Білім • 01 Қыркүйек, 2020

Көлеңкеде қалған қосымша білім

904 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Көпшілік қосымша білім беруді баға қойылмайтындықтан маңызы жо­қ, баланың жай уақытын өт­кізуге арналған үйірмелер деп қа­был­­дайды. Ал мұның маңызды еке­­ніне елімізде және әлемде дәл осы қосымша білімнің негізінде өз жо­лын тауып, қоғамға қызмет етіп, ай­наласына есепсіз пайда алып келген азаматтар дәлел бола алады.

Көлеңкеде қалған қосымша білім

Фин оқушылары жылына 20 кітап оқуға міндетті

Білім берудегі көшбасшы мемлекет­тер­дің бірі Финляндия қосымша білім беруге ерекше мән береді. Бұл туралы фин еліндегі «Finno-Ugric point oy» оқу ор­та­лығының директоры Эдуард Ха­кимов: «Финляндияда қосымша білім балалар түгілі ересектер арасында да үлкен сұранысқа ие. Бұл елде барлық бала белгілі бір үйірмелер мен секцияларға қатысады, ал ересектердің үштен бір бөлігі «Қоғамдық университет» білім беру курс­тарынан өтеді. Мек­теп бағдарламасына қосымша білім беру­дің аз бөлігі енгізілген. Оқушылар мек­теп мұғалімдері ұсынатын бірнеше бағыт­тағы (спорт, өнер, музыка, әдебиет) курс­тардың үшеуін бір жыл ішінде оқуға таң­дайды. Бір қызығы, балалардың қызығу­шылығын ескеріп, өзенге барып балық аулауды үйрету секілді хоб­би-курстарын да ұйымдастырады. Сол таңдаған курсының бәрін бала бір жыл ішінде бітіруі керек. Негізінен Финлян­дияда қосымша білім берудің басым бөлігі мектеп бағдарламасынан тыс. Мек­тептен тыс үйірмелерге ата-аналар ақша төлейді. Бірақ талантты, дарынды ба­ла­ларға спорттық клубтар мен арнайы қор­лар төлеп береді», дейді.

Fin

Халықаралық сарапшының айтуынша, фин мектептерінде міндетті бағдар­ла­­мадан бөлек оқушыларға өз бетін­ше кі­тап оқуды да міндеттейді екен. Әр оқу­шы­да мек­теп кітапханасынан немесе ор­та­лық кі­тап­ханадан өз деңгейіне сай кітап алып, оқығанынан түйгенін жазып оты­ра­тын «Жетістіктер күнделігі» бо­ла­­ды. Фин оқушылары жарты жылда 10 кі­­тап оқуы тиіс. Жауапты мұғалімдер «Же­тіс­­тік­тер күнделігін» айына бір рет тек­се­реді, жарты жылда 10 немесе одан да көп кітап оқыған оқушы жартыжылдық оқу қо­ры­тындысында марапатталады. Елі­­мі­з­де мектеп оқушылары әдетте бағ­дар­­ла­ма­дағы пәндерді жақсы оқып бітір­гені үшін грамота алып жатады, ал фин мек­­теп­­тері оқушыларын өз бетінше ізден­гені үшін ын­та­ландырады. Бәлкім оқуд­а­ғы тәр­­бие деген осы жерден басталатын шығар...

 

Негізгі білім мен қосымша білімде байланыс болуы керек

Иә, сонымен финдік оқыту жүйе­сіндегі қосымша білімнің өзінде бағалау бар. Ал біз баға қоюды, бағалауды аса қажет етпейтін жүйеге бет алып келе­міз. Бірақ қосымша білім беруді дамыту тек бағалауға келіп тіреле ме? Шал­ғайдағы оқу ошағында театр студиясын ашып, 8 жылдан бері жұ­мы­сын жүйелі жүргізіп келе жатқан Қос­танай облысындағы мұғалім Ольга Запорожану мектептердегі үйірме сабақ­­тарының нәтижелі болуы сынып жетек­шілеріне және олармен қосымша білім беретін маманның бірлесе жұмыс істеуіне байланысты екенін айтады.

