Экономика • 04 Қыркүйек, 2020

«Көлеңкелі экономикамен» күресу көлеңкемен күресу емес

361 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ресми дерек бойынша еліміздегі көлеңкелі экономикадағы қаржының көлемі былтыр ішкі жалпы өнімнің 25 пайызына тең болды. Ал бірқатар сарапшы бейресми деректер бойынша оның көлемі ІЖӨ қаржысының жартысына тең екенін, тіпті 60 пайызына жуықтайтынын айтады. Күні кеше Президент Қ.Тоқаев та Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осы мәселеге арнайы тоқталды.

«Көлеңкелі экономикамен» күресу көлеңкемен күресу емес

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, EQ

– Сарапшылардың айтуынша, еліміздің ішкі жалпы өнімінің үштен біріне жуығы есепке алынбай, көлеңкеде қа­лып келеді. Бұл бюджет қар­жысын арттыруға мүм­кін­дік берер еді, – деді Прези-
дент. 

«Көлеңкелі экономика» сы­байлас жемқорлыққа жол ашып отырғаны жасырын емес. Сол себепті Президент Қар­жы министрлігіне қарас­ты экономикалық тергеу қыз­метінің жұмысы негізінен «кө­леңкелі экономикамен» кү­ресу екенін ескертті. Ал оған қарсы күрес қалай жүр­гізілуі керек.

GSB UIB директоры, эконо­мист Мақсат Халық: «Биыл ІЖӨ көлемі 70 трлн тең­гені құрайды деген болжам жасалып отыр. Яғни был­тырғы көрсеткіштен бір­шама жоғары болуы мүмкін. Күні кеше Президент «кө­лең­келі экономиканың» көлемі ІЖӨ-нің үштен біріне тең екенін айтты, бұл ресми мәлімет. Бейресми дерек одан әлдеқайда жоғары, тіп­ті 50-60 пайыз деген де бол­­жам бар. Егер бұл дерек шын­дыққа жанасатын бол­са, онда аса көп қаражат – 30 трлн теңгеден артық ақша «көлеңкелі» айналымда жүр деген сөз. Осынша қар­жы ашық айналымға шық­са, онда бюджеттің де табы­сы ар­тып, тапшылық болмас еді. Сырт­тан қарыз ал­май-ақ біраз мәселені елі­міз­дегі ақша­мен де шешуге мүм­кіндік туар еді», дейді.

Сарапшының пайым­да­у­ынша, «көлеңкелі эконо­ми­каға» қарсы күрестің ең тиімді, дамыған елдерде тәжі­­рибеден өткен тәсілі – цифр­­лы технологияларды мей­­лінше көп пайдалану. Мә­селен, Қазақстанда бюджеттен бөлінген қара­жат­тың игерілу барысына да ашықтық жетіспейтіні бел­­гілі. Бір ауыл­да аурухана не­месе мектеп салу керек болса, бөлінген қаржы сол ауыл­дың бюджетіне бірден түсуге тиіс. Арада ешқандай делдалдар, «шапка» алушылар болмауы керек. Барлық сату-сатып алу операцияларында адами факторды барынша азайтып, цифрлы технологияларды пайдаланған
жөн.

Тағы бір айта кетерлігі, М.Халық салық орган­дары бірінші кезекте ірі кә­сіп­орындардың жұмысына ара­ласпауы керек деп санайды. Себебі адами қарым-қаты­нас­тар неғұрлым көбейген са­йын соғұрлым сыбайлас жем­қорлы фактілері де жиілейтіні тәжірибеде талай дәлелденген.

– Салық органдарына оларды барып тексеруге, қоңырау соғып шақырып алуы­на тыйым салынуы керек. Әрине, бұл үшін алдымен ком­паниялардың жұмысы да ашық болғаны жөн, – дейді сарапшы.

М.Халықтың пікірінше, жалпыға бірдей табыс декларациясын да іс жүзіне асы­ратын уақыт жетті. Бұл  «кө­леңкедегі» қаржының «жарыққа» шығуына, айна­лым­дағы ақша көлемінің артуына ықпал етеді.

Белгілі экономист Сапарбай Жобаев айтқандай, ірі компаниялар ғана емес, шағын және орта бизнесте де табысын жасыру, өнім көлемін немесе баға­сын арзан­датып көрсету белең алған. Мәсе­лен, азық-түлік шы­­ғару­шылар­дың өзі дүкен­дер­ге өткізген тауарын азай­тып көр­сетіп, үстіндегі қол­ма-қолма қол табысын қал­таға басуы үй­рен­­шікті жағдай деуге болады. Салықты аз төлеу, өн­дірісті де азайтып көрсету, жұ­мыс­шы­ның санын да, оларға төлей­тін жалақыны да кемітіп көрсету, еңбекақыны конвертпен беру күнделікті көз алдымызда болып жатқан, бәрімізге таныс жайттар. Ең аяғы көшеде қол көтерген адамдарды іліп әкететін таксис­тер де «көлеңкелі экономикаға» еңбек сіңіріп жатыр деуге болатындай.

Сарапшылар келтірген дәйек­ке орай тағы бір айтпай кетуге бол­майтын мәселе халықтың мен­талитетіне қатысты.

– Еуропаның дамыған ел­дерінде «көлеңкедегі» қар­жы­ның үлесі 2-3 пайыздан аспайды. Оларда сыбайлас жемқорлықтың да деңгейі төмен. Ал біздің елде сыбайлас жемқорлық деңгейі де жоғары, «көлеңкедегі» ақша да көп. Шетелдіктер мейрамха­на­ға барса да, қонақүйге түссе де түбіртек талап етеді. Қазақ­стандықтар болса, таксимен жүрсе де, көлігін жөндетсе де түбіртек сұрамайды. Дүкенде де түбіртек талап ету әлі жаппай әдетке айнала қойған жоқ. Негізі «көлеңкедегі» қаржының көбеймеуіне халықтың өзі, әрбір азамат мүдделі болуы керек. Өкінішке қарай, біздің халық көп нәрсені жаба салуға бейімдеу.  Еуропалықтар дүкенде түбіртек бермесе, басқа да заңға қайшы әрекеттерді көрсе, оған ескерту жасауға тиісті орындарға хабар­лауға дайын тұрады. Бізде бұл ұсақтық саналар еді. Бұл менталитеттен арылуымыз керек, – дейді С.Жобаев.

GSB UIB директоры М.Ха­лықтың да пікірі осыған орайлас. Дегенмен халықтың санасын тәрбиелеудің де жолдары бар.

1

– Жақында зерттеу жүр­гізу барысында Қытайдың тәжірибесіне назар аудардым. Супермаркеттерде әр тауарға қосымша құн салығы 12 пайыз деп көрсетіледі ғой. Сол чектің суретін түсіріп, тиісті орындарға жіберген азаматтардың есепшотына сол 12 пайыздың 2 пайызына тең қаржыны кері аударады екен. Қазақстанда да осыған ұқсас тәжірибелерді енгізсек, онда әр азамат қосымша табыс табу үшін тауар алған сайын түбіртек талап етуді әдетке айналдырар еді. «Көлеңкедегі» ақшаның «жарыққа» шығуына бұл да әсер ететіні сөзсіз. Негізі, осындай әдісті біздің банктер біртіндеп меңгеріп жатыр. Қазір сауда жасағаны үшін түсетін бонустар соның бір көрінісі, – дейді сарапшы.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы, Нұр-Сұлтан сияқ­ты ірі қалалардағы қоғамдық көлік­терде электронды жолақы билетін беру енгізіле бастаған-ды. Бұл жаңашылдықты ел бірден қабылдай қойған жоқ, оны енгізу жұмыстарында да олқылықтар болғаны жасырын емес. Алайда уақыт өте келе бұрын қала әкімдігінен субсидия алып отырған автопарктердің шынайы табысы жоғарылағаны белгілі болды. Жаңа жүйенің жолаушыларға тиімділігі бай­қалды. Сарапшылар осы тектес жаңа жүйелердің көбеюі «көлең­келі нарықты» біртіндеп ығыс­тыратынын айтады.

Сөз басында айтып өткені­міздей, «көлеңкелі экономи­каның» көлеміне қатысты пікір­лер арасында алшақтық бар. Ресми дерекке, яғни Қаржы ми­нистрлігі келтірген мәліметке иек артсақ, 2016 жылы ол ІЖӨ-нің 29 пайызына тең болса, былтыр 24 пайызға төмендеді. Үш жыл ішінде оның саудадағы үлесі 10,7 пайызға, көлік пен қоймалауда – 17 пайызға, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 9,7 пайызға, құрылыс саласын­да – 8,3, өнеркәсіпте 6,5 пайызға кеміпті. 2025 жылға қарай «көлең­келі экономиканың» үлесін ІЖӨ-нің 20 пайызына тең көрсеткішке дейін төмендету көзделген.