
Грузияның қазіргі іс үстіндегі президенті Михаил Саакашвили елді тастап шықты. Дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні ол ұшақпен Брюссельді бетке алды. Бұл туралы «Рустави-2» телеарнасы хабарлады.
Гүржістан басшысы ұлтқа қоштасу үндеуін оқып берген бойда ұшып кетті. Осы жәйт ел ішінде көп қауесет туғызып үлгерді. Соның бәрі оның Тбилисиге енді қайтып келмейтіні турасында өрбіді. Алайда, қарашаның басында инаугурация өткенге дейін формальды түрде елдің президенті болып қала беретін Мишико Саакашвили бұл алып-қашты әңгімелердің негізсіз екенін айтты.
«Мен өзімнің Еуроодаққа барып-шығуымды нышандық нәрсе деп білемін. Мұнда келгенде елде кеше өткен сайлаудағы өзімнің ұстанған бағытымды жеткізбек болдым. Егер Грузия алдағы уақытта дұрыс бағытта жүрмейтін болса, жағдай нашарлайды. Мені тек өзіміздің ел үшін біраз нәрсені істеп үлгергеніміз қуандырады», - деді ол.
Айта кетейік, Саакашвилидің саяси қарсыласы Георгий Маргвелашвили президент сайлауында жеңіске жеткенге дейін-ақ Грузияда бұрынғы президентке қатысты қылмыстық іс қозғалатыны айтылып жүрген еді. Атап айтқанда, әңгіме премьер-министр Зураб Жванияның 2005 жылғы ақпандағы өліміне қатысты жайлар қайта тексеруден өтілмек. Ал қазір Грузияда билікті ауыстыру қазірдің өзінде қызу басталып кетті. Сейсенбі күні елдің бес облысындағы губернаторлар алмасты. Сол сияқты Саакашвилидің кезінде шет ел асып кеткен бірқатар оппозиция мүшелері қайта оралатындарын білдірді.
Сәкен Майлыбай.