Спорт • 01 Қыркүйек, 2020

Алтын жауған 1975 жыл

1627 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 45 жыл бұрын, яғни 1975 жылдың 11-14 қыркүйегі күн­дері сол кездері Кеңес Одағының құрамында болған Беларусь­тың бас шаһары – Минскіде күрес түрлерінен әлем чемпио­натының жалауы желбіреді. Айтулы жарыс жайында біз бекер әңгімелеп отырған жоқпыз. Себебі классикалық күрестен өткен додада Қазақстанның үш бірдей өрені өнер көрсетіп, барлығы да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Осылайша отандық күрес мектебінің түлектері КСРО-ның басты додасында бұрын-соңды болмаған орасан зор нәтижеге қол жеткізді.

Алтын жауған 1975 жыл

Минскіде 90 кило салмақтағы Валерий Резанцевтің қарқынына ешкім шыдамады. Вадим Пса­ревтай майталман маманның қол астында жаттыққан 29 жастағы алматылық балуан барлық қарсыластарын тас-талқан етіп, фи­налда әлем чемпионатының екі дүркін күміс және қола жүлдегері, Еуропа чемпионы Стоян Нико­ловты сан соқтырды. Сөйтіп ол қатарынан бесінші рет төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш! Оған дейін кейіпкеріміз Эдмонтонда (1970), Софияда (1971), Тегеранда (1973) және Катовицеде (1975) қарсылас шақ келтірмеген еді. Сол жарыстардың үшеуінде ол есімі жоғарыда аталған бол­га­риялық балуаннан басым түсті. В.Резанцевтің рекордын ұзақ уа­қыт­қа дейін ешкім бұза алмады. Тек арада 20 жыл өткеннен кейін ғана осы нәтижені ресейлік Алек­сандр Карелин жаңартты. «Орыс аюы» атанған апайтөс 1995 жылы әлем чемпионатында өзінің алтыншы алтынын олжалады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, 1976 жылы Монреальда алауы тұ­тан­ған Олимпия ойындарының ше­шуші сынында В.Резанцев дәл осы С.Николовтан айласын асы­рып, «мәңгі тозбас» атаққа екін­ші мәрте қол жеткізгені де жан­күйер­лердің жадында.

1

82 кило салмақ дәрежесінде бел­дескен Анатолий Назаренко үшінші рет әлем чемпионы атан­ды. Ол да Вадим Псаревтің шә­кір­ті. Алматының төл тумасы Эд­мон­тон мен Катовицеде топ жарса, Софияда күміспен күп­тел­ді. Минскіде 26 жастағы Ана­толий алдына жан салмады. Қазақ­стандық спортшы ақтық ай­қаста румыниялық Йон Енакені еңсерді. Жалпы, А.Назаренконың жоғарыдағы табыстарынан бөлек, Мюнхен Олимпиадасының күміс жүлдегері және Еуропаның екі дүркін чемпионы деген атақтары тағы бар.

74 кило салмақта 22 жастағы Ана­толий Быковтың бақ жұлдызы жарқырай жанды. Білікті бапкер Виктор Ермаковтан тәлім-тәр­бие алған ол сол жылы ғана Алма­ты­да өткен КСРО чемпиона­тын­да бас жүлдені олжалап, дүние­жү­зілік додада өнер көрсету құр­метіне бөленген еді. Жер-жаһан­ның мықтылары жиналған жа­рыста жас жігіт ел сенімін ақта­ды. Беларусьтың астанасында бар­лық бәсекелесінен басым түс­кен Анатолий алтын тұғыр­дан қол бұлғады. Финалда ол бол­га­риялық Янко Шоповты шаң қап­тырды. А.Быковтың одан кейін­гі жүріп өткен жолы да жар­қын жеңістерге толы болды. Жер­лесіміз 1976 жылы Монреаль Олимпиадасында алтын алса, 1980 жылы Мәскеуде күміске қол созды. 1978 жылғы Софиядағы әлем біріншілігін екінші орынмен қо­рытындылады.

Қазақстан спортының даңқын асқақтатқан айтулы балуандардың барлығы да қазіргі кезде жырақта өмір сүріп жатыр. Атап айтсақ, 73 жастағы Валерий Резанцев – Ре­сейде, 71 жастағы Анатолий Назаренко АҚШ-та, ал 67 жастағы Ана­толий Быков Канадада ғұмыр кешуде.

1

Минскіде жалауы желбірген жарыста классикалық күрестен 10 салмақ дәрежесі бойынша белдесулер өтті. Соның сегізінде КСРО құрама командасының мүшелері бас жүлдені олжалады. Жоғарыда есімдері аталған балуандардан бөлек, новосібірлік Владимир Зубков (48 кило), ульяновскілік Вита­лий Константинов (52 кило), ни­ж­нийновгородтық Фаргат Мұс­тафин (57 кило), әзербайжандық Нельсон Давидян (62 кило) және тулалық Шәміл Хисамутдинов (68 кило) сынды саңлақтар алдарына жан салмады. Ал өзге екі салмақта Болгарияның қос батыры – Камен Горанов (100 кило) пен Александр Томов (+100 кило) топ жарды.

Дәл сол күндері Минскіде ер­кін күрес шеберлері де әлем чем­пионатының жүлделерін сарап­қа салды. Бұл жарыста да КСРО құрамасы командалық есеп­те көш бастады. Тарқатып айт­сақ, Павел Пинигин (68 кило), Рус­лан Ашуралиев (74 кило), Леван Тедиашвили (90 кило) жә­не Сослан Андиев (+100 кило) оза шапты. Жапонияның жігіт­тері қос алтынды қоржынға салды. Олар – Юдзи Такада (52 кило) мен Масао Арай (57 кило). Моңғо­лияның да нәтижесі дәл сондай. Бұл елдің өрендері арасында Зэвэгийн Ойдов (62 кило) пен Хорлоогийн Баянмұңхтың (100 кило) мерейлері үстем болды. Сондай-ақ болгариялық Хасан Исаев (48 кило) пен германиялық Адольф Зегер (82 кило) әлем чемпионы атанды.