Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында ел мен қоғамның одан әрі дамуының пайымы баяндалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық міндеттер белгіленген. Бұл нақты практикалық істер бағдарламасы, сөзсіз барлық қазақстандықтарға, ең алдымен зиялы қауымның алдыңғы қатарлы бөлігі – ғалымдар мен педагогтерге қатысты.
Қ.Тоқаев Жолдауының бір бағыты мемлекет дамуының негізі болып саналатын білім мен ғылым мәселелеріне арналғаны қуантады. Осылайша, Президент жыл сайын Қазақстан ғалымдарына әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуді, сондай-ақ «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жас ғалымдарға 1 мың грант бөлуді ұсынды.
Мемлекет басшысы педагогтерді әлеуметтік қолдау мәселесіне ерекше назар аударды. Бүгінде бұл көтерілген мәселенің жай ғана сөз емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқандығының куәгеріміз. Мәселен, өткен жылы Мемлекет басшысы Үкіметке педагог мәртебесін және мұғалімдердің жалақысын арттыруды, отандық ғалымдарға ерекше назар аударуды, білім беру саласын жан-жақты қолдауды тапсырған болатын. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды, білім беру гранттарының саны едәуір өсті, демек, педагогтердің қоғам алдындағы жауапкершілігі артты. Білім берудің әлеуетін арттыру, оның ішінде алдағы уақытта оқытушылардың жалақысын өсіру мәселесі де жоспарлануда. Педагог қызметкерлердің жалақысын көтеру және оларға деген мемлекеттің ерекше назары білім сапасына оң әсер етері сөзсіз.
Жоғары білім беру саласының алдында кәсіби кадрларды даярлау тұрғысынан мемлекеттің үмітін ақтау міндеті тұр. Яғни, жасампаз шығармашылық кәсіби мамандарды дайындап, ел игілігіне қызмет істеуге жұмылдыру. Академиялық қауымдастықтың ендігі ісі – қазақстандық білімді білім берудегі әлемдік көшбасшылардың деңгейіне шығару.
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұжымы Президенттің бастамаларын толығымен қолдайды және біздің ортақ болашағымыз бен ортақ тағдырымыз үшін осы бастамаларды жан-жақты насихаттауға, оларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға ықпал ететін болады.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
«Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ басқарма төрағасы-ректоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор
ҚАРАҒАНДЫ