Суреттерде: Бозоқ қалашығы бойынша жоспарланып отырған ортағасырлық музей-қорықтың сәулет көріністері
Жуықта осы жерге Мәдениет және спорт министрлігі Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорық директоры Сәуле Бөрібаева ханым бастаған және аталған нысанға көп жылдан бері археологиялық қазба-барлау жұмыстарын жүргізіп келе жатқан ғалым, К.Ақышев атындағы археология институтының басшысы Марал Хабдулина қостаған бір шоғыр қауым қалашық басында халқымыздың дәстүрлі мұрасы «сірге жияр» рәсімін өткізумен қатар, жиналған көпшілікке ежелгі мекен туралы ғылыми таныстырылым жасады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы жарық көрген «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде: «1820 жылы Ресей императорлық «Сибирский вестник» журналында орыс кен инженері Иван Шангиннің күнделігі жарияланды. Осы күнделік беттерінде Шангин Бас штаб тапсырмасы бойынша 1816 жылы Есіл-Нұра бойын зерттеп, Бозоқ көлінің жағасында көне қалашық орны барын баяндаған. Осы дерекке сүйене отырып мен Астана төңірегінің археологиялық картасын жасауға бастама көтердім... Сонымен 180 жылдан кейін, 1999 жылы осы жұмысты атқаруды зор құлшыныспен қолға алған академик Кемел Ақышев бастаған археологиялық экспедиция қазіргі Астанадан он бес шақырым жерде жатқан қаланы қазуға кірісті. Кейін анықталғандай, қаланың нағыз атауы Бозоқ екен. Ғалымдар қаланың гүлденуі Х-ХІІ ғасырларға келетінін анықтады. Бұл олжаның құндылығы – орта және одан ерте көне ғасырларда дала өлкесі өз қалалары мен қоныстары болған көшпелі мәдениеттің нағыз қайнары және ошағы екендігін дәлелдеп отыр» депті.
Елбасының жоғарыдағы пайым-пікірі соңғы жылдары қалашық аумағына жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде толық дәлелденіп отыр. Нысанға 1999 жылдан бастап тұрақты зерттеу жүргізіп келе жатқан Есіл стационарлық археологиялық экспедициясының жетекшісі Марал Хабдулинаның қорытынды есебіне қарағанда, Бозоқ ескерткіші хронологиялық тұрғыдан түрлі нысандар кешенінен тұрады: ежелгі түрік ғибадатханасы, ортағасырлық қалашық, Алтын Орда кезеңінің қорымы, стационарлық тұрғын үйлер, өндіріс орындары, қазақтардың қыстауы және суару жүйесі т.б. Сонымен қатар қалашық материалдары төрт ортағасырлық мемлекеттік құрылымдардың тарихын көрсетеді: Түрік қағанаты, Қыпшақ хандығы, Алтын Орда және Қазақ хандығы. Яғни, қалашық VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейін, ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен саудасын бақылайтын қыпшақтардың қонысы болды деген болжам бар. Қыпшақ дәуірінде бұл жерде егіншілік ісі өркендегені байқалады. Оған дәлел – стационарлық, өндірістік және ирригациялық құрылыстардың қалдықтары, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, әшекейлер, монеталар т.б. Ал XIV ғасырда қалашық Нұра-Есіл аймағының исламданған элитасының рухани орталығына айналып, діни-мемориалдық кешен қалыптасыпты. XVIII-XIX ғасырларда мұнда қазақтың шаруашылық нысандары (қыстаулар) орналасқан көрінеді.
Осы орайда, көне қалашықтың көлемі және ежелгі орналасуы жайлы зерттеген тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Ғаниева, ескерткіш кешен аумағы 412 гектар екенін алға тартып, Бозоқ ортағасырлық қалашығын қалпына келтіру арқылы Ботай, Сақ, Ғұн, Түркі және Қазақ хандығының бес хронологиялық тарихи кезеңдерін бейнелейтін қоныстардың археологиялық саябақ кешенін жасауға толық негіз бар дейді. Нақтырақ айтқанда, ежелгі дәуірдің сол кезеңдерін бейнелейтін жанды музей құру қажет. Мұндай музейлер әлемдік тәжірибеде бар. Қазіргі таңда елімізде 240-тан астам музей болса, олардың 12-сі қорық-музей есебінде. Бұл барлық музейлердің 5 пайызын құрайды. Елімізде қазірге дейін бірде-бір республикалық мәртебесі бар археологиялық және этнографиялық профильді музей жоқ. Осы сұранысты қанағаттандыруға Бозоқ ескерткіш кешені сұранып тұр.
2004 жылы Бозоқ қалашығында шетелдік сарапшылардың қатысуымен халықаралық ғылыми форум өтті. Форумның қорытындысы бойынша резолюция қабылданды және қалашықтың ғылыми және мәдени маңызы туралы сараптамалық пікірге қол қойылды. Сөйтіп алғаш рет ескеркіш материалдары Еуразияның ғылыми археологиялық кеңістігіне енді.
Осылай жалғасын тапқан жұмыстың нәтижесінде 2018 жылы Үкімет қаулысымен Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы құрылды. «Мұндағы мақсат – көне қалашыққа археологиялық қазбалар негізінде «Ашық аспан астында ұлттық саябақ» жобасын іске асырып, сол арқылы еліміздегі ежелгі және ортағасырлық стационарлық ескерткіштерді қалпына келтіру» дейді музей-қорықтың ғылыми қызметкері Қажымұрат Төлегенұлы.
Жоғарыдағы жобаның алдын-ала белгіленген бейімдік жоспары бойынша, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында сипатталғандай, ата-бабаларымыздың жетістіктерін бейнелейтін музей-қорықтың сәулет көрінісін тұжырымдап, ойын-сауық, демалыс, спорт, денсаулық функциялары маңызды болатын сапалы жаңа форматты жанды музейін құру.
Яғни, музей аумағында археологиялық парк, музей-ғимараты, отбасылық демалыс орталықтары, балаларға арналған жасөспірімдер лагері, амфитеатр, биопарк, левадалар, саябақ аймақтары, шығыс базарлары, қолөнер шеберханалары, тақырыптық дәмханалар, шәйхана, алма бақшалары болады. Толық кешен 300 гектар аумақта орналасады.
Жоғарыдағы археологиялық саябақты іске қосу Еуразияның ежелгі және ортағасырлық тарихында отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне негізделіп, қалпына келтіру жұмыстары ескерткіштің археологиялық зерттеулері нәтижесі бойынша жасалмақ екен.
Сонымен қатар бұл жерде энеолит кезеңіне тән Ботай қонысының тұрғын үйлері де тұрғызылады. Бұл – тас дәуірден металл өңдеуге дейінгі технологиялық серпіліс кезеңі мен жылқы өсіру мәдениеті дәуірін әйгілемек.
Осылайша, болашақта салынуы тиіс Археологиялық саябақ алдағы уақытта ғылыми және шығармашылық жобаларды іске асырудың платформасына айналып, елдің туристік картасында тартымды мәдени инфрақұрылым пайда болуына жол ашады. Сонымен бірге атқа міну мәдениеті мен дала өркениеті тарихымен толық танысуға мүмкіндік беретін көрінеді. Нәтижесінде, Бозоқ мәдениеті – елорданың туристік брендіне айналады.