Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2020

Арқада жиын-терін науқаны қызу

262 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде егін орағы басталғалы айға жуықтап қалды. Диқанның ерте көктемнен бергі еңбегінің өнбегі көрінетін, елдің қамбасы қаншалықты толатынын айқындайтын, еңбек майданы қызған маусым қазір. Тамыздың соңында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров астықты аймақтардың бірі Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Бұланды ауданына барды.

Арқада жиын-терін науқаны қызу

Көрсеткіш былтырғыдан жақсы болады

Министр Бұландыдағы ірі аграр­лық кәсіпорын «Журав­левка-1» серіктестігінің егін ал­­қа­бына барып, алтын дәннің шы­ғымын көріп, шаруалардың жай-күйімен таныс­ты, егін жинау жұмыстарының барысын тексерді.

«Журавлевка-1» ЖШС негі­зінен дәнді, дәнді-бұршақты, май­лы, жемдік дақылдар, сондай-ақ көкөніс өсірумен айналысады. Кәсіп­орын директорының міндетін атқарушы Темірболат Андаровтың айтуынша, биыл шаруашылық 59 мың гектарға тұқым септі. Оның 33,5 мың гектарына – бидай, 12 мың гектардан астам жерге – арпа, 1 362 гектар жерге – сұлы, 1 543 гек­тарға – күнбағыс, 3 969 гектар алқапқа – зығыр, 4 879 гектар жерге – рапс, 110 гектарына – картоп пен көкөніс, 1 120 гектарына жемшөп да­қылдары егілді.

– Жұмыс барынша механи­ка­ландырылған заманауи ке­­шен­дермен атқарылуда. Ша­руа­­шы­лық топырақты тың­ай­­туға ор­га­ни­калық және мине­ралды тың­айтқыштар қолда­на­ды. Қуатты тұқым тазарту ке­шені бар, – деді Те­мірболат Андаров.

Серіктестіктің 20 дестелегіші, 152 астық комбайны мен тракторы бар. Барлық техника егін жинау науқанына жұмылдырылған.

«Журавлевка-1» ЖШС мал ша­руашылығын табысты дамы­тып жатқанын айта кету керек. Қазір 260 бас қой, 259 бас жылқы мен 1547 бас ірі қарасы бар. Сиыр­ларының дені қазақтың ақ бас тұқымы. Мал жаятын 15,7 мың гектар жайылымдық жері де бар екен. 250 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы мен шағын мал сою пункті жұмыс істеп тұр. Ақмола облысының 600-ден астам халқы осында жұмыс істейді екен, орташа жала­қылары 160 мың теңге шамасында.

Ауыл шаруашылығы минис­трі С.Омаров алтын дәні жай­қалған алқаптың жанында журналистерге шағын сұхбат беріп, биылғы орақ науқанының жай-күйі жөнінде баян­дады.

– Бүгінде республика бойынша 3,7 млн гектардан ас­там дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Яғни жалпы тұқым себілген алқаптардың 23,6 %-ы орылды. Былтыр тамыздың соңында 3,1 млн гектардан, яғни барлық алқаптың 20,1%-ы игерілген еді. Биылғы қарқын жақсы болып тұр. Ауа райы да қолайлы. Орташа өнім әр гектардан 13,1 центнерден айналып, 4,9 млн тонна астық бастырылды, – деді министр.

Оның айтуынша, қазір еліміз­дегі фермерлердің иелігінде егін орағын жинайтын 145 мың трактор, 75 мың трактор тіркемесі, 38 мың астық комбайны, 15 мың дестелегіш, 39 мың жүк көлігі бар. Егінді уақтылы жинау үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 395 мың тон­на арзандатылған жанар-жа­ғармай бөлінді. Энергетика минис­трлігі тамыз айында мұнай өңдеу зауыттары өнімінің орташа нарықтық бағасын тоннасына 178 мың теңгеден, литрі 147 теңгеден деп белгілеген-ді. Тасымалдау және басқа да шығын­дарды ес­кере отырып, фермерлерге литрі 168 теңгеден берілді. Бұл нарық­тағыдан 10%-ға арзан.

 

Аймақтың аграрлық әлеуеті артып келеді

Министр биыл ауыл ша­руа­шылығы саласындағы жаңа сақтандыру жүйесі іске қосыл­ға­нын да атап өтті. 2004 жылы ен­гі­зілген ескі сақтандыру жү­йе­сі біріншіден, тек өсімдік ша­руа­шылығын қамтитын. Екін­шіден, шаруалар қуаңшылық немесе басқа да апаттардан зардап шеккен жағдайда сақтандыру сый­ақылары олардың шығынын жап­пайтын. Қазіргі сақтандыру жүйесі аграрлық сектордың бар­лық негізгі салаларын қам­тиды. Екін­шіден, сақтандыру жүйе­сіне қосылу ерікті түрде жүр­гі­зіледі. Үшіншіден, өсімдік ша­руа­­шылығындағы сақтандыру жағ­дайларын тиісті компаниялар автоматты түрде тіркейді. Соны­мен қатар сақтандыру саласына шетелдік инвестор компанияларды тартуға мүмкіндік артты.

