Қоғам • 07 Қыркүйек, 2020

Ауылға 6 миллионның әжетханасы қажет пе?

602 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Катонқарағай ауданының Берел ауылына қойылған санитарлық-гигиеналық торапты дәретхана халық арасында әртүрлі пікір туғызып жатыр. Даулы пікірге өзек болған негізгі мәселе – дәретхананың құнында. Екі кабиналы дәретхана бағасы 6 млн теңгеге жуық. Шекараға таяу ауылдардағы еңселі үйдің өзі 6 млн теңге тұрмаған соң тұрғындардың күмәнмен қарауы да қисынды.

Ауылға 6 миллионның әжетханасы қажет пе?

Президенттің де «Үкіметке қағазбастылық пен бюрократияға салынбай, Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ұсыныстарды бір ай мер­зімде жан-жақты пысықтауды тап­сы­рамын. Соның нәтижесі бойын­ша нақты шаралар кешені жаса­луға тиіс. Негізгі мақсат – жемқорлықтың тамырына балта шабу, оны түбегейлі жою» дегені бар емес пе?!

Әлеуметтік желіде пікір қал­ды­ру­шылардың арасында «бар­мақ басты, көз қысты жоқ па?» дегендей сауалдар кездескен соң біз де өз тарапымыздан мәселенің анық-қанығына көз жеткізбек болдық.

– Мұндай әжетхана салғанша Ақ­қайнар, Қызыл жұлдыз, Қа­йың­­ды ауылдарына жол салынса, Берел музейінің тұсынан Бұқ­­тыр­­маға аспалы көпір тартыл­са, турис­­тер үшін әлдеқайда тиім­ді болар еді, – дейді қоғам белсен­дісі, журналист Дарын Нұрсапаров.

Әрине Бұқтырманың оң жаға­лауын­дағы жолдың республика­лық маңызы болмаған соң асфальт төселмегені рас, төселуі де екіталай.

Даудың басы әжетхана құры­лы­сына жауапты мекеме­де болса керек деп, «Жарма Құрылыс Газ» ЖШС басшылығына хабарласқан едік. Катонқарағай ауданындағы әжетханалардың жұмысымен айналысып жүрген аталған мекеме басшысы Виктор Исабаевтың айтуынша, тек дәретхана құны 3 млн теңгенің төңірегінде.

– Жіліктеп айтар болсам, кабинаның ішінде су жылытуға арналған бойлеры, екі унитазы, қол жуғыштары бар. Едені шірімеуі үшін алюминийден төселген. Барлығы да сапалы. Ал қалған қаржы смета құжаттарына сәйкес тиісті жеріне жеткізілуіне, орнатылуына жұмсалады. Оның ішінде жұмысшылардың еңбегі, экскаватор сынды техникалардың қызметі бар, – деп түсіндірді В.Исабаев.

«Kazakh Tourism» ұлттық компа­ниясы» акционерлік қоға­мы қыз­меткерлері: «Шығыс Қазақ­стан облысының 8 ауданына рес­пуб­ликалық бюджеттен 104 млн теңге бөлу арқылы 17 санитарлық-гигиеналық торап (СГТ) орнату жоспарланған. Бүгінге дейін 5 СГТ орнатылып, пайдалануға беру үшін электр желісін жеткізу күтілуде. Бұл па­вильондарды биыл 10 қыр­күйекте электр желісіне қосу жос­парланған» дейді.

Әзірше санитарлық-гигие­на­лық торап Катонқарағай ауда­­ны­­ның Приморск ауы­лын­­­­дағы жағажайға, Үл­кен Н­а­рын ауылындағы «ЗНП» жа­­нар-жағармай құю стан­сасы­ның жанына, республикалық күре жол­дан Сөгір ауылына бұры­лыс­та, Б­ерел ауылына және Берел қо­рық-мұ­ражайы жаққа орнатылды.

– Берел ауыл болғанмен, бұл жаққа бергісі батысымыздан, арғысы шетелден туристер көп келеді. Мейлі шетел, мейлі өзі­міз­дің туристер келсін, сани­тар­лық-гигиеналық тораптың бол­ғаны дұрыс. Салынған әжет­ханалар қараусыз қалмайды. Ол жағын ойластырып қойдық. Ал облыс орталығынан Берелге дейін жол сайрап жатыр, – дейді Катонқарағай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев.

Сайып келгенде дәл осындай заманауи жылы дәретханалар Катонқарағай ауданына ғана қойылмайды. Облыстық туризм және сыртқы байланыстар бас­қармасы мамандарының ай­туынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясын­да Алакөл демалыс айма­ғы мен Абай ауданындағы Қоңыр­­әулие үңгірінің маңына, Сібе көліндегі муниципал­ды жағажайға, Глубокое ауданын­дағы «Алтай Альпісі» тау шаңғы­сы курортына және Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай ата ес­керткішінің жанына да қойы­лады. Жалпы саны туристік рек­реа­циялық аумақтарға 17 дә­рет­хана салу қолға алынған.

 

Шығыс Қазақстан облысы