Іскерлік кеңестің басты миссиясы - АҚШ Сауда палатасының кеңейтілген платформасы арқылы екі ел арасындағы экономикалық байланысты одан әрі тереңдету. Кеңес төрағасының қызметін Қазақстан экономикасына ең ірі инвестор болып табылатын Chevron компаниясы атқарады. Кеңестің хатшылығы Вице-президент Хуш Чоксидің жалпы басшылығымен АҚШ Сауда палатасының арнайы аумақтық департаментінде орналасады.
Сауда палатасының хабарламасында Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы жылына шамамен 2 миллиард АҚШ долларын құрайтыны және ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен өндірісі және инфрақұрылым секілді салаларда өзара сауданың одан әрі өсуіне үлкен мүмкіндіктер бар екендігі айтылған. Қазіргі уақытта Қазақстанда 700-ден астам американдық компаниялар жұмыс істейді.
АҚШ Сауда палатасының Вице-президенті Майрон Бриллиант атап өткендей, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанының 30 жылдығы қарсаңында ұйым екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға белсенді қатысуға ниетті.
"Қазақстандық-американдық Іскерлік кеңестің АҚШ Сауда палатасы құрамына кіруі бизнес қауымдастықты осы маңызды және стратегиялық қарым-қатынасты дамыту үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді", - деді Еуразия-Тынық мұхиты өңірі бойынша Chevron компаниясының президенті Найджел Хирн.
Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Қазыханов "Біз АҚШ Сауда палатасында қазақстандық-американдық Іскерлік кеңестің ашылуын Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті кеңейтуге қуатты серпін беретін және екі елде жаңа жұмыс орындары мен мүмкіндіктердің пайда болуына ықпал ететін тарихи оқиға деп бағалаймыз. Орталық Азиядағы жетекші экономика ретінде Қазақстан АҚШ-тың сенімді серіктесі болып қала береді және америкалық компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын".
АҚШ Сауда палатасы 3,5 миллионға жуық американдық компаниялардың, 3 мың аймақтық палаталардың мүдделерін біріктіреді және шетелде 90-нан астам өкілдігі бар әлемдегі ең ірі іскерлік ұйым.