Жаңа жүйе енгізілген екі ай ішінде фермерлер 67 сақтандыру келісімшарты негізінде 491 млн теңге сақтандыру сыйақысын алып­ты. Бұл олар төлеген қар­жы­­дан 7,3 есе артық. Минис­трлік жаңа жүйе бойынша сақ­тан­дыру келісімшартын жасайтын ком­паниялардың қатары кө­бейетініне сенімді.

Министр Бұланды ауданының ортағы Макинск қаласының шет жағында орналасқан бройлер құс фабрикасына барды. 2018 жылы ашылған «Макинск құс фабрикасы» ЖШС – құс етін өндіру сала­сындағы импортты алмас­тыру бо­йын­ша іске қосылған ауқым­ды жоба. Жылына 25 мың тонна құс етін өндіретін ауқымды кешеннің 2-ші кезеңі биыл іске қосылса, өндіріс екі есе ұлғаюға тиіс.

Кәсіпорын директоры Евге­ний Проскуриннің айтуынша, биыл бройлер өсіру үшін 12 құс қорасының әрқайсысынан 4 алаң салынды. Әр қораның аумағы –2 мың шаршы метр. Сондай-ақ инкубатор, жемшөп цехы, құс етін өңдейтін зауыт, ет-сүйек ғи­мараттары қажетті тех­но­ло­гия­лық жабдықтармен толық жа­рақ­тан­дырылды. Алда­ғы уақытта кә­сіпорынды одан әрі ұлғайтып, жы­лына тірі сал­мағы 60 мың тонна бройлер шығару жоспарланған. Осы тектес жобалардың өнімі то­лығы­мен ішкі нарыққа сатылады. Яғни елдің құс еті импортына тә­уелділігін төмендетіп, ішкі на­рық­ты қамтуға мүмкіндік береді.

– Бұл жобаның мультиплика­тивтік әсері бар. Өндіріс қуатын біртіндеп арттыру арқылы өсім­дік шаруашылығын дамыту, аралас салаларда жұмыс орындарын құру сияқты жұмыстар күшейеді. Кешенді салу кезінде 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, 2-ші кезекті іске қосқаннан кейін жұмыскерлердің саны 450-ден асады, – дейді Е.Проскурин.

Жалпы, биыл республика бо­йын­ша 8 құс фабрикасы ашылмақ. Жыл басынан бері Түркістан облы­сындағы «Шымкент құс» пен Қоста­найдағы «ҚазАгрос» кешені ашыл­ды. Қалған алтауы кезек күтіп тұр.

Бұланды ауданындағы ауыл­­­шаруашылық өнімін өнді­ре­тін тағы бір ірі кешен «Бота-2015» ке­шені де биыл ашылмақ. Өсім­дік майы­н өндіретін жоба­ның құны 4,2 млрд теңгені құ­райды. Болашақ зауыттың өнді­рістік қуаты тәулігіне 600 тон­наға жетеді.

С.Омаровтың сапары Макинск қаласындағы элеваторды тексерумен түйінделді. «Арна» астық қа­былдау кәсіпорны аудандағы фер­­мерлердің астығын қабыл­дай­ды, кептіру, тазалау, сақтау және жөнелту сияқты жұмыс­тарды ат­қарады. 14,7 мың гектар жерде сыйым­дылығы 22 мың тонна­лық астық қоймасы, 4,5 мың шаршы метрге жайы­лып жатқан асфальт­талған алаң, сағатына 110 тонна астық өткізе­тін кептіргіш бар.

Әдетте қыркүйектің соңына салым, әрі кеткенде қазанның басында астықты аймақтар жи­ын-терін жұмыстарын аяқ­тап үлгеретін. Яғни орақ науқа­ны орталанып қалды деу­ге болады. Ауыл шаруашылығы ми­нис­­трлігінің хабарлауынша, биыл 18 млн тонна астық жинау жос­парланған. Егіннің шығымы жақ­сы. Пандемияға қарамастан жұмыс ойдағыдай қарқынмен жүріп жатыр. Астық қабылдау орындары да жеткілікті. Күннің қабағы ашық болса, диқандар қауымы жиын-терін жұмыстарын уақтылы аяқтап, қамбасын толтырып алатын түрі бар.

 

Ақмола облысы