Қазақстан • 02 Қыркүйек, 2020

Энергетика министрлігі мұнай-газ секторын экспорттауға қатысты ауқымды жұмыс жүргізуде

321 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Энергетика саласындағы қазіргі және орта мерзімді жоспарлар туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев баяндады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Энергетика министрлігі мұнай-газ секторын экспорттауға қатысты ауқымды жұмыс жүргізуде

Мұнай-газ секторы еліміздегі жалпы ішкі өнімінің шамамен 25%-ын өндіретін және экономикаға 50%-ға жуық инвестиция тартатын ел экономикасының негізгі қозғаушы күші болғанына қарамастан, Министрлік мұнай-газ секторын шикізаттық бағыттан қосылған құны жоғары, экспортқа бағдарланған өнімді шығаруға және жоғары бөліністі мұнай газ-химия өнеркәсібін дамытуға қайта бағдарлау бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Жаңа кәсіпорындарды іске қосу және жұмыс істеп тұрған хош иісті көмірсутекті, майлар мен полипропиленді өндіру зауыттарының өнімді шығару көлемдерін үдетуіне байланысты жыл сайын мұнай газ-химия өнімдерін шығаруда өсім байқалады.

Бүгінгі таңда салада 2025 жылға дейін жалпы сомасы шамамен $15 млрд құрайтын жобалар қолға алынды. Министрдің айтуынша, мұнай газ-химиясы саласын дамытуға инвестициялар тарту үшін Үкімет тарапынан нақты мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Арнайы аймақта мұнай газ-химиясы өндірісін дамытуға арналған бірыңғай алаңды құру инфрақұрылымды салу, шикізатпен қамтамасыз ету, көлік шығыстары бойынша шығындарды едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді, бұл өз алдына іске асырылып жатқан жобалардың экономикалық тартымдылығын айтарлықтай жақсартады. 

"Ал ірі жобаларға тоқталатын болсақ, бүгінгі таңда қуаты жылына 500 мың тоннаны және құны $2,6 млрд құрайтын полипропилен өндіру жөніндегі газ-химия кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаны аяқтау мерзімі – 2021 жылдың соңы", деді ведомство басшысы.

Бүгінде Министрлік Полиэтилен өндіру жобасын іске асыру үшін зәкірлі инвесторды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.  Мұнай өнімдері және электр энергиясы саласындағы биржалық сауданы тәртіпке келтіру, сондай-ақ бәсекелістікті одан әрі дамыту бойынша Президенттің берілген тапсырмаларын орындау мақсатында келесі шаралар ұсынылады: өнімдерді арнайы тауар биржасы арқылы кезең-кезеңімен сатуды жүзеге асыру үшін электрондық сауда алаңдарына және тауарлық биржаға қойылатын талаптарды әзірлеу;

электр энергиясы нарығында бәсекелестікті дамыту мақсатында энергия өндіруші ұйымдарды электр энергиясын орталықтандырылған сауда алаңы арқылы өткізуге міндеттейтін заңнамалық актілерді қабылдау;

электр энергиясын жеткізушілерді еркін таңдау құқығын қамтамасыз ету мақсатында тұтынушыларды қызмет жеткізушілермен байланыстыратын бірыңғай цифрлық платформаны құру; бизнес ахуалды жақсарту үшін бизнес субъектілерін электрмен жабдықтау жүйесіне қосуға арналған "Бір терезе" қағидатын әзірлеу. Бұл шара электр желілеріне қосу рәсімдерін оңайлатуға мүмкіндік береді. Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға міндеттемелерінің жыл сайынғы орташа сомасы шамамен 9 млрд теңгені құрайды.

ҚР Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын жинауды орталықтандыру және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қаржыны ашық бөлу үшін келесіні ұсынады:  көмірсутектер мен уран саласында Ұлттық ғылыми кеңес құру;

ҚР Білім және ғылым минстрлігінің ақпараттық жүйесі негізінде жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын қаржыландырудың барлық циклін оңтайландыру және автоматтандыру.

Н.Ноғаевтың айтуынша, мұнай және газ конденсатын есепке алу ақпараттық жүйесін енгізу мұнайды өндіру, өңдеу және тасымалдауды есепке алуды автоматтандыруға, сондай-ақ талаптарды орындауға мониторингті автоматтандыруға мүмкіндік береді.

"Энергетика министрлігі өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі қалыптастыру мақсатында шетелдік инвесторлармен бірлесіп құрылатын жергілікті қамтуды дамытуға тікелей инвестициялар құру, сондай-ақ жалпы шығындардың 1% мөлшерінде цифрландыруға жер қойнауын пайдаланушылардың салықтары мен шығындарынан босататын нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау бойынша жұмыстар жүргізуде", деді энергетика министрі.

"Жасыл экономиканы" дамыту тұжырымдамасы аясында 2050 жылға қарай тұтынатын энергияның 50%-ы жаңартылатын энергия көздерін қоса алғанда, баламалы энергетика есебінен жабылуы тиіс. Экологиялық таза энергия көздерін дамытуды ынталандыру үшін баламалы энергетиканы қолдау жөніндегі жаңа Заң қабылдау жоспарланып отыр. 

"2019 жылы мұнай-газ саласында тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі шамамен 7 трлн теңгені құрады. Ірі жобалардағы жиынтықты жергілікті қамту шамамен 39%-ды құрады. Бұл ретте жергілікті өндіріс тауарларының көлемі шамамен 10%-ды құрады. Энергетика министрлігінің жұмысы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі мұнай-газ жобаларындағы жергілікті қамту үлесін арттыруға бағытталады", деді Н. Ноғаев. 

Қазіргі уақытта Министрлік мұнай-газ секторы нарығындағы жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік беретін екі бастаманы іске асыруда. Оларды жақын арада жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл — жергілікті қамту қорын және мұнай-газ машиналарын жасау мен сервисті дамытудың халықаралық орталығын құру.

"Аталған Орталық жұмысының мақсаты – ҚР мұнай-газ саласы үшін тауарлар/көрсетілетін қызметтер өндірісін жергіліктендіру. Атап айтқанда, жаңа өндірістер мен сервистік орталықтарды ашу, сондай-ақ жұмыс істейтін отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту. Бұл орталық операторлар қажеттілігі үшін тауарларды/көрсетілетін қызметтерді өндірудегі және жеткізудегі жергілікті тауар өндірушілердің/сервистік компаниялардың олқылықтарын жоюға мүмкіндік береді", деп түйіндеді Н.Ноғаев.