Елорда • 05 Қыркүйек, 2020

Нұр-Сұлтанда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері басталды

598 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада "Хан Шатыр" сауда ойын-сауық орталығының жанында Түркістан және Алматы облыстары әкімдігінің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұр-Сұлтанда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері басталды

Нұр-Сұлтанда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері басталды, барлық санитарлық нормалар сақталады. Жәрмеңкелер әр демалыс сайын өтеді. Бүгін Түркістан және Алматы облыстары 800 тоннадан астам өнім әкелді. Атап айтсақ: ет, сүт, балық өнімдері, көкөністер, жемістер, консервілер және т.б. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тауарлардың бағасы нарықтық бағадан 15-20% төмен.

"Мұндай ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу әлеуметтік маңызы бар өнімдерді төмендетілген бағамен сатуға мүмкіндік береді. Қала тұрғындары тарапынан сұраныс бар. Мұндай жәрмеңкелерді әр демалыс сайын өткізетін боламыз. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру үшін сауда желілерін жеңілдікпен несиелеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл 16 түрлі өнімнің бағасын сақтап тұруға мүмкіндік береді. "Айналым тетігі" жобасына бірқатар ірі сауда желілері мен базарлар қатысады. Олар тонна өнім сатып алу үшін, біз оларға қаражат бөлеміз. Бұдан басқа, тұрақтандыру қоры құрылды.

1

Карантин кезінде қатаң санитарлық нормаларды сақтау керек екенін есте ұстаған жөн: маска тағу, қолды антисептикпен өңдеу және қашықтықты сақтау. Жәрмеңке аумағында қашықтықты сақтау үшін сызықтар сызылды, адамдар ағыны шектеліп, жәрмеңкеге бір бағыттан кіріп, екінші бағыттан шығу қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысқаны үшін облыстардағы әріптестеріме алғысымды білдіремін", – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Қала тұрғындары ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін өткізудің маңызды екенін атап өтті.

"Өткен күзде қалада жәрмеңкелер өткізіліп, Қазақстанның барлық облыстары келді. Мен өзім тұрақты келемін. Бұл жерден әрқашан жаңа өнімді нарықтық бағадан төмен бағамен сатып ала аласыз", - деді қала тұрғыны Елена.

12 және 13 қыркүйекте жәрмеңкеге Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстары өз өнімдерін әкеледі.