Саясат • 07 Қыркүйек, 2020

Түйткілдер түйінін тарқатқан тұжырымдамалық құжат

158 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне келіп, зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.

Түйткілдер түйінін тарқатқан тұжырымдамалық құжат

Суретті түсірген Мұхтар Холдорбеков

Бас басылымның қабырғасында ұйымдастырылған жүздесуге Мәжіліс депутаттары, танымал ақын-жазушылар, ғалымдар, жоғары оқу орны басшылары, журналистика ардагерлері, белгілі зиялы қауым өкілдері қатысты. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы 11 бағыт елдің әл-ауқатын дұрыстап, мемлекеттің дамуына жаңа серпін беретіні анық. Осы 11 бағыттың қай-қайсысы болса да қарапайым халықтың ертеңін ойлаған шаралар деп айтуға болады. Әрине індет басталғалы өмір-салтымыз өзгеріп, өзгеше өмір сүруге бейімделдік. Солай бола тұра, пандемия кезінде ұлт болып ұйысқанымызды, ел болып қалыптасқанымызды көрсете біл­дік. Әрқайсымыздың бойымызда бұрын көрінбей жүрген, білінбей келген қайы­рым­дылық, бауырмашылдық, жомарттық сынды қасиеттер оянды.

Бірақ пандемия кезінде бұқаралық ақпа­рат құралдары арқылы ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатсақ та, кей кезде тәртіпке бағынбайтын тұстарымыз да кері әсерін тигізгенін көріп отырмыз. Абай атамыздың заманынан бері айтылып келе жатқан ысырапшылдық, дарақылық, жалқау­лық, жауапсыздық сынды жағымсыз әдеттер­ден әлі де арыла қойған жоқпыз, – деді А.Балаева.

Ведомство басшысының айтуынша, осы оғаш қылықтар туралы ел Президенті биылғы Жолдауында да айтқан болатын. Ендігі мақсат – сана-сезімді өзгерту, жаңа, жаңғырған ұлттың болмысын қалыптастыру. Бұл ретте, министр бұл жұмыстарды атқару барысында кездесуге қатысушылардың рөлі үлкен екенін айтып, оларға зор сенім артатынын жеткізді.

– Президент айтып кеткен жаңа қасиеттерді әр қазақстандық азамат өз бойында тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін жұ­мы­ла жұмыс істеп, айқын мақсатқа талпыну қажет. Бұл жұмыстарды қалай ұйымдас­ты­ра­тынымызды, қандай іс-шаралар атқарып, ақпараттық жұмыстардың мазмұнын қалай өзгертетінімізді бірлесіп ақылдасамыз деген сенімдемін, – деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, Мемлекет бас­шы­сының биылғы Жолдауын барынша тиімді жүзеге асыру үшін бастысы бір­лескен әрекет пен жұдырықтай жұмылған жұмыс қажет.

– Бұл жиын індет белең алғалы бері ұйым­дастырылған жүздесулердің ауқым­дысы деп білемін. Себебі қазір көп басқо­сулар онлайн режімде өтіп жатыр. Бүгінгі жиынға ел ағалары, қоғамның тамырын тап басатын жазушылар, ақындар, зия­лы қауым өкілдері, университет ректоры, халық қалаулылары, баспасөз құ­рал­дарының өкілдері қатысып отыр. Сон­дықтан бұл талқылаудың мән-маңызы жоғары болады деп сенемін. Президент Жолдауда «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр» деп атап өтті. Билік пен қоғам арасындағы диалог туралы баса айтты, – деді «Egemen Qazaqstan» рес­пуб­ликалық газеті» акционерлік қо­ға­мының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.

 Билік пен халықтың арасында алтын арқау болып жүрген азаматтар ретінде ең алдымен депутаттарды айтуға болар еді. Елдің сөзін сөйлеп, мұңын жеткізіп жүрген де осы депутаттар.

– «Жолдау не  үшін жасалады?» деген мәселеге тоқталатын болсақ, әрбір Жолдау реформаларды жүзеге асыру үшін қажет. Себебі әр заманның өзіндік талаптары, өзіндік сұраныстары болады. Сол мәселелердің шешімін табу үшін де осындай Жолдау керек. Солай бола тұра, осы Жолдауда бір сабақтастық бар. Мәселен, Президент осыдан бес жыл бұрын Елбасы жолға қойған «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспарында» көтерілген мәселелерді әрі қарай жүзеге асырудың жолдарын ұсынып отыр. Соның ішінде кәсіби Үкіметті қалыптастыру да, тиімді экономика құру да, ұлттық құндылықтарды ұмытпау да бар. Президент «Біздің түйткілді  тұстарымыз бен кемшіліктерімізді жақсы білеміз» деді. Бұл менің ойымша қоғамды ойландыратын мәселе. Үкімет, билік оны білмей отырған жоқ. Барлығын біліп, көріп, соны шешу жолдарын айтып отыр.

Кей кездері асыққан да, кешіккен де зиян. Алайда бүгінгі жиынның өзі дер кезінде жасалып отыр. Себебі кей кездері кешігіп қабылданған шешімнің өзі жай ғана зиян емес, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді. Сондықтан алғашқылардың бірі болып осындай жиынды баспасөз құралдары, зиялы қауым өкілдері жасап отырғаны өте құптарлық,– деді Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай.

Депутаттың айтуынша, кез келген мем­лекеттің жұмыс істеуі үшін тиімді экономикасы, қоғам сенім артатын заңы болуы керек. Бұл ретте депутат осы заң шығару мәселесіне де тоқталып өтті. Себебі Жолдауда да заңнама мәселесіне қатысты қаншама жақсы ұсыныстар айтылған еді. Оны жүйелі жүзеге асыру бүкіл корпустың емес, ең алдымен әр депутаттың әрекетінде тиімділік болуы керек.

– Бұл Жолдаудың ең алдымен ха­лық­тың мүддесіне бағытталғаны анық көрініп отыр. Осыдан бір жыл бұрынғы Жолдауында Мемлекет басшысы «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасы туралы айтқан болатын. Соның біз ұстанымға, биліктің жұмыс істеу прин­ципіне айналып келе жатқанына куә болдық. Сөздің іске айналғандығының куәсіміз. Аз уақыттың ішінде көптеген қорда­лан­ған мәселелер көтерілді. Сол мәселе­лердің барлығын барынша жылдам шешуге назар аударылды.

Ендігі күні билік пен халықтың ара­сын­дағы байланыс үнемі үзілмеуі тиіс. Отандастарымыздың ойын, жанайқайын ести білетін, жүйелі жұмыс жасайтын механизм болуы керек. Оны жасайтын саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, қо­ғамдық бірлестіктер, Мәжіліс пен мәслихаттар. Міне, бұл Жолдауда осы ұйымдарға баса назар аударылды. Олар­дың құзыреті артып, қосымша құқық берілетіні туралы да білдік, – деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов.

Сөз соңында университет ректоры Аида Балаеваға «Абай академиясы» аясында жарық көрген кітаптарды тарту етті.

– Бұл Жолдаудың ерекшелігі сол – биыл халқымыз оқиғадан оқиғаға соқтығып, оның үстіне әлдемдегі індет еңсемізді басып тұрған кезде жасалынды. Қазір халықтың көңілі көп нәрсеге алаңдайды. «Қытай сияқты миллиардтаған санымыз да жоқ. Отандастарымыз осы індеттен опат болып кетпей ме, ел не болады?» деген ойлар әр адамды толғандырып отыр. Жолдауды Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мәселеден бастады. Індеттің кезінде билік халықтан ешнәрсені жасырмағанын, елмен бірге күрескенін жеткізді.

Жолдау – елдің ішінде қайнап жатқан түйткілдердің барлығына жауап берді деп сенемін. Жолдау туралы алуан түрлі пікір айтып жатқандар бар. Біліп айтатындар да, даурығып айтатындар да бар. Сондықтан биылғы Жолдауды талдап, тереңнен толғанып қарайтын бол­сақ, алдағы уақытта мүлде жаңа өзгеріс әке­ле­тін құнды құжат екенін түсінеміз, – деді Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіп­бек Айтұлы.

Оның айтуынша, бұл Жолдау ұлттың тағ­дырын, халықтың жағдайын қалай шешу мә­­селелері өте кемелдікпен, жан-жақты ой­­ла­­нып барып айтылуымен, келешектің көк­­жие­­гіне баратын жолды айқындауымен құнды.

– Аида Ғалымқызы бүгінгі сөзінде «БАҚ жайында, ақпарат жайында ашық айтып отырсаңыздар» деді. Осының өзінен-ақ журналистиканың, баспасөздің қоғамдағы орны айқындалып тұр. Себебі қоғамда нендей дүние атқарылатын болса, сол ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарында таратылады. Соның таратылуы қандай деңгейде, көптің көңілінен шыға ма, ондағы айтылатын сөздің көкейге қонуы қалай, ұғынықты ма деген мәселерді шамамыз келсе ашық айтуымыз керек. Жолдауды алдымен тікелей эфирден көріп, тыңдадым. Радиодан естідім. Келесі күні «Egemen Qazaqstan» газетінен оқыдық. Газеттен оқығанның жөні бір бөлек. Себебі теледидардан көріп, радиодан естіп көп дүниені ұғына алмайсың. Әрине, көресің, ақпарат аласың. Бірақ «Egemen Qazaqstan» газетін оқып, астын сызып отырмасаң ойға оңайлықпен қонбайды.

Жолдауда барлық мәселені қамту қиын. Дегенмен, қазір денсаулық сақтау саласының жұмысы аса маңызды болып отыр. Сонымен қатар пандемияның кесірінен еліміздің білім беру саласы да тығырыққа тіреліп тұр. Әсіресе мектеп оқушыларына оңай болмайтыны анық. Кей облыстарда тіпті оқушылардың 7 пайызы ғана мектеп табалдырығын аттаған екен. Осы жылдарда елімізде қандай керемет мектептер салынды. Соларды оқушыға толтырудың орнына бір үйдің бес баласын бір компьютерге телміртіп қойып, қарап отырмыз. Осындай өзекті мәселелерді де ұмытпау қажет. Мемлекет басшысының Жол­дауын түсіндіруде, халыққа жеткізуде, елге на­сихаттауда бұқаралық ақпарат құ­­рал­­дарының, соның ішінде осы бас басы­лы­мының маңызы зор, – деді журналис­тика ардагері, ғалым Намазалы Омашев.

Оның айтуынша, Жолдауды насихаттау, түсіндіру ісінде теледидар мен басылымдардан бөлек, радионың мүмкіндігін де барынша тиімді пайдаланған жөн.

– Жолдауда көп нәрселер айтылды. Жолдауда айтылған мәселелерді орындау бар да, оны қадағалау тағы бар. Жолдауда айтылып жатқан дүниелер орындалуымен қатар, тиянақты қадағаланып жатса, біраз нәрсеге қолымыз жеткен болар еді. Әсіресе Жолдауды насихаттау, түсіндіру барысында осындай олқылықтар орын алады. Халыққа керісінше Жолдауды барынша қарапайым, түсінікті тілмен жеткізген маңызды. Биылғы Жолдауда Президенттің ойы өте жақсы, түсінікті айтылды. Соның ішінде мемлекеттік қызметкерлерді 25 па­йыз­ға қысқарту мәселесі маңызды деп са­най­мын. Оның орнына Мемлекет басшысы ай­тып өткендей қоғамдық кеңестердің санын арттырған абзал. Осы ұсыныс халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын.

Сонымен қатар Қазақстандағы әр алтыншы отбасының ұрпақсыз отырғаны жаныма батты. Осы мәселені шешуге қатысты ел Президенті ұсынған бастамаға халық қатты қуанып жатыр. Осындай дүниелер халыққа тиянақты, жеткілікті түрде айтылды деп ойламын, – деді жазушы-драматург Роза Мұқанова.

Қаламгердің пікірінше, айтыла беретін сын да, мін де көп болады. Ең бастысы, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы халықтың мүддесін көздеп, жағдайын жақсартуға бағытталған.

– Өткен ғасырдың 50-жылдарының аяғында КСРО-дағы туудың ең жоғары көрсеткіші қазақ әйелдеріне тиесілі еді. Кейін біз осы үрдістен жаңылып қалдық. Соны қалпына келтіруіміз қажет. Бүгінде көрші Өзбекстан халқының 30 мил­лионнан асып кеткенін білеміз. Осы орайда біздің елімізге де белгілі бір шара қабылдап, олқылықтың орнын толтыру қажет. Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауда елдегі демогра­фия­лық ахуал мәселесін алдыңғы орынға шығарып, ұрпақ­сыз отырған жұптарға қомақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Қуа­нар­лық жағдай. Сонымен қатар «Сер­пін» бағдар­ламасына да баса назар ауда­руымыз қажет. Оңтүстік өңірдегі қаракөз­дерімізді еліміздің өзге өңірлеріне көшіріп, көптеген мәселенің басын ашып алуға болады. Сондықтан халық саны да, демографиялық ахуал мәселесі де Прези­дент Жолдауында жарқын көрініс тапқа­нына аса қуаныштымын, – деді тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяған.

Ғалымның айтуынша, еліміздегі демо­гра­­фиялық мәселені жүйелі шеше алатын бол­сақ, халық өсімі де тұрақтанатын болады.

– Мемлекет басшысы былтырғы Жол­дауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған болатын. Сол жылдың өзінде көптеген өзекті мәселелер шешілді. Он шақты жылдан бері қабылданбай келген «Ардагерлер туралы» заңды қабылдадық. Яғни заңнамалық тұрғыдан былтырғы Жолдауда айтылған дүниелерді Парламент толығымен қамта­масыз етті. Биылғы Жолдауда да алды­мызға үлкен міндеттер қойылып отыр. Көптеген заң қабылданатын болады, – деді Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман.

Дептутаттың айтуынша, Парламент депутаттары әсіресе әлеуметтік желіде көп сыналады. Теледидардан көріп бірауыздан дауыс берді деп сынап жатады. Шын мәнінде негізгі талқылау жұмыс топтарында, комитеттерде өткізіледі.

– Бүгін өте жақсы ойлар айтылды. Пікірлерде де белгілі бір үйлесім болды. Ең бастысы, Жолдаудың мазмұны мен оның жүзеге асу мәселесі үйлесімді болса, мемлекеттік аппарат пен қоғамдық қарым-қатынастың арасында үйлесім болса, әр адамның ішкі дүниесінде, сөзі мен ісінде үйлесім болса көп нәрсеге қол жеткіземіз деп сенемін, – деді А.Балаева.

Жиын соңында министр «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымымен, жас журналистермен жүздесті. Ведомство басшысы ұжымның жұмысына жоғары баға беріп, бас басылымды мұқият қарап отыратынын атап өтті.

 – Жұмыс күніміз бас басылымға шолудан басталады. Еліміздегі аптаның әр күнінде шығатын бірден-бір газеттің мазмұны да өте терең. Жақсы мақалаларды өзіме түртіп қоямын. Әлеуметтік желілерде де «Egemen Qazaqstan» газетінің материалдарын жиі бөлісіп жүремін. Соның ішінде, Абай атамыздың 175 жылдығына арналған мақалаларда керемет ойлар айтылып жүр. Бас басылым қазір қоғамдағы түйткілді тақырыптарды қозғап, талай мәселенің басын ашып отыр, – деді министр.

Кездесу барысында Аида Балаева еліміздің жүзжылдық жылнамасы бар бас басылымның ақпарат айдынындағы қызметіне жоғары баға беріп, «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымына автокөлік тарту етті.