Қазақстан • 02 Қыркүйек, 2020

Алик Шпекбаев: Шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік енгізіледі

1064 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік енгізіледі. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz

Алик Шпекбаев: Шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік енгізіледі

"Достар, өздеріңізге белгілі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту – Мемлекет басшысы саясатының басты бағыттарының бірі. Қазіргі таңда Үкіметпен бірлесіп, ЭЫДҰ, ГРЕКО, БҰҰ ұсынымдарынан туындайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар пысықталды. Олардың негізгісі – шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті енгізу", дейді Алик Шпекбаев.

Алик Шпекбаевтың айтуынша, 2021 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңін іске қосып, келесі тетікті ұсынылады. Бастапқы кіріс декларациясында мемлекеттік қызметші өзінің барлық активтерін тіркейді. Егер кезекті декларацияны тапсыру кезінде оның негіздей алмайтын табысының едәуір өсуі анықталса, оған мемлекеттік қызметтен босату және негізсіз асып кеткен соманы тәркілеу шарасы қолданылатынын атап өтті.

– Дамыған елдерде қолданылатын кәсіби сатылмаушылыққа тексеру институтын енгізу біршама алдын алу әсерін беретін болады.  Сондай-ақ, күн тәртібінде мемлекеттік қызметші емес, бірақ жариялық міндеттерді орындайтын тұлғаларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолдану мәселесі де бар. Яғни, біз пара алғаны үшін коммерциялық банктердің топ-менеджерлерін, табиғи монополиялар субъектілерінің басшыларын, жеке сот орындаушыларын және жария қызметшілердің басқа санаттарын мемлекеттік қызметшілер сынды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынамыз. Бұл тәжірибе бүкіл әлемде кең таралған, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.

Сондай-ақ ол қоғамның сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға деген талпынысы бұрынғыдан да зор. Сондықтан жемқорлыққа қарсы кешенді реформалардың өзектілігін асыра бағалау мүмкін еместігін тілге тиек етті.

"Елбасы мен Мемлекет басшысының толық қолдауына ие бола отырып, біз алдымызға Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең пәрменді құралдарды енгізу мақсатын қоямыз. Бұл – экономикалық өсу мен азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі шарты", дейді Алик Шпекбаев.