Қоғам • 04 Қыркүйек, 2020

Алматыда зиялы қауым өкілдері Президент Жолдауын талқылауда

406 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жұмыс сапары барысында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен бірге Алматының ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" Қазақстан халқына Жолдауындағы басым міндеттерге тоқталды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда зиялы қауым өкілдері Президент Жолдауын талқылауда

Кездесуді ашқан Мемлекеттік хатшы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы - бұл пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайындағы Қазақстанның жаңа әлеуметтік-экономикалық даму бағыты екенін атап өтті. Алдағы барлық өзгерістер мемлекеттің жұмыс істеу тиімділігін арттыруға, өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге  бағытталған.

Қырымбек Көшербаев қазіргідей күрделі кезеңде зиялы қауым  дағдарыстық жағдайлардың алдын алуда, халықтың жаңа бірегейлігін қалыптастыруда өзіндік рөл атқаруы тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте, жаңа кезеңнің сын-қатерлерін ескере отырып, бірінші кезекте,  ұлы Абайдың баға жетпес мұрасын қайта зерделеу, зиялы қауымның ұлттың жаңа рухани қасиеттерін қалыптастырудағы миссиясын терең түсіну қажет.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыруда оның мазмұнын байытып, серпін беру керек. Мысалы, халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау және қорғау мәселелерін құқықтық реттеу бойынша ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен тұратын жұмыс тобын құру қажет.

Дағдарыс дәуірінде  және алдағы болашақта ұлттың дамуының негізі ең алдымен отбасы мен отбасылық тәрбие болуы керек. Орта мектептерде отбасылық құндылықтарға бағдарланған арнайы пәндерді енгізуді қарастырудың, жастарды отбасылық тәрбиелеудің жалпыұлттық әдістемесін әзірлеудің уақыты келді.

"Ел Президенті Жолдауда белгілеген келелі міндеттер мен басым бағыттарды баршаңыз тыңдадыңыздар. Соның ішінде, бүгін біз сіздермен "Ұлттың жаңа болмысы" бағыты бойынша жан-жақты ой қозғап, пікір алмасуды ұсынамыз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда "Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру екенін атап өтіп, ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керектігін, қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс екенін айтты. Олар "Рухани жаңғыру" бағдарламасына жаңа тыныс, жаңа өзгерістер әкелуі керек деп ойлаймыз.

Мемлекет басшысы жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғанын, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажеттігін, кез-келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асыруды, сондай-ақ темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керектігін алға міндет етіп қойды. Сонымен қатар әділдіктен айнымауды, әділдік  – қоғам дамуының маңызды шарты, әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет екеніне тоқталып, "бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз", деп атап өтті Қ.Көшербаев.