театр ф

«Бүгінде қоғам әрі біздің дамушы мемлекет педагогтерден әлеуметтік жағынан белсенді, шығармашыл, өз бетінше әрекет ете алатын, қазіргі заман талап­тарына икемделген тұлға тәр­биелеуді талап етеді. Негізі мектеп­тегі үйірмелерде сабақ бере­тін педагог­тер оқушыларының сынып жетек­шісімен тығыз байланыс­­та болуы керек. Мәселен, қазақ тілін білудің қоғамда маңызы артқанын ескеріп, орыс этносының өкілдері көп тұратын Федоров ауданының Кеңарал ауылын­дағы орта мектептің қазақ сыныбы мен театр студиясы арасында әріптестік орнаттық. Бастауыш сынып мұғалімі Азия Кемелбековамен бірлескен жұмыстың нәтижесінде ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған видеороликтер дайындадық. Балалардың өнерін көпшілікке тараттық, яғни театр студиясының оқушылары оқыған өлең­дерді мектептің сайтына, әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына салдық. Осыдан соң қазақ сыныбының балалары театрымызға көптеп тартыла бас­тады. Біз енді қазақша да, орысша, ағылшынша да қойылымдар қоя аламыз», дейді ауылда болса да бірнеше дүркін облыстық, республикалық, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық «Таңғы шұғыла» байқауында Гран-при жүлдесін иеленген театр студиясының жетекшісі.

 

Құлағалы тұрған «Тәрбие орталығы»

Расымен, мектептегі бала тәрбиесінде сынып жетекшісінің рөлі зор. Ол – оқу­шы­ның мектептегі ата-анасындай тұлға. Бірақ мардымсыз үстемеақыны қолай көрмей, сынып жетекшілігінің жауап­ты жұмысынан қашатындар немесе жауап­кершілікке немқұрайлы қарай­тындар жетерлік. Сондықтан қосымша білім берумен айналысатын қоғамдық меке­мелердің, нақтырақ айтқанда Оқушы­лар сарайының жұмысын жетілдірген жөн секілді. Бұл ойды алдағы жаңа оқу жылынан бастап қосымша сынып сағаты ретінде оқытылатын экологияның жай-жапсырын талқылауда экономика ғылы­мының кандидаты, профессор Жақ­сыбек Құлекеев айтқан еді. Ол еліміз­дегі қосымша білім беру деңгейінің төмен екенін сынай келе: «Батыстағы қосымша білім берумен айналысатын оқушылар сарайына барсаңыз, та­бал­дырықтан бастап танымыңыз ке­ңейе­ді. Сізді жасыл желек, аквариум, таби­ғат­тың түрлі байлықтары, өнерлі балалардың жұмыстары қарсы алады. Ал еліміздегі оқушылар сарайларына кіре қалсаңыз, қаңырап бос тұрады. Неге сондай мекемелер мен орындардың қабыр­ғаларына дейін тәлім-тәрбие бере­тін дүниелермен, балалардың қолы­нан шыққан еңбектерімен, өз өнім­дерімен әрлемеске?» деді.

Ғалымның сөзінде жан бар, өйткені қосымша білім берумен айналысатын Оқушылар сарайының тиімсіз қызметіне ата-аналар жиі шағымданады. Оқушылар сарайы әдетте облыс орталықтарында болады. Ал аудандарда бұл жоқ. Бірақ Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында қосымша білім беруді нәтижелі іске асырып отырған Тәрбие орталығы бар.

Аталған Тәрбие орталығының директоры Әлімжан Ержанов: «Бүгінгінің балалары техникаға, құрастыруға құмар. Осы сұраныстың негізінде Nur Otan партиясының аудандық филиалы бізге роботтехника кабинетін жасақтап берді. Оған оқушылар тегін келеді. Көпбалалы отбасылардың балалары да біздің курстарымызға ақысыз қатыса алады. Бұдан бөлек мектепке қатынап оқи алмайтын ерекше қажеттілігі бар 3-4 баланы орталығымызда қызығушылықтарына қарай тегін оқытып жүрміз. Ал қалған балалар әр курсқа айына небәрі 100 теңге төлейді. Орталығымыздағы бас-аяғы 21 үйірмеге жылына 700-ге жуық бала қатысады. Солардың жартысынан көбі төлейтін болар-болмас қаражатқа ғимараты нашар орталығымыздың кем-кетігін түзейміз. Қолөнер үйірмелеріне қажетті құрал-жабдықтарды бірдеңе қы­лып тауып жүрміз. Ағаш жонуға арнал­ған станоктарды, тігін машиналарын алғымыз келеді. Оған мүмкіндік бол­май жатыр, қолдау жоқ. Шынында біз­дікі – жоқтан бар жасау ғана. Әйтпесе орта­лы­ғымыздың ғимараты санитарлық талапқа мүлде сай емес. Балаларды тартатын, көз­­дің жауын алатын жұмыстарын жар­қы­ра­т­ып іліп қоюға да болады, бірақ құ­ла­йын деп тұрған қабырғаны сылау­дың, иә әрлеудің мәні бар ма?», деп қынжылды.

