«Қоғамдық пікір сауалдамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет», деді Президент.
Негізі елімізде ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі бұрыннан бар. Елді мекендердегі мұндай саяси дода 2013 жылы басталған-ды. Төрт жылдан кейін, 2017 жылы 24 тамызда 14 облыстағы аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдарының әкімдері сайланды. Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметтеріне сәйкес сол кездегі сайлау науқанында ауыл әкіміне 4059 кандидат ұсынылып, олардың 3951-і тіркеуден өтіп, 1416 ауыл әкімі сайланды.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңа бастамасының бірнеше ерекшелігі бар. Бұған дейін ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депуттарының шешімі арқылы сайланып келген. Енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықта-
мақ.
Жалпы, дамыған елдерде мұндай тәсіл бұрыннан бар. Мәселен, АҚШ-та губернаторлар, қала мэрлерінен бөлек, елді мекендердің басшыларын дауыс беру арқылы анықтайды. Тіпті мұхиттың арғы бетінде жергілікті үндіс тайпаларының көсемдері сайлау арқылы анықталады. Жаңа Зеландияда да аймақтық, ауылдық әкімдерді тұрғындар сайлайды. Ендеше, Мемлекет басшысы айтқан бастаманы шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жүзеге асыруға мүмкіндік мол.
Осы орайда, ауыл әкімдерін сайлау барысында қандай түйткілдер тап келуі мүмкін? Аталған мәселеге қатысты заң жобасын қабылдағанда нелерді ескеру керек?
Белгілі заңгер, адвокат Абзал Құспан ауыл әкімдерін сайлау бастамасын қолдайтынын жеткізді. Бұл – бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе. Әйтсе де, осыған қатысты заңды қабылдағанда еліміздің аумақтық ерекшелігін ескеру керек.
«Әкімшілік іс жүргізу заңына, тұтынушылардың құқығын қорғау заңына, Қазақстан Республикасы Президенті туралы заңның талаптарына сәйкес, мемлекеттік органның басшысы, яғни ауыл әкімі міндетті түрде қазақ тілін еркін меңгеруі керек. Егер мұндай талап қоймасақ, солтүстік өңірлерде көптеген қиындық туындауы мүмкін. Мысалы, қазіргі таңда оңтүстік тұрғындарын солтүстікке көшіріп жатырмыз, шетелдерден қандастарымыз оралып жатыр. Олар қазақ тілін ғана меңгерген. Яғни әкім мен тұрғындар арасында түсініспеушілік
туындамауы тиіс», дейді А.Құспан.
Заңгердің пайымдауынша, ауыл әкімін тағайындау демократиялық өзгеріске жол ашады. Сондай-ақ халық өзі жақсы танитын, етене араласатын адамды сайлайды. Яғни керек сәтінде қолдап, кез келген уақытта арыз шағымын айта алады.
Мұндай пікірді «Жас заңгерлер палатасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тәжірибелі заңгер Сағидолла Баймұрат та қолдайды. Оның айтуынша, ауыл әкіміне сол аймақтан шыққан немесе сол өңірге қатысы бар адам сайлануға тиіс. Яғни елді мекеннің ерекшелігі мен ахуалынан хабардар үміткер ғана ауылды дамытуға мол үлес қоса алады.
Президент айтып өткендей, келер жылы бірнеше ауыл әкімінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Жоғарыда 2017 жылы 1416 ауылдың әкімі жанама дауыс беру арқылы сайланғанын айттық. Демек, келер жылы осынша елді мекенде саяси дода өткізуге тура келмек.
С.Баймұраттың сөзіне қарағанда, ауыл әкімдерін сайламас бұрын тыңғылықты дайындық қажет. Өйткені заң жобасын әзірлеуден бөлек ескеретін мәселелер жетерлік. Мәселен, ауылдардағы сайлау учаскелерінің комиссиялары қалай анықталмақ? Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына сәйкес, тұрғындар саны екі мыңға дейінгі ауылдарда сайлау комиссиясының құрамы 5 не 7 адам болуы тиіс.
«Елімізде шамамен екі мыңнан астам ауыл бар деп есептесек, осы елді мекеннің бәрінде сайлау бір мезгілде өте ме, әлде кезең-кезеңімен ұйымдастырыла ма? Оның бәрін қамтуға Орталық сайлау комиссиясының мүмкіндігі жете ме? Бұл да ескеретін мәселе. Меніңше, ең саналы шешім – сайлауды әр аймақта бөлек уақытта өткізу қажет. Мәселен, бірінші үлкен мегаполистердің айналасындағы, экономикалық белсенді ауылдарды қамтыған жөн. Содан кейін облыстық маңызы бар қалалар маңындағы елді мекендерде ұйымдастыру керек», дейді С.Баймұрат.
Осы орайда ескере кететін бір мәселе бар. Қазіргі таңда елімізде 2253 ауылдық округ бар. Солардың 549-ы ғана бір ауылдан құралған. Ендеше, нақты ауылдар саны одан да көп (6789 ауыл). Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы ауылдардың жартысына жуығының ғана дамуға әлеуеті бар. Мұндай жағдайда солардың бәрінде сайлау өткізу қажет пе, жоқ па? Оның бәрін қамтуға қыруар қаражат кететіні түсінікті.
«Елімізде нақты қанша елді мекен бар? Қанша ауыл дамып келеді, нешеуі тозған? «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заңға сай, «ауыл – халқының саны кемінде 50 адам болатын, олардың кемінде жартысын ауыл, орман және аңшылық шаруашылығымен, бал ара шаруашылығымен, балық аулау мен балық өсіру шаруашылығымен айналысатын қызметкерлер, олардың отбасы мүшелері және денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт мамандары құрайтын елді мекен». Елімізде бұған қанша елді мекен сай келеді? Мұны да анықтау керек. Егер дәл қазіргі ауылдардың контингентін есепке алсақ, ауыл әкіміне кім сайлануы тиіс деген сұрақ туындайды. Ендеше, «Әкiмшiлiк-аумақтық құрылыс туралы» заңнан бөлек, «Сайлау туралы» заңға да күрделі өзгеріс енгізуге тура келеді», дейді С.Баймұрат.
Белгілі заңгер, адвокат Абзал Құспанның айтуынша, ауыл әкіміне үміткерге қойылатын талапты жеңілдету керек. Мәселен, мемлекеттік лауазымды қызметке тағайындалуға қажетті жоғары білімді болу міндетін өзгерту қажет деп есептейді.
«Ауыл әкіміне үміткерден жоғары білім талап ету қажетсіз деп ойлаймын. Оның орнына орта және арнаулы білім жеткілікті. Өйткені ауылға саясаткер емес, шын мәнінде іскер, тірліктің көзін таба білетін, сол ауыл тұрғындарының жағдайын жетік білетін әкім керек. Егер қазақ тілін білуді міндеттеп, білімге қойылатын талапты жеңілдетсек, өңірлердегі беделді және белсенді азаматтардың ауыл тізгінін ұстап, дамытуына зор мүмкіндік берер еді», дейді А.Құспан.
Сондай-ақ А.Құспанның пайымдауынша, бір адамның бірнеше рет ауыл әкімі лауазымына сайлануын шектеу дұрыс емес. Оның орнына, белгілі мерзімнен кейін оның өкілеттілігі аяқталып, жаңадан сайлау өткізіп отыру керек. Бұл қадам тұрғындардың ауыл әкімі жұмысын бағалап, дауыс беру кезінде ескеруіне мүмкіндік бермек. Дегенмен «Жас заңгерлер палатасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағидолла Баймұрат бұл пікірмен мүлдем келіспейді. Оның айтуынша, ауыл әкімдерін сайлау туралы заңға түрлі шектеулер енгізу қажет.
Қазіргі таңда ауыл әкімдері өзі жауапты өңірді дамытып, кем-кетігін жөндеудің орнына, аудан мен ауыл тұрғындары арасындағы байланысшы ғана іспетті. Адвокат А.Құспанның сөзіне қарағанда, бұдан шығатын бір жол бар.
«Ауыл әкімі жанынан қоғамдық кеңес құрылуы қажет. Яғни ауыл тұрғындары ішінен комиссия жасақталуы тиіс. Бұл мекеме ауылдағы өзекті мәселелерді ақылдасып шешіп отырғаны жөн. Мәселен, ауыл тұрғындарынан түсетін арыздардың басым бөлігі атаулы әлеуметтік көмекке қатысты. Қазір оны аудан шешетіндіктен, кім құжатқа пысық, сол жәрдемақы алып отыр. Ал шын мұқтаждар көлеңкеде қалып кетеді. Әкім сайлауды ауыл тұрғындарының өзіне жүктедік пе, ендеше, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау да әкім жанынан құрылатын кеңеске жүктелуі қажет», дейді А.Құспан.
Түрлі мәселелерге қарамастан, екі заңгер де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдерін сайлау туралы бастамасы өте дұрыс шешім деп есептейді. Бұл қадам тұрғындардың еліміздегі саяси ахуалға белсене араласып, мемлекеттің дамуына үлес қосуына септігін тигізбек. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында үлкен өзгерістің іргетасын қалап берді. Бастысы, сең қозғалды. Ендігі мәселе – қоғамның талап-тілегін ескере отырып, жан-жақты талдау жасап, алдағы қабылданатын заң жобасын тыңғылықты әзірлеу. Бұл – уақыттың еншісіндегі шаруа.