Мемлекеттік хатшы бастаған делегация алдымен «Бейбітшілік» аралында Семей ядролық полигоны құрбандарын еске алып, «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қойды. Делегация құрамында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және басқа да азаматтар болды.
Айта кету керек, осыдан 29 жыл бұрын 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылып, күллі адамзатпен бірге әсіресе осы аждаһаның зардабын тартып келген семейліктер ерекше қуанған еді. Ядролық сынақтың құрбандарына арналған Монументке гүл шоқтарын қою рәсімінде Мемлекеттік хатшы жарты ғасырдан астам уақыт өткізіліп келген ядролық жарылыстарды бұрынғы Кеңес Одағы басшылығының қарсылығына қарамастан толыққанды тоқтатып, полигонды жабу – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың патриоттық, ұлтжанды тарихи шешімі семейліктердің ғана емес, бүкіл қазақ халқының, қазақстандықтардың, дүние жүзіндегі прогрессивті адамзаттың қолдауына ие болғанын атап өтті.
Мемлекеттік хатшы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының атаулы күніне орай қазақстандықтарға арнаған Үндеуін оқып берді.
Мемлекеттік хатшы бастаған делегация және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның бір топ мүшелері Семей қаласындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, әлеуметтік-мәдени нысандармен танысты.
Биыл хакім Абайдың 175 жылдығына байланысты ақын атымен аталатын бірқатар нысандар жаңарып, жөндеуден өткен. Соның ішінде қаладағы Абай мұражайы да бар. Мерейтойға орай мұражайдың залдары жөнделіп, ғимараттың қасбеті мен оған жапсарлас аумақ жаңартылған. Ауласындағы тақтатастар ауыстырылды, жиегіне көгал төселіп абаттандырылды. Ауыз толтырып айтарлығы – Абайдың ұлдары Ақылбай және Турағұлмен бірге тұрған мүсіні ашылды.
Делегация сонымен қатар 200 гектардан астам аумақты алып жатқан Қарағайлы шағын ауданының тыныс-тіршілігімен танысты. Жаңа ауданда бой көтерген көпқабатты үйлер Семейдің сәнін келтіріп тұр. Алып арена да, би билеп ән салатын субұрқақ та осы ауданда. Мектеп те, балабақша да бар. Болашақта бұл шағын ауданда 25 мыңнан астам адамды баспанамен қамту жоспарланған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абайдың 175 жылдық мерейтойы «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» делінген. Дәл солай жүзеге асып жатыр. Аста-төк дастарқан жайып, ырду-дырду ысырапшылдыққа жол беріліп жатқан жоқ.
Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев бастаған делегация бұдан кейін Абай ауданында көрсе көз тойып, көңіл марқаятын игілікті істердің атқарылып жатқанына куә болды.
Абай ауданының орталығы – Қарауылдағы 300 орындық мектеп-лицей қолданысқа берілді. Жаңадан ашылған білім ордасында оқушылар Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарты бойынша оқытылмақ. Әлбетте, елдегі карантиндік шараларға байланысты үлкен сыныптар қашықтықтан оқыса, бастауыш сыныптар белгіленген санитарлық ережелерді сақтай отырып мектеп қабырғасында білім алады. Абай атындағы жаңа мектеп-лицейдің директоры Роллан Тілеухановтың айтуынша, 300 орындық мектепті екі ауысымға шақтаса, 600 балаға дейін оқытуға қуаты жетеді екен. Өйткені аудан орталығында халық саны жыл сайын өсіп келеді.
Жидебайдағы тарихи нысандар да жаңғырып, келешек ұрпақ Абай тағылымынан тәрбие алып, ғибратты сөздерін санаға сіңіретіндей игі істер атқарылуда. «Абай-Шәкәрім» кесенесі кешені жөндеуден өтті, Құнанбай жерленген Ақшоқы абаттандырылды.
– Абайдың 175 жылдығында біз ақынның мәдени және рухани мұрасына көңіл бөлдік. Президент бастамасымен Абайдың шығармалары өркениетті он елдің тіліне аударылды. Нұр-Сұлтан қаласында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Абайдың туып-өскен жері, Құнанбайдың жатқан жері үлкен мәдени орталықтарға айналды. Аз уақытта айтарлықтай іс тындырған Шығыс Қазақстан әкімдігіне алғыс айтамын. Өйткені жұмысты мемлекеттік тапсырыс ретінде ғана емес, шын ниеттерімен атқарған екен, – деп ризашылығын білдірді Қ.Көшербаев.
Жиында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет те өз ойын ортаға салды. Ақынның айтуынша, Жидебайдың іргесіндегі Найзатастағы ескі там – Абай, Тәкежан, Құдайберген, Оспан, Ысқақтар білім алған мектептің орны. Оны Құнанбай өз заманында қыстақ ретінде салдырған екен. Уфадан, Бұқарадан оқу-құралдарын алғызып, балалар қыстай ноғай мұғалімнен білім алған. Сонда балаларына шыбық артық тиіп кетпесін десе керек, Зере әжелері мектепте меңгеруші болыпты.
– Ескі тамның орнын «Абай алғаш сауатын ашқан жер» деп қайта қалпына келтірсе дұрыс болар еді. Шәкәрім жатқан құдықты да тарихи нысанға айналдырып, туристердің назарын бұрсақ, – деді Ұ.Есдәулет.
Биыл ақын мерейтойы аясында Құнанбай әулеті жатқан шежірелі Ақшоқы, қараусыз қалған Қасқабұлақ та жаңғыртылып, туристер арнайы келетін орынға айналды.
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы