Саясат • 31 Тамыз, 2020

Депутаттарға куәліктер мен төсбелгілер тапсырылды

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жұмада, яғни 28 тамызда 2020 жылғы 12 тамыздағы сайлауда сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын тіркеу мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) отырысы өтті.

Депутаттарға куәліктер мен төсбелгілер тапсырылды

Отырысқа Парламент Сена­ты­ның сайланған депутаттары, Cенаторлар кеңесінің мүшесі Қуа­ныш Айтаханов, онлайн режімде облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының ау­мақ­тық сайлау комиссиялары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Парламент Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі науқанның соңғы отырысы Конс­ти­туцияның 25 жылдығы – Тәуелсіз Қазақ­станның Негізгі Заңы қарса­ңында өтіп жатқанын атап өтті.

Ортсайлауком мүшесі Серік Сы­дықов «2020 жылғы 12 тамыздағы сай­лауда сайланған Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Парламенті Сенаты­ның депутаттарын тіркеу туралы» баян­дама жасады. Ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәй­кес Ор­талық сайлау комиссиясы Конс­ти­туциялық заңда белгіленген тәр­тіппен Парламенттің сайланған де­путаттарын тіркеуді жүргізетінін хабарлады. ОСК әрбір депутатқа бел­гіленген үлгідегі куәлік пен омы­рауға тағатын белгіні тапсырады.

Осыған байланысты «2020 жылғы 12 тамыздағы сайлауда сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын тіркеу туралы» қаулы қабылданды. Қаулы қабылданғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев тіркелген депутаттарға куә­ліктер мен төсбелгілерді табыс етті.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депу­тат­тарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конс­ти­туциялық Заңының 24-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент депутатының өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутаты ретінде тіркеген кезден басталады.