орт

Маманның сөзіне қарағанда, аудан әкімдігі де, білім бөлімі де бұл жағдай­дан хабардар. Бірақ 2-3 жылдан бері үздіксіз көтеріліп келе жатқан мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.

Әлде жақында өткен Тамыз конферен­циясындағы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың сөзінен үміт күтеміз бе? Онда ол «Балалардың тек 30,7 пайызы ғана қосымша біліммен қамтылған. Бұған қоса балалардың жағ­дайына қатысты ЮНИСЕФ-тің сарап­тамасында өңірлер арасындағы тең­сіздік деңгейіне байланысты табысы күн­көріс деңгейінен төмен отбасыдан шық­­қан балалардың қосымша білім­ге қолы жетпейтіндігі айтылған. Бұл мәсе­лені Қазақстанның Бала құқық­тары жөніндегі уәкіл де көтеріп жүр. Қосым­ша білім беруде жан басына қаржы­лан­дырудың заңнамалық тұрғыда бекітілуін қамтамасыз етуді және нақты тетіктер әзірлеуді тапсырамын», деген еді.

 

Қосымша білімнің күші

Биыл студент атанған Азамат Дүйсем­байдың мектеп қабырғасында алған қосымша білімі кейін «Автомат­тандыру және басқару» мамандығын таңдауына және грант ұтып алуына септігін тигізді. Ол оқушы кезінде үйінің айналасындағы қоқыс контейнерінің толып, тіпті қоқыс қалдықтарының айна­ласында шашылып жататынын көретін. Сонда «осындай жәшіктердің толғаны туралы арнайы қызметке белгі беріп тұратын мүмкіндігі болса ғой» деп ойлады. Осы ойын мек­тептегі роботтехника үйірмесінде іске асырып, нәтижесінде қоқыстарды өзі жи­нап, өздігінен жәшікке салатын автоматты қоқыс контейнерін ойлап тапты. Ақтау қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінде оқыған Азамат осы жобасын әлемнің әр қиырынан жас ғалымдар мен жасөспірім өнертапқыштар үздік жұмыстарын жолдайтын АҚШ-тағы «Google science fair» байқауына ұсынған.

оқушы

«Автоматты қоқыс контейнері туралы идеямды іске асырып, жоба ретінде дамытуға сыныптас досым Мейірлан Сүйірханов көмектесті. Екеуміз «Green ecology-Smart system» деп атаған жобамызды байқауға өз бетімізше әзірлеп жібергенімізбен, жүлде алмадық. Бірақ біз бұған мойымаймыз. Өйткені бұл бізге ең бастысы әлемді жақсы жағына өзгерте алуға, айналамызға ізгілік сыйлауға мүм­кіндігіміздің бар екенін көрсетті. Біз жобаны толығымен ағылшын тілінде жазып шықтық. Осының нәтижесінде әлемдегі кез келген ғалыммен ғылым тілінде, тең д­ә­р­е­­жеде тілдесетіндей, ағылшын тілі­­­міз­ді жетілдіріп алдық. Бәрінен де ма­ңыз­­­­­дысы, мен өз бетімше іздеп алған ілі­мім мен қосымша білімім арқылы оқуға түс­­тім. Енді осы жолда маман болып, жо­бам­­ды аяғына дейін жеткізуге жұмыс істей­­мін», деп ке­йіпкеріміз белді бекем буып отыр.

Қосымша білімнің күші балаға тіпті өмірде өзін табуға көмектесуі мүмкін. Азаматтікіндей арнаулы оқу ошақ­тарында болмаса, қарапайым мектеп­тердегі бағдарламалық білімнің көлең­кесінде қалған қосымша білімнің көңіл көншітпейтіні рас. Ал кадр тапшы­лығы­ның кесірінен «Биология пәнінің мұғалімі» мамандығын бітірген педагог физикадан сабақ беріп жүргенде ауыл оқушыларының қосымша білімі туралы сөз қозғаудың өзі қиын...