Әлем • 03 Қыркүйек, 2020

Рига билігіне жаңа коалиция келеді

225 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Латвияда 29 тамызда Рига қа­ласы думасының кезектен тыс сайлауы өтті. Дауыс беру қоры­тындысы бойынша латыш тіліне басымдық беретін партия жеңіске жетті.

Рига билігіне жаңа коалиция келеді

Орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне сүйенсек, бірлескен «Даму үшін/Келісемін» және «Үдемелі» партияларын электораттардың 26,16 пайызы қолдаған. Ал бұған дейін шаһар думасын басқарып келген «Келісім» партиясы 16,89 пайыз дауыс жинаған. «Жаңа ынтымақ» партиясы 15,24 пайыз қолдауға ие болған.

Негізі сайлау 2 мамырда өтуі тиіс еді. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты дауыс беру алдымен
6 шілдеге, кейіннен 29 тамызға шеге­ріл­ді. Биылғы саяси доданың бір ерекшелігі – депутаттар әдеттегідей 4 жылға емес, 5 жылдық мерзімге сайланды.

Айта кетерлігі, «Келісім» 2017 жыл­ғы сайлауда «Ригаға қызмет ету абырой» партиясымен бірлесіп, коалиция құрып, думаны басқарды. Сол кезде қос партия 32 орын, 2013 жыл – 39, 2009 жылы – 38 орын иеленді. Биылғы сай­лауда «Келісімге» – 12, ал олардың бұрынғы әріптестері «Ригаға қызмет ету абырой» партиясына 5 орын ғана бұйырды. Осылайша бұл коалиция 2009 жылдан кейін алғаш рет Рига думасында лауазымды қызметке өз өкілін ұсына алмайды. Бір ерекшелігі сол, бұл екеуі де елдегі орыс этносының партиясы са­на­лады.

«Даму үшін/Келісемін» және «Үде­мелі» бірлескен партиялары (18 орын) коалиция құрып, қаланы басқарады.

«Риганы қайтадан латыш етеміз» деген ұранды ұстанған «Ұлттық бірлестік» партиясы коалиция құрамына енбек. Әрине, қазіргі таңда шаһардың көп­шілігі орыс тілінде сөйлейді. Бірақ партия өз мақсатына біртіндеп жетіп келеді де­сек қателеспейміз. Биылғы сайлау қоры­тындысына сай, қала басшылығы толықтай ұлтшылдардың қолына өтті.

«Келісім» – Латвиядағы ең үлкен жә­не ең бай партия. Соңғы рет өткізілген пар­ламенттік сайлауда аталған партия жеңіске жетті. Осылайша мемле­кет­тік бюджеттен басқаларға қара­ғанда әлдеқайда көп қаражат алды. Оппо­зиция «Келісімді» орыс тіліне және орыс тілді электораттарға басымдық береді деп сынап жүр. Оның үстіне, «Еди­ная Россия» партиясымен ынты­мақ­тастық жөнінде келісімге келгені де ұнаған жоқ.

Ел президенті Эгил Левитс LTV арнасына берген сұхбатында көп ұзамай Ригада қалыпты билік орнайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, шаһар әлі күнге дейін өз әлеуетін толыққанды пайдаланған емес. Президенттің сөзі­не сүйенсек, Рига кейінгі жылдары жо­ғалтқан имиджін қайтаруға толық мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ ел басшысы Риганы басқа­ратын коалиция шаһардың келе­шегін егжей-тегжейлі талқылап, бірлесе отырып жұмыс істеудің қажеттігіне екпін берді. Оның айтуынша, ендігі жерде партиялар бәсекелестікті доға­рып, әріптестікке көшуі тиіс.

Премьер-министр Кришьянис Кариньш Ригадағы жеңісті тарихи оқиғаға балап отыр. Оның айтуынша, басқарушы партия электораттың пікірін өзгертуге қауқарлы. Сондай-ақ Ригадағы кезектен тыс сайлаудың қо­рытындысы мемлекетті басқаруды жаңа кезеңге әкелгенін де жеткізді.

Латвия бұқаралық ақпарат құрал­дарының хабарлауынша, жаңа коалицияны 4 партия құрамақ. Олардың қатарында «Даму үшін/Келісемін» және «Үдемелі» бірлескен партиялары және «Жаңа бірлік» партиясы бар. Әзірге партиялар қала мэріне Мар­тиньш Стакисті ұсынып отыр.

Мартиньш Стакистің сөзіне сүйен­сек, алдағы уақытта коалиция әлеу­меттік мәселелерге басымдық бермек. Атап айтсақ, балабақшалар мен мектепке дейінгі мекемелердегі кезек саны барынша азайтылады. Сондай-ақ әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілмек. Бұдан бөлек, арзан тұрғын үймен қамту, қоршаған ортаны қорғау, қаладағы кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылады.

Жалпы, «Келісім» 2011 жылдан бергі сайлаулардың бәрінде басым түсіп келген. Бірақ коалиция құрып, парламент басқарған емес. Есесіне, «Келісім» мен оның көшбасшысы Нил Ушаков
11 жылға жуық уақыт бойы Рига қала­сын басқарды.

Мұның басты себебі – ел халқының тілдік айырмашылығына тікелей байланысты. Негізінен Латвия халқының басым бөлігі латыш тілінде сөйлейді, ал Ригада орыс тілі басым. 2011 жылы өткен санақтың қорытындысына сай, шаһар тұрғындардың 50 пайызы орыс тілінде сөйлейтінін айтқан. Бірақ ел бо­йынша латыш тілін қолданатындар саны 62 пайызға тең. Сондықтан «Келісімге» негізінен орыс тілді электорат да­уыс береді.

Бұлай деп кесіп айтуымыздың себе­бі мынада: 2012 жылы Латвияда жал­пы­халықтық референдум өткен-ді. Сол кезде орыс тілін екінші ресми тіл ретінде қабылдау мәселесі қарал­ды. Халықтың басым бөлігі «жоқ» деп жауап бергенімен, орыс тілін қол­да­ған­дардың саны бұған дейінгі сайлаулар­да «Келісімге» дауыс бергендерге тең. BBC арнасының хабарлауынша, биыл­ғы саяси додада «Келісімді» қолдау­шылар дауыс беруге келмей қалған.

Мәселенің бәрі – партия көшбас­шысы Нил Ушаковқа тікелей байланысты. Биыл бұқаралық ақпарат құралдарында оның жемқорлыққа қатысы бар екені айтылып, қызметінен кеткен-ді. Содан кейін-ақ «Келісімнің» келісімі бұзылды. Депутаттар партия құрамынан шығып, қаланы басқарудан қалды. Осылайша Риганың кезектен тыс сайлауы өткен еді.

Сарапшылардың пайымдауынша, Нил Ушаковқа қатысты даудан бөлек, бұқаралық ақпарат құрал­дары да «Келі­сімнің» жеңілуіне әсер етті деп есеп­тейді. Мәселен, «Келі­сімді» қол­дай­тын «Бірінші балтық арна­сының» жаңалықтар бөлімі соңғы рет 19 наурызда эфирге шыққан екен. Содан бері ресейлік «Бірінші арна­ның» өнімдерін ұсынып келеді. Соңғы есептеу бойынша «Бірінші бал­тық арна­сының» аудиториясы 8 па­йызды құраған. Ал «Келісімді» қол­дайтын басқа бұқаралық ақпарат құрал­дарының айтарлықтай беделі жоқ.

Жемқорлыққа қатысты даудың ша­ңы басылған соң, Ушаков Еуро­пар­­ламентке тағайындалған. Соған бай­ланысты сайлау кампаниясын тек интернет арқылы жүргізді. Ал шаһарда партия атынан ешкімге танылмаған Конс­тантин Чекушин есімді азамат сын­ға түсті.

Жалпы, биылғы сайлауда орыс эт­носының партиясы саналатын 4 пар­тия сынға түскен. Олардың бәрі электорат­тармен орыс тілінде сөйлеседі әрі этностық бірегейлік туралы мәселе көтеріп жүр. Биылғы дауыс беру қоры­тындысы бойынша «Келісім» мен «Латвияның орыс одағы» партиясы ға­на думадан орын алуға жеткілікті қол­дауға ие болды. Осылайша 2022 жылғы парламенттік сайлауда елде орыс тіліне басымдық беретін бірде-бір партия қалмауы мүмкін.

Латвия – Қазақстанның Балтық жағалауы елдеріндегі басты сауда-эко­но­микалық әріптестерінің бірі. Был­тыр екіжақты тауар айналымы 75,2 миллион долларды құрады.

Еліміз Латвияға ауыл шаруашылығы өнімдері, табиғи газ, көмір экспорттап, машина және жабдықтары, электро­ника, азық-түлік, дәрі-дәрмектер импорттайды. Қазақстанда латыш капиталының қа­ты­суымен 100-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

Сондай-ақ Вентспилс портында Қазақстанның астық терминалы орна­лас­қан. Бұл – Еуропалық одақтағы ал­ғашқы қазақстандық нысан. Осы порт арқылы отандық астық әлем нарығына шығарылады.