Адамның ойлағаны бола бермейтін тәрізді. Кіндік қаны тамған Подгорный ауылының жанында биік шоқы бар. Шоқы үстіне шықсаңыз, Жақсының жалпақ даласы алақанға салғандай көрінеді. Әсіресе сарыала күзде көрген жақсы. Сан түске боянып, сары сағым ойнап тұрған кең далада жанарыңды тоқтататын қарасын аз. Құдды біреу ұшы-қиырына көз жетпейтін жалпақ даланы әлденеше түрлі бояумен бояп тастағандай көрінетін. Осы бір сурет көкірегінде жатталып қалыпты. Бала да болса даланың кеңдігін түйсінген. Сары сағымның арғы жағында қандай тіршілік бар екен, кімдер тұрып жатыр екен деп ойлайтын. Білмекке құмар көңілмен тезірек ержетсем, көруге мүмкіндік бұйырар деуші еді.
Бұйырмады. Жетінші сыныпта оқып жүргенде көз алды кіреукеленіп, жанар оты суала бастады. Бұл өңірде балалардың көз дәрігері де жоқ қой. Аудан, облыс орталығынан медет іздеген. Бірақ сырқаттың түп себебі анықталмады. Анықталмаған соң емдеу де мүмкін емес. Бала қиял көңілде бұйығып қала берді. Көк аспанда қыран құстай зауламақ түгіл қара жерді нық басып жүрудің өзі арманға айналды.
Әйтсе де мұқалған жоқ. Тағдырдың салған ісіне тастай берік болды. Орта мектепті аяқтаған соң массаж курсына түскен. Аз уақыттың ішінде адам денесіндегі ағзаға әсер ететін нүктелерін, оған әсер ету жолдары сияқты қыр-сырын меңгеріп алды. Толайым зерттеген адамға бұл біртұтас ғылым екен. Ендігі мамандық осы тарапта болған соң жатпай-тұрмай ізденуге тура келген. Екінші топтағы мүгедек Александр Федорчук осылайша аудан орталығындағы спорт мектебінің білдей қызметкері болып шыға келді.
Жақсы ауданында спорт тәп-тәуір дамып, кең өріс жайып тұр. Бұқаралық спортқа жергілікті кәсіпкерлер де көңіл бөледі. Жақсыдағы спорт мектебі облыстағы маңдайалды ұжымның бірі. Әсіресе боксшылар мен балуандар аудан атын шығарып тұр. Әлем чемпионы Дина Жоламанованың жалғыз өзі неге тұрады. Динаға еліктеген боксшы қыздар облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Сашаның міндеті – жаттықтырушылармен бірге спортшыларды дайындау. Жеңсе менің де үлесім бар дегендей шаттыққа бөленеді.
– Адам ешқашан ұнжырғасы түсіп, мойымауы керек деп білемін, – дейді Саша, – ешкімге масыл болмай, алға ұмтылсаң ғана табысқа жетесің. Мен Жақсының спортшыларына жанашыр жан ретінде жан-тәніммен қызмет еткенді қалаймын. Олардың жалауы желбіресе, баптауға атсалысқан менің де мерейім өсіп қалады. Бұл жер жастардың қажыр-қайраты, күш-қуаты атойлап тұрған орын. Сондықтан спорт мектебінің қабырғасының өзінен-ақ көкірегіме қажыр-қайрат құйылғандай сезінемін.
Орда бұзар отыздағы азамат басына түскен бесбатпан жүкпен жағаласып-ақ келеді. Жеңілмек емес. Қазір ақ-адал жұмысы арқылы ай сайын тәп-тәуір еңбекақы алып отыр. Өзінің айтуына қарағанда, жанарынан жасқанып, жер таянып қалса, азаматтығына сын.
Бір кезде өзі көргісі келген, сырын ұққысы келген сайын даланың сайыпқыран ұлдарымен бірге еңбек етіп жатқанын тағдырының тамаша сыйы деп біледі. Жаратқаннан одан артық не тілесін?!
Ақмола облысы,
Жақсы ауданы