Пікір • 03 Қыркүйек, 2020

Жаңа үлгімен дамитын ғылымға негізделген ел экономикасы

393 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы байсалды байыппен қабылданған, қазіргі күрделі жағдайда әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды қамтиды.

Жаңа үлгімен дамитын ғылымға негізделген ел экономикасы

Президент мемлекетті басқарудың жаңа үлгісін ұсынды, күрделі жағдайда әлеуметтік салада және экономиканы дамытуда жедел шешімдер қабылдау үшін тікелей Президентке бағынышты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Бұл өте дұрыс шешім, себебі мемлекеттік органдардың іс-қимылын адам ресурстарын барынша тиімді жұмылдыратын жаңа формат өте қажет.

Бүкіл әлемге қауіп төндірген пандемия еліміздегі басқарушы органдардың әлсіз тұстарын айқындап берді. Алмағайып заманда жедел шешім қабылдай алмау көптеген қиындықтар туғызды.

Бүгінгі қиын жағдайдан шығудың жолы әртараптандырылған және озық технологияларға негізделген экономика құру. Қазба байлықтарын, ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде шетелге шығару еліміздің экономикасының ең осал тұсы. Осы салаларда ғылымға негізделген қайта өңдеу өнеркәсібін тез арада жолға қою қажет.

ҚР Ұлттық инженерлік академиясының негізгі мақсаты ғылым мен өндірісті ұштастыруға бағытталған. Академияның 10 бөлімшесінің және өңірлердегі 13 филиалының мүшелері жолдау аясында Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың стратегиялық тұрғыдан маңызды өндірістерді дамыту тапсырмаларын орындау үшін жұмыс жасауда.

Үлкен өндіріс орындары бар Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарындағы академия мүшелері өңірлік даму бағдарламаларына атсалысуда.

Президент Жолдауы жаңа міндеттер қойып, сонымен бірге аймақтардың экономикасын индустриялық-инновациялық дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашады. Қазақстан инновациялық серпіліс жасап, өндірістік технологияның бесінші-алтыншы деңгейлерін дамытуға, экономиканы әртараптандыруға және прогрессивті құрылымдық өзгерістерге бағытталған тиімді инновациялық, технологиялық және құрылымдық стратегияны әзірлеп, жүзеге асырады.

Бұл облыстарда ірі металлургиялық және оған жанама кәсіпорындар шоғырланған. Өндіріс орындарының техникалық жарақталу деңгейінің жоғары, ғылым мен техниканың даму қарқыны жоғары, сондықтан отандық өндіріс пен қызмет көрсету секторының бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізу үшін тиімді инновациялық аймақтық саясатты әзірлеуге мүмкіндік мол. Мұның бәрі аймақ экономикасының тиімді және сапалы инновациялық дамуын қамтамасыз ету үшін түрлі экономикалық құралдарды тартуды қажет етеді.

Бұл жерде өңірдің инновациялық белсенділігін арттыруда негізгі элемент даму институттары, кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдар, ЖОО, ҒЗИ өкілдерінің қатысуымен бірлескен жұмыс болуы тиіс екенін атап өткен жөн.

Жалпы алғанда, облыстардың инновациялық дамуын тежейтін факторлар әлі де бар екеніне қарамастан, бүгінде Президент алға қойған міндеттерді жүзеге асыру аясында, аймақтағы кәсіпорындар мен салалардың экономикалық дамуының жаңа бағыттары айқындалады және дамиды.

Өңірлік бағдарламаларды әзірлеу кезінде перспективалы қайта өңдеу өндірістерін айқындау керек. Нарықтық қатынастар жағдайында өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі құраушысы оның сапасы болып табылады. Соңғы кездері бұл мәселенің өзектілігі елеулі дәрежеде өсті. Сондықтан мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев отандық өнімнің сапасын арттыруды, өндіріске жаңа технологияларды ендіруді, дайын өнімнің ассортиментін кеңейтуді алға тартты. Елімізде  пайдалы өнім шығарып, сол арқылы қолдағы бар ресурстарды тиімді пайдалануға аз шығын шығарып, сапалы әрі мол өнім өнідіруге, өнімнің өзіндік құнын арзандатып, еңбек өнімділігін арттыруға жан-жақты мүмкіндіктер  қарастырылуда.

Өңір кәсіпорындарының инновациялық белсенділік көрсеткіштерінің одан әрі өсуі инновациялық бизнеспен тікелей байланысты.

Бүгінгі күні басты мақсат тек қана өндірісті,  кәсіпорындарды ғана жандандыруға бағытталып қоймай,  ішкі нарық пен жалпы ішкі өнім көрсеткіштерін арттыруға, шағын жоғары технологиялық фирмаларды дамытуға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың тиімділігін арттыратын жұмыстарға, ғылыми зерттеулермен, жаңа технологияларды әзірлеумен белсенді айналысатын ұйымдар мен компанияларды ынталандыруға бағытталуы тиіс.

Көптеген ірі кәсіпорындардың болуымен және айтарлықтай жоғары ғылыми әлеуетімен сипатталатын индустриалды облыстар, шын мәнінде, өңір экономикасын жаңа инновациялық деңгейде дамудың мүмкіндігіне ие.

Пайдалы қазбалары бар өңірлер үшін бірінші кезекте геологиялық барлау жұмыстарын қайта жандандыру мәселесі тұр. Бұл геологиялық зерттеу жұмыстары Қазақстанның бәсекеге қабілетті минералды-шикізат базасын дамыту және өз деңгейінде ұстауға бағытталған. Ұлттық инженерлік академияның мүшелері геологиялық барлау жұмыстарына қазіргі заманғы жасанды интеллект элементтерін қолдануда. Бұл зерттеулер жаңа кен орындарын ашуға, ескі кен орындарын тиімді пайдалануға және моноқалалар мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Қ. К. Тоқаев инфраструктура, көлік саласына аса зор мән беріп отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңінің табысты аяқталғанын атап өтті. Екінші кезеңі қарқынды іске асырылуда.

Осындай жол жасау саласының алдыңғы шебінде Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты соңғы 10 жыл ішінде 200-ге жуық жаңа технологиялар мен материалдарға зерттеу жасады, инновациялық шешімдер қабылдады, үш ғылыми жаңалық ашылды. 170-ке жуық инновациялық технологияға негізделген жол телімдері салынды. Республика қалалары мен аймақтарында жергілікті жолдардың сапасын көтеру мақсатында бірқатар тиімді технологиялар жасалды.

Отандық ғылым саласында халықаралық тәжірибеге бағытталған оң іс-шаралар жүзеге асырылуда. Жылдан-жылға ғалымдарымыздың ғылыми мақалалары халықаралық Scopus және Web of Science базаларына кіретін рейтингі жоғары журналдарда жариялануда. Ғылыми жобалар конкурстарына да ғылыми негіздері рейтингі жоғары журналдарда жарияланған ғалымдар қатысуда. Халықаралық ынтымақтастықтағы ғылыми жобаларға қосымша қаражат қарастырылған. Ғылыми жобаларға белгілі шетелдік ғалымдар сараптама жүргізеді.

Ғалымдарымызға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік жасау, отандық ғылымның деңгейін тағы да бір сатыға көтереді. Әсіресе жас ғалымдарға қолдау көрсету ғылымымыздың болашағын ойлау деп білемін. Өз басымнан өткен оқиға есіме түседі. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары аспирантурада мен қисық сызықты газодинамика есебімен айналыстым. Ол жылдардағы өзекті мәселе ядролық жарылыс кезіндегі «соққы толқыны» процесі еді. Бұл сұрақтармен АҚШ-тың Лос-Аламос лабораториясындағы ғалымдар Thomson J.G., Warsi Z. A., Mastin C. W. айналысты. Осы лабораторияға барғым келеді деп жылда университет ректоратындағы халықаралық бөлімге өтініш жасайтын едім. Ол арман жас кезде орындалмады, бұл лаборатория құрамына кіретін Калифорния университетіне іссапармен барудың жолы 2014 жылы ғана түсті.

Жолдауда осы уақытқа дейін шешімін таппай қордаланған мәселе көтерілді. Жер қойнауының пайдалы қазбаларымен айналысатын кәсіпорындар тапқан табыстың 1% ғылым мен технологияны дамытуға бөлмей, қабылданған заң талаптарын орындамай келеді. Ендігі жерде бұл сұрақ шешімін табатын болды.

Алдағы уақытта ғылымға негізделген өнеркәсіпті дамыту үшін жоғары аталған бизнестің ғылымға бет бұруына қол жеткізу, ғалымдардың әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында мақсатты тағылымдамадан өтуі және бәсекеге қабілетті жас мамандар дайындау ісі бір-бірімен байланысқан жағдайда биік жетістіктерге қол жеткіземіз.

 

ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті,

физика-математика ғылымдарының докторы,

профессор, академик

Нұрлан Темірбеков