Білім • 02 Қыркүйек, 2020

Қыркүйектің ортасына дейін толық қамтылады

280 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылы алматылық оқушылар үшін де, ата-аналарға да сан-сауал сұрақпен басталғаны белгілі. Қашықтан оқу режімі әсіресе үйде білім алатын бастауыш сынып оқушылары үшін Zoom форматына қосылуда өзіндік қиындықтар туғызды.

Қыркүйектің ортасына дейін толық қамтылады

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

Биылғы оқу жылында оң­түстік астанада 193 кезекші топ ашылса, онда 1977 оқушы білім алуда. Мектептер дезинфек­циялайтын әрі санитарлық қауіп­сіздік құралдарымен қамтамасыз етіліп, сақтық шараларымен то­лық қамтамасыз етілген. Десек те, білім алушыларды толғандырып отырған басты мәселе – интернет желілердің жұмысы.

Балалары бірінші сыныпқа барған ата-аналармен әңгіме­мізде қоғамның цифрландыру бағдарламасы тек мектеп оқу­шылары мен студенттерді ғана қамтып қоймай, ересектерге де арналған арнайы бағдар­ламаның қажеттілігі мен гаджет, смартфондар тілін меңгеруде жеңілдетілген жедел онлайн курс­тардың, тетіктердің қол­же­тімді болуына меңзейді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктеріне тоқтала келе, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқтығын назарға алған болатын. Мемлекет басшысының бұл мәселені атап өтуі жалпы қоғам­дағы цифрлы даму тетік­терінің көпшілікке қолжетім­сіздігін көрсетсе керек. Жолдауда қалыптасқан дәстүрлі оқыту әдісіне қайта көшудің тәртібі де назарға алынған болатын. Осы орайда Алматыда 2020-2021 жылдары 16 жаңа мектеп және 23 қосалқы нысан салу жос­парланған, мұнда шамамен 47,5 мың орын қарастырылған. Биылғы оқу жылында Әуезов ауда­нының «Мамыр» шағын ауданында 1200 орынға арнал­ған №202 мектеп-гимназия жә­не Түрксіб ауданының «Нұр­шаш­қан» шағын ауданында 600 орынға арналған №203 жалпы білім беретін мектеп ашылды.

Бүгінде Алматы агломера­циясының кеңеюіне байланыс­ты әрі демографиялық ахуал­дың жақсаруынан қала халқы жылына орта есеппен 12 мыңға артып келеді. Өткен оқу жылында оқушылардың жалпы саны 17 мыңнан астам балаға өссе, ағымдағы кезеңде оқушы орны­ның тапшылығы 30 мыңды құраған болатын. Қалада «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша

13 200 орынды тоғыз мектеп, мектептер жанынан 6550 орынды 13 қосалқы нысан, ал мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 5700 орынды бес мектеп салу жос­парланған-ды. Осылайша, 2021 жылдың соңына дейін орын тапшылығын 83 пайызға дейін қысқартуға уәде еткен қала басшысы сонымен қатар аз қамтылған отбасылардағы ба­лаларды компьютерлік техникамен қамтамасыз етуге көңіл бөлінгенін айтқан болатын.

Қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы онлайн брифингтегі ақпаратында Білім басқармасының басшысы Л.Жылқыбаева техникалық диагностикалау қорытындысы бойынша интернет және ұялы байланыс деңгейі төмен 169 нүкте анықталғанын атап өткен еді. Бүгінгі таңда оның 141-інде жұмыстар аяқталған. Сонымен бірге қаңтар айынан бүгінге дейін мобильді байланыс операторлары қала бойынша базалық болып саналған стансалар негі­зінде 164 нүктені жаңартты. Тиіс­ті мекеме басшысының айтуынша, осылайша, қабылданған шаралар сапалы және үзбей қашықтықтан оқытуда қажетті жылдамдықты арттырып отыр әрі интернетке қосылуға мұқтаж 22 мыңнан астам оқушыға арнап SIM-карталар мен роутерлер сатып алынған. Мұнымен қоса оқушыларды оқу материалдарымен жүз пайызға дейін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табуда. Ал қашықтықтан оқытуға жұ­мылдырылған мұғалімдер құрамы Bilimland.kz, Opiq.kz, Kundelik.kz, Microsoft.Teams сияқ­ты цифрлы сауаттылықтың тиісті курстарынан өткен. Сондай-ақ 1-11-сынып оқушыларының қашықтан оқуы үшін видео­са­бақтарды дайын­дауда да тиіс­ті жұмыстар жолға қо­йыл­­ған. Осы бағытта 400-ден астам бей­несабақ түсірілген. Ал қа­шықтан оқытуға техникалық да­йындықты қамтамасыз етуде 75 мыңнан астам бала және 2,2 мың мектеп мұғалімдері компью­термен қамтамасыз етіледі. Қазір техниканың төрттен бірі қолға тиді. Ал ағымдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін мектептер компьютерлік құралдармен толық қамтамасыз етілмек.

 

АЛМАТЫ