02 Қыркүйек, 2020

Ауыл тұрғындары қарапайым медициналық көмекке мұқтаж

332 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында медицинаның дамуына тың серпін берілетінін атап өтті. Әсіресе, ауылдық елді-мекендердегі тиімді денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге 3 жылдай уақыт қажет деді. Шын мәнінде, бұл игі бастама. Мемлекетіміздің құндылығы – халық десек, халық үшін бастысы – денсаулық. Елді-мекендердегі халық денсаулығы, әсіресе, өзекті.

Ауыл тұрғындары қарапайым медициналық көмекке мұқтаж

Мұны мен дәрігер ретінде ғана емес, ауылда туып-өскен, еңбек етіп жүрген азамат ретінде айтып отырмын. Көпшілік ауылдардағы тұрғындар қарапайым медициналық көмекке мұқтаж. Оның үстіне, дәріханалардың жоқтығы қиналтады.

Менің дәрігер ретіндегі арманым елді-мекенде кабинет ашу болатын. Осыдан 4-5 жыл бұрын сол арманға қол жеткізіп, Қызылорда облысы, Махамбет ауылынан кішкене ғана клиника мен дәріхана аштық. Өткенде ғана короновирус пандемиясының ушығып тұрған кезінде қаншама ауыл адамы дәрі іздеп шарлап кетті. Сол кезде халық үшін дәріхананың қажеттілігіне тағы бір көз жеткіздім.   

Сонымен қатар, Президент алыс елді-мекендерде көліктік медицинаны жаңғыртуды қолға алуды атап өтті. Бұрындары ол сала жақсы дамыған еді. Қазір қайта жаңғыртар болса нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпы, мемлекетіміздегі биліктің халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, заман ағымына сәйкес өзгере білуі қуантады.    

Қазіргі республика деңгейінде денсаулық сақтау жүйесінің мәз емес екені баршаға мәлім. Әсіресе, материалды-техникалық базаның жеткіліксіздігі, білікті мамандардың аздығы, медициналық қызмет сапасының төмендігі, ал ең бастысы дәрігерлердің айлығының аздығы медицина саласына жаңа кадрлардың баруына кедергі.

Мысалы, АҚШ медицина саласына жылына жалпы ішкі өнімінің (ВВП) 16,4 пайызын жұмсайды екен, ал, Швейцария 12,1%. Біздің еліміздегі бұл көрсеткіш 3,4% шамасында.

Жалпы, кез келген елдің денсаулық сақтау жүйесін сол елдегі адам өмірінің ұзақтығымен өлшейді. Әдетте. Бұл жағынан келгенде Қазақстан жағдайы мәз емес. Адам өмірінің ұзақтығы бойынша Қзаақстан әлемде 111 орында. Бұған адамға дер кезінде шұғыл көмек беру, емнің көптеген түрлерін жергілікті жерлерде көрсету, тағы басқа факторлар әсер етері сөзсіз.

Әрине, халықтың да өмір сүру салтына өзгеріс енгізу қажет. Салауатты өмір салты, таза ауа, дене шынықтыру, дұрыс тамақтану деген сияқты.

Мемлекет медицина саласының инфрақұрылымын дамытуға, осы салаға мән беруді қолға алды. Ендеше, біз де өз тарапымыздан барынша қолдан келгенді аямайтын боламыз.

 

Махмуд Есенгелдиев, дәрігер