Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 106 жоба жүзеге асырылуда. Өңірдегі халық ең тығыз қоныстанған ауданда жаңа мектеп салынып, саябақ жаңаруда, көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделіп, инженерлік жүйелер төселуде. Бұл жұмыстарға 11,5 млрд теңге бөлінген. Ал осы бағдарламаның нәтижесінде 3152 жұмыс орны құрылған, соның ішінде 1576 адам аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке тартылған екен. Жалпы, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 250 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ауданда жүзеге асып жатқан 106 жобаның 46-сы білім саласы бойынша іріктелген нысан. Атап айтқанда, Есік қаласында 1500 орынды мектептің құрылысы басталған, ал Әймен ауылындағы орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жасалуда. Сондай-ақ И.Саттаров атындағы мектеп жанындағы балабақша ғимаратына жаңғырту жүргізіліп, О.Жандосов атындағы мектептің шатыры қайтадан жабылып жатыр. Мұнан бөлек аймақтағы 42 мектептің әжетханасы жөнделіп, оқушыларға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Жалпы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы өңірдегі әлеуметтік саланың мұқтаждығын шешуге үлес қосып отырғанын айтуымыз керек. Мектеп құрылысы мен білім ошақтарындағы жөндеу, жаңғырту жұмысынан бөлек жергілікті емханалардың да жағдайы түзеліп қалатын болды. Мәселен, бағдарлама аясында облыстық бюджеттен Шелек политехникалық колледжінің күрделі жөндеуі басталып, осы Шелек ауылындағы аудандық аурухананың жапсаржайының құрылысы да жүргізілуде. Сол сияқты Көктөбе ауылында бір ауысымда 50 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Сондай-ақ, ауданның мәдениет пен спорт саласына қарасты нысандарға да күрделі жөндеу жүргізілуде. Жобаға 3 нысан енгізілген екен. Қазір Көлді аулындағы мәдениет үйі, Есік қаласындағы орталық мәдениет үйі және К.Бижанов ауылындағы спорт кешеніндегі жаңғырту жұмысы қарқынмен жүріп жатыр. Нысандардың барлығындағы құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталады.
Жол картасы бойынша аудандағы 5 ауылдың көшелері жарықтандырылса, Ащысай ауылының саябағы, Қызылшарық ауылындағы электр жүйелері қайта жаңартылып, салынуда. Ал Есік топтық су құбыры құрылысының бірінші кезегі бұл саладағы ең ірі нысан болмақ. Және Еңбекшіқазақ ауданындағы ішкі автокөлік жолдарын жөндеу жұмысының дені аяқталған. Мұндағы 46 нысанның 27-сі жөнделіп бітті. Ал жол жөндеуге 1,6 млрд теңге қаржы бөлінген болатын.
Айтпақшы, жақында Еңбекшіқазақ ауданында баспана кезегінде тұрған 60 тұрғынға жалдамалы пәтер кілті берілді. Есік қаласының №4 шағын ауданында орналасқан көпқабатты үйден жеке баспаналы көпбалалы отбасылар, аз қамтылған әулеттер және жетім балалар қоныс тойын тойлауда. Бұл пәтерлер аудан әкімдігінің жоспары бойынша бой көтерген, үй құрылысына мемлекеттік бюджеттен 709 млн теңге бөлінген. Көпқабатты үйдің маңында 3 мектеп, аудандық аурухана, полиция бөлімі, халыққа қызмет көрсету орталығы және басқа да мемлекеттік мекемелер жақын орналасқан екен.
– Ауданда тұрғын үй кезегінде 2581 адам тұр. Қазір 30 отбасына арналған көпқабатты екі тұрғын үй салынуда, алдағы жылдары 180 отбасыға арналған 3 үй салу жоспарланған. Ал жақында қолданысқа берілген жаңа үйден 60 адам пәтер алды, – дейді аудан әкімі Қуанышбек Қашқынбаев.
Алматы облысы