Пікір • 04 Қыркүйек, 2020

Ақша-несие саясаты сенімге негізделуі керек

1087 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент биыл Жолдауда ақша-несие саясатына деген сенімді арттыру керектігін айтты. Өткенге көз жүгіртсек, бұған қатысты тапсырмалар алғаш рет беріліп отырған жоқ. Бұл шын мәнінде өте қажетті шара.

 

Ақша-несие саясаты сенімге негізделуі керек

Сондықтан Ұлттық банктің құрамынан Ақша-несие саясаты комитетін құру туралы шешімнің қабылдануы құптарлық қадам деп есептеймін. Бір қарағанда сенім деген сөздің қаржы саласына қатысы жоқтай көрінеді. Бірақ ақша-несие саясатына деген сенім экономикалық ғылымның бір бөлігі болып табылатынын ұмытпайық.

Ел халқының ақша-несие саясатына деген сенімі жоғары болса, ұлттық валюта да тұрақтылығын сақтайды. Жергілікті тұрғындар сенім артқан соң, шетелдік инвесторлардың көкейінде ешқандай күдік қалмайды. Өкінішке қарай бұған дейін орын алған девалвациялардың салдарынан республиканың ақша-несие саясатына деген сенім тіптен құлдырап кетті. Адамдардың артылған ақшаны теңгемен емес, доллармен сақтауға тырысатыны да сондықтан. Ал теңге мен долларды салыстырар болсақ, біздің валютаның кірістілігі әлдеқайда жоғары.  Соны біле тұра, тұрғындар шетелдік валютаға иек артады. Ақша-несие саясатына деген сенімнің төмендігін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Мемлекетіміз бұрын ішкі ақша-несие саясатына назар аударса, бұл жолы сыртқы саясатқа көңіл бөліп отыр. Тектен тек емес, әрине. Ұлттық банк те соңғы жылдары осы бағытта жемісті жұмыс істеп келеді. Соның нәтижесінде қазір бас банктің жұмысы әлдеқайда ашық бола түсті. Мұны нарықтың кәсіби ойыншылары да байқап, бағалап отыр.

Шетелдіктердің ақша-несие саясатына деген сенімін арттыру қашанда маңызды. Себебі біз әлі күнге дейін сын-тегеуріндерден арылмаған қауіп­ті нарыққа жатамыз. Десе де қазір Қазақстандағы ғана емес, тұтас әлем­дегі жағдай мәз емес. Егер жағдай рет­тел­се, шетелдік инвесторлардың біздің елге қаржы құюына әсер ететін бір фак­тор бар. Ол – Қазақстандағы база­лық мөлшерлеменің жоғарылығы. Қазір базалық мөлшерлеме 9 пайызды құ­рап отыр. Демек кірістілік жоғары. Ірге­міздегі Ресейде, басқа да дамушы на­рық­тардағы базалық мөлшерлеме біз­бен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Президент айтқан кешенді шаралар бір айда, бір жылда жасалатын дүниелер емес. Ол әрдайым сақталуға тиіс ұзақмерзімді үрдіс. Нарықтағы жағдай ашық болуы керек. Қаржылық реттеушінің ашықтыққа көңіл бөліп отырғаны қуантады.

 

Олег ЧЕБОТАРЕВ,

қаржы сарапшысы