Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев әскери қызметшілерге «Қазақстан Конституциясына 25 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» медальдарын табыс етті.
«Еліміздің Негізгі Заңының мағынасында теңдік пен тұрақтылық қамтамасыз етіле отырып, бүкіл қазақcтандықтардың мүдделері қамтылған, – деді министр өз сөзінде. – Ата Заңның әскер үшін маңызы зор».
Қорғаныс ведомствосының басшысы тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысын қорғау және қорғаныс қабілетін нығайту үшін Қарулы Күштердің әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Күн сайын жауынгерлік дайындықтың сапасы мен қарқыны жаңа деңгейге көтеріліп, әскерлердің техникалық жабдықталуы жетілдірілуде, әскери қызметшілер әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етілуде.
«Отан қорғау жолында конституциялық борыш пен жеке сенімге сүйене тұрып, әскердің әлеуетті болуы қажет. Саналы түрдегі таңдауды басшылыққа ала отырып, Қарулы Күштер әрдайым өзінің басты мақсаты – Отаны, халқы, Президенті мен Елбасыға адал болуы керек!», деп атап өтті министр.
Қазақстан Республикасы Президенті – ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысының жарлықтарымен Қарулы Күштердің 260 әскери қызметшісі мен қызметкері медальмен марапатталды. Қорғаныс министрінің бұйрығымен 38 адамға грамота табысталды.
Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен құралымдарында да бір уақытта Конституцияның мерейтойына арналған салтанатты шаралар өткізілді.
Мерекелік жиындар кезінде карантин шаралары сақталып, қашықтық режімде өтті.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде: «Қазақстан Конституциясында әлемдік құқықтық ойдың озық жетістіктерімен ұштасқан қазақ халқының сан ғасырлық бай тәжірибесі және даналығы көрініс тапқан», деді.