Қаржы • 03 Қыркүйек, 2020

Жүйені біржола жетілдіру керек

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президенттің былтырғы Жолдауында ел халқының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі айтылған еді. Аталған тақырып осы күнге дейін түрлі деңгейде талқыланып, пысықталды. Ал биылғы Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банкке осы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Жүйені біржола жетілдіру керек

Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл реформа еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналмақ. Сондай-ақ өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеуметтік көмек болары да дау­сыз.

Жасыратыны жоқ, зейнетақы жүйесі төңірегінде жинақталған мәселе аз емес. Солардың бәрі Жол­даудағы тапсырмаларды орындау барысында түбе­гейлі шешілуі керек деп есептеймін. Ол қандай мәсе­лелер дегенге келсек, негізгі бес бағытты атар едім.

Біріншіден, қазір төленіп жатқан зейнетақының 10-15 пайызы ғана зейнетақы қорынан аударылып отыр. Қалған 80 пайызға жуығы мемлекет есебінен төленуде. Демек, бюджетке салмақ түсуде. Алдымен осыны реттеу керек.

Екіншіден, соңғы бес-алты жылда зейнетақы қоры аясында жинақталған инвестициялық табыс шамамен 56 пайызды құрайды. Ал дәл осы мерзімде жинақталған инфляция 56 пайыздан асады. Екеуін салыстырар болсақ, зейнетақы қорында жинақталған қазақстандықтардың салымы өз құнын жоғалтып отырғанын байқаймыз. Яғни, бұрынғы әлеуетінен айырылуда. Бұл проблеманы шешу үшін елдің экономикасы мен қаржысына жауапты мекемелер инфляцияны азайтып, инвестициялық табысты арттыру мәселесімен айналысуы керек.

Үшіншіден, біздің зерттеуіміз бойынша бір жыл ішіндегі 12 айда шамамен 2,5-2,7 млн адам ғана зейнетақы жарнасын тұрақты түрде төлеп отыр. Ал Статистика комитетінің дерегінше, республикада 8-8,5 млн адам жұмыспен қамтылған. Байқап отыр­ғандарыңыздай, жарнаны жұмыс істей­тін халықтың 30-40 пайызы ғана тұрақты түрде аударуда.

Төртіншіден, тұрақты жарна тө­лей­тіндердің шамамен 63 пайызы небәрі 40-60 мың теңгелік жалақыны көрсеткен. Демек, бұл жерде «көлеңкелі экономиканың» белгілері де жоқ емес. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, жыл басында республика бойынша орташа жалақы 180-190 мың теңге болды. Ал жарна төлеп отырғандар 40-60 мың теңгені ғана көрсетіп отыр. Яғни, қалғаны «көлеңкелі экономиканың» еншісіне тиюде.

Бесіншіден, Жолдауда 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алатыны айтылды. Біздің есебімізше, жинақ жүйесіндегі халықтың көп бөлігінің салымы 1 млн теңгеге жетпейді. Мұндай адамдардың жалпы саны 6,5 млн-ға жуықтайды. Бұл да өзекті мәселенің бірі.

Жоғарыда инвестициялық табыстың өз құнын жоғалтып отырғанын айттық. Мұны қалпына келтірудің бірден-бір жолы – ақша-несие саясатын реттеу. Президент Жолдауда бұған да арнайы тоқталды. Ақша-несие саясаты жақсарса, экономикадағы инфляцияның үлесі азайып қана қоймай, зейнетақы қорында жинақталған халықтың салымдарының құнсыздануы да барынша төмендейді. 

 

Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ,

Экономикалық саясат институтының директоры