Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2020

Түркістанда Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші қойылады

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында жаңадан пайдалануға берілген музыка мектебінің алдына вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші қойылады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев "Ақжайық" музыкалық мектебіне барған сапарында, сондай-ақ өнер ордасының материалдық-техникалық базасын күшейтуді тапсырды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші қойылады

Заманауи үлгіде салынған нысанда 120 бала өнердің 18 түрінен дәріс ала алады. Атап айтқанда, мұнда оқушыларды домбыра, фортепиано, скрипка, баян, саксафон, қобыз, гитара, ұрмалы аспаптар, вокал, жетіген, ксилофон, литавра сияқты музыкалық аспаптарда ойнауға баулиды. Қазіргі таңда, аталған сыныптарға дарынды балаларды іріктеу арқылы қабылдау жұмыстары басталып кетті. Мектепте жас  өнерпаздарға консерватория түлектері ұстаздық етеді. Яғни, кәсіби музыкалық білімі мен шеберлігі жоғары мамандар мұғалім ретінде қабылдануда. Келешекте үлгерімі жақсы шәкірттерден жоғары деңгейлі оркестр құрылатын болады.

Қос қабаттан тұратын сәулетті ғимарат музыкалық аспапта сабақтар өтуге барынша лайықталған. Мәселен, мектептегі барлық оқу сыныптары аккустикалық заңдылықтарға сай жабдықталып, әрбір сыныптарға дербес компьютерлер мен интерактивтік тақталар орнатылған. Одан бөлек, өнер ордасында арнайы оркестр, хор кластары мен конференц залдары және 550 орындық үлкен концерт залы қарастырылған.