Пікір • 03 Қыркүйек, 2020

Реформалардың жаңа кезеңі

723 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президенттің Жолдауы мазмұны, жаңалықтары, мерзімі мен риторикасы жөнінен бұрынғы жолдаулардан едәуір өзгешелігі болды. Жолдау елде бұрыннан бар проблемаларды ашық көрсеткен пандемия дағдарысы әсерімен әзірленді.

Реформалардың жаңа кезеңі

Аты айтып тұрғандай, «іс-әрекет заманы» келді. Жолдау стратегиялық институционалды реформаларды жаңа жағдайда жалғастыру мақсатында әбден ойластырылып әзірленген. Бұл Президент командасы қоғамның мұң-мұқтажын ескеріп, проблемаларды шешуге ниетті екенін білдіреді. Ұсынылған жоспарлар елдегі мүмкін­діктерді және бұған дейінгі тәжіри­белерді ескеріп, бірізді, жүйелі маз­мұнда дайындалған.

Біріншіден, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі және Жоғары реформалар кеңесінің құрылуымен мемлекеттік басқару жүйесін реформалауды ұлттық статистикамен қоса енді Президенттің өзі тікелей бақылайды.

Демек, қоғамдағы саяси сұраныстар мен қажеттіліктердің орнын белгілі деңгейде жоғарыдағы институционалды өзгерістер толтыратын болады.

Саяси реформаларды технократтық сипатта жүзеге асыруға тағы бір маңыз­ды талпыныс жасалады.

Нақты нәтижеге бағдарланған ұлт­тық жобаларға мән берілмек. Бұл тұста жобалық менеджментке назар аудар­ғым келеді. Біздегі мемлекеттік жүйедегі ең сыналатын мәселе – кадр саясаты және нәтижеге жауаптының болмауы. Осы ретте мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері саны алдағы жыл соңына дейін 25% қысқармақ. Сол мақсатта дербес бюджеттік жоспарлау және меморгандарды реттеудің заңдық шаралары жетілдіріледі.

Екіншіден, «Жаңа экономикалық бағыт» аясында әртарапты, техноло­гиялық экономика құру жоспары жарияланды. Сонымен қатар отандық өнімдерді және шетелдік инвесторларды қорғау, бизнеске салықтық жеңілдіктер, көлеңкелі экономикамен күрес шаралары қарастырылған.

Жолдауда индустрияландыруға көп мән берілген: қайта өңдеу, инвестиция­лар, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік сатып алу, бизнесті реттейтін заңдар жетілдірілмек.

Ұлттық экономикада өңірлік мамандану қажеттігіне сәйкес Оңтүстік өңір – агроөнеркәсіпке, Шығыс пен Орталық – технология мен өндіріске, Батыс – мұнай мен инвестицияға, Солтүстік – шекарааралық саудаға күш салады.

Президенттің шаралары нарық­тық экономиканы күшейтуге бағыт­талған. Ол үшін әділ бәсекені рет­теуге Бәсе­ке­лестікті қорғау және дамы­ту агент­тігі құрылады. Мақсат айқын – экономи­када­ғы мемлекеттің монополия­лық рөлін азайту. Пандемия кезінде бизнес­тің әлеуметтік маңызы мойындалып, оны қолдау шаралары да ескерілді. Жаңа жекешелендіру арқылы кейбір мем­лекеттік кәсіпорындар сатылатын болады. Жер сатылмайды.

Үшіншіден, білім саласындағы белсенді азаматтардың ұсыныстары: «үздіксіз даму концепциясы», бейресми «балама білім беру», сертификаттау, «цифрлық теңсіздік» мәселелері Жол­дауда орынды қамтылған. Мұға­лім­дер жалақысы 25% өcеді. Мен үшін ғылыми орталықтарда 500 ғалым тағы­лым­дамадан өтетіні – ең жақсы жаңалық. Жас ғалымдарды тәрбиелеу үшін 1000 грант берілмек. Бұдан бөлек, мектепке дейінгі білім беру, халықтың әлеуметтік мәселелері назардан тыс қалмаған.

Төртіншіден, «алдағы реформалар қоғамды мемлекет басқаруға қатыстыру­ға бағытталады». «Азаматтық қоғамды дамы­тудың 2025 жылға дейінгі жоспары», «Қоғамдық бақылау туралы» заң қа­былдау, құқық қорғау жүйесін рефор­малау, қоғамдық кеңестерді күшей­ту, ауыл әкімдерін сайлау, мәслихаттар ашықтығы, онлайн-петиция беру меха­низмі, ІІМ, соттар мен прокуратура қыз­метін модернизациялау, адам құқық­тарын қорғау сияқты ірі өзгерістер болады.

Бесіншіден, аймақ­тағы логистикалық бәсекелестікке назар аударылды. Менің ойымша, қазіргі жағдай Қазақстанда реформалардың жылдам атқарылуын тездететін фактор.

Қорыта айтқанда, Президент атап көр­сеткендей, «бұл – реформалардың бас­­­тамасы». Президент Тоқаев страте­гия­­­лық өзгерістерді аталған жаңа агент­тік­­тер құру мен реформалар ар­қылы заң­дық тұрғыдан реттеп жүзеге асырмақ.

Бұл технократтық реформаларды жүзеге асыру – күрделі кезеңдегі елдің саяси-экономикалық тұрақтылығын сақтап, жаңа даму кезеңіне институционалды даму негізі болмақ. Президент осы реформалар арқылы мемлекеттік басқару жүйесіне оң өзгеріс енгізіп, қоғам, құқық сақтау және бизнес алаң­дарын­дағы саяси ықпалын арттыра алады.

 

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Түркістан облыстық филиалының директоры