динамо» мен ЦСКА клуб­тары сапында сұрапыл ойынымен көзге түскен Федоров «Детройт Ред Уингздың» жейдесін киді. Кейіннен Ұлттық хоккей лигасының басқа да командаларында өнер көрсетіп, талай толағай табыстарға қол жеткізді. КСРО ыдырағаннан кейін Ресей құрамасы сапында Нагано мен Солт-Лейк-Ситиде алауы тұтанған Олимпия ойындарында жүлделі орындарды иеленіп, әлемнің үш дүркін чемпионы атанды.

Тоқсаныншы жылдардың басында қылышынан қан тамған КСРО-ның іргесі сөгіліп, Жер шарының алтыдан бірін алып жатқан алып империя келмеске кетті. Сол кезден бастап бұрынғы «бауырлас» республикаларда тұрған азаматтардың барлығы да өздері қалаған мемлекеттерге қоныс аударып, емін-еркін өмір сүруге мүмкіндік алды...