Парламент • 01 Қыркүйек, 2020

Сенаттың алтыншы сессиядағы алғашқы отырысы жаңа құраммен өтті

244 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жарияланған Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының басым бағыттары нақты белгіленгенін атап өтті. Бұл туралы Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сенаттың алтыншы сессиядағы алғашқы отырысы жаңа құраммен өтті

"Мемлекет басшысы экономика, әлеуметтік, саяси салаларға қатысты алдағы басымдықтарды айқындап берді. Президентіміз экономикалық өсімді қалпына келтіру, халықтың әл-ауқатын арттыру, құқық қорғау жүйесін әрі қарай жаңғырту, саяси реформаларды жалғастыру мәселелеріне тоқталып, Парламент пен Үкіметтің алдына нақты мақсаттар қойды. Жолдауда айтылған тапсырмаларды заңнамалық тұрғыдан уақтылы әрі сапалы қамтамасыз ету – біздің негізгі міндетіміз", – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев сенаторлар өңірлердегі жағдайға мониторинг жүргізіп, халықты алаңдатқан өзекті мәселелерді шешуге атсалысқанына назар аударды.

Жаз бойы еліміздегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуал күрделі болғаны белгілі. Президенттің тапсырмасы бойынша қажетті қаражат бөлініп, тиісті заңнамалық актілер қабылданды.

"Қазір жағдайдың тұрақталып келе жатқанын көріп отырмыз. Бірақ Президентіміз айтып өткендей, санитарлық, эпидемиологиялық режимге, сақтық шараларына баса мән беруіміз керек. Осы жолда депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында қажетті заңдар қабылдау жұмысын жалғастыратын болады", – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат алдағы уақытта жаңа депутаттық құраммен жұмыс істейді. Нақты айтқанда, 2020 жылдың 12 тамызында Сенат депутаттарының сайлауы өтіп, оның қорытындысы бойынша Ольга Перепечина, Әли Бектаев, Сергей Ершов және Айгүл Қапбарова жаңа мерзімге қайта сайланды. Сондай-ақ, сенаторлар қатарына жаңадан 13 депутат қосылды. Палатаның бүгінгі отырысы кезінде олар ант қабылдады.

Өз кезегенде Сенат Төрағасы жаңадан сайланған депутаттардың қызметіне табыс тілеп, кәсіби біліктіліктері мен мол тәжірибелерін заң шығару қызметінде кеңінен пайдаланатынына және Сенат жұмысына тың серпін беретіндеріне сенім білдірді.

Сонымен қатар отырыс барысында Сенат Төрағасының орынбасары болып Нұрлан Әбдіров сайланды. Одан бөлек, Жоғарғы Палата комитеттерінің құрамы белгіленіп, олардың төрағалары сайланды. Атап айтқанда, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болып Владимир Волков; Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып Ольга Перепечина; Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып Мұхтар Құл-Мұхаммед; Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы болып Дәурен Әділбеков; Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы болып Мұрат Бақтиярұлы; Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы болып Әли Бектаев сайланды.