Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2020

Індетпен күресте іркілмеу керек

226 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жұқпалы індетпен күрес жұмысына салғырт қарап, босаңсуға болмайтынын бұған дейінгі жағдай әйгілеп бергені анық. Демек, отандық денсаулық сақтау саласы үшін сындарлы кезеңнің салмағы жеңілдеген жоқ. Оның үстіне мамандар коронавирустың екінші толқыны қайталануын болжап отыр. Әрі бұл жолғы індет екпінінің айтарлықтай ауыр болатыны жайында айтылуда.

Індетпен күресте іркілмеу керек

Індетпен күрес барысы Жеті­суда да күн тәртібінен түскен жоқ. Облыс аты жаман ауруға қар­сы күрес пен сақтық шараларын ширата түскен. Мәселен, індет­пен күрес шараларын же­тіл­діру үшін медициналық ұйым­­дардың материалдық-тех­ни­­калық базасын нығайтуға және коронавирустың екінші тол­қынына дайындыққа қажет мақсатқа облыстық бюджеттен 6,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржының қомақты бөлігі ком­пьютерлік томограф, пульсоксиметр, виброакустикалық ап­парат, рентген аппараты, ИВЛ, концентратор сияқты құрал-жаб­дықтар сатып алға жұмсалуда. Сонымен қатар дертті емдеумен айналысатын емханалар мен ауруханалардың аумағына кислород стансалары қойылуда. Тұр­ғындарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетудің сапасын арттыру үшін қосымша 140 жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарланып отыр. Мұнан бөлек, жұмыс істеп тұрған 8 ПТР зертханасының ауқымын күн сайын 3500 адамды қабылдауға дейін ұлғайту жұмысы жүріп жатыр. Қазір бұл орталықтар күніне 1500 адамға қызмет көрсету мүм­кіндігіне ие. Ал облыста 1 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар екен. Оған қоса тағы екі айлық қор болатын дәрі-дәрмекке тапсырыс берілген.

Айтпақшы, Талдықорған қала­сында инфекциялық аурухана құрылысы аяқталуға жа­қын. Жаңадан салынып жатқан инфекциялық аурухананың жаб­дықталуы, кадрлық қамтылуы да күн тәртібінде. Аталған ауруханада 452 медицина қызметкері үшін жұмыс орны ашылмақ. Жұмысқа қажет мамандардың бір бөлігі облыстағы медицина ұйымдарынан шақырылады. Сонымен бірге жоғары оқу орындарымен де келісімшарттар жаса­лып, жас мамандар тарту көз­деліп отыр.

Жалпы, індетпен күресте ай­мақ­­тағы екі көп салалы ауру­ханаға басымдық беріліп отыр екен. Оның бірі Талдықорғандағы көп салалы аурухана болса, екін­шісі Алматыдағы облыстық көп салалы клиникалық аурухана.

– Коронавирустың екінші толқынына толық дайын болу үшін өңірдегі ауруханаларды қа­жетті құрал-жабдықпен қам­тудамыз. Негізі салмақ Тал­ды­­қор­ған қаласы мен Алматы қала­сын­дағы көп салалы ауру­ханаларға түседі. Коронавирус ин­фек­циясы әсіресе, созылмалы аурулары бар сырқаттарға ауыр тиетіндіктен, инфекционистер ғана емес, басқа да маман дәрігерлердің дайындығы тексерілуде, – дейді облыс әкі­мінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

 

Алматы